Үкімет

Экономикалық даму: Инфляция, республикалық бюджеттің кірісі мен шығысы

2019 жылғы қаңтар-сәуірдегі елдегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мәлім болды. 4 айдың қорытындысы бойынша негізгі серіктес елдерде экономикалық өсу жалғасуда. Тауар нарықтарында жағдай салыстырмалы түрде тұрақты. 4 айда мұнайдың орташа бағасы барреліне 65 доллардан асты, ал металл бағалары төмендеу үрдісін көрсетіп отыр. Халықаралық саудадағы протекционизм күшейе түсуде. Жаһандық трендтер осындай екенін Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтып берді. Толығырақ келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан14 Мамыр , 11:36

Руслан Дәленов айтқандай,  қаңтар-сәуірде жалпы ішкі өнімнің өсуі 4,0% дейін үдеді. Қаңтар-наурызда ол 3,8% құраған болатын. Серпін өңдеу өнеркәсібіндегі, қызмет көрсету саласындағы үдеумен, сондай-ақ құрылыс пен ауыл шаруашылығындағы тұрақты қарқындармен қамтамасыз етілген.

«Инфляция деңгейі жоспарланған дәлізде. Жыл басынан бері ол 1,8%, жылдық мәнде – 4,9% құрады.Инвестициялар серпіні жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынынан асып түседі. Өсу 6,7% құрады. Ауыл шаруашылығында, құрылыста және өнеркәсіпте инвестициялар айтарлықтай өсті.Халықаралық резервтер осы жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 86 млрд. долларды құрады», - деді Р.Дәленов.

ӨНЕРКӘСІП

Сондай-ақ, қаңтар-сәуірде өнеркәсіп өндірісі 2,9% өсті. Өсу өңдеу өнеркәсібіндегі озық қарқындар есебінен қамтамасыз етілді.

«Кен өндіру өнеркәсібінде өсудің баяулауы жалғасуда. Өсу үш айдағы 4,8% қарағанда 2,6% құрады.Мұндай үрдіске негізінен мұнай өндіру серпінінің теріс аймаққа ауысуы ықпал етті. Есепті кезеңде оның көлемі 1,1% қысқарды. Ал 1 тоқсанда 2,7% деңгейінде өсу болған. Төмендеу сәуір айында Қашаған кен орнында мұнай өндірудің қысқаруымен байланысты, ол жүргізіліп жатқан жоспарлы-алдын алу жұмыстары салдарынан болды», - деді ол.

Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінде өсуге бағытталған тренд сақталып отыр. 4 айда шығарылым 3,5% дейін ұлғайды. 1 тоқсанда өсу 1,6% құраған болатын.

«Өңдеу қарқынының артуына мұнайды қайта өңдеудегі, машина жасаудағы, сусындар өндірудегі өсіудің үдеуі, сондай-ақ фармацевтиканың плюстік аймаққа шығуы әсер етті.Бұл ретте металлургия өнеркәсібінде жағдай жақсарып келеді. Теріс мән осы жылғы қаңтардағы (-12,5%) қаңтар-сәуірде (-1,5%) дейін қысқарды», - деді ол.

ҚҰРЫЛЫС

Сонымен қатар, құрылыстағы серпін тұрақты. Құрылыс жұмыстарының көлемі 8,4% өсті.

«Бұл көп жағдайда өнеркәсіп объектілерінің, автомобиль жолдары, газ құбырлары, тұрғын үйлер мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы бойынша жұмыстар көлемінің ұлғаюына байланысты», - деді министр.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Министр атағандай, ауыл шаруашылығы тұрақты өсу қарқынын ұстап тұр. Өндіріс көлемі 3,6% артты. Өсу мал шаруашылығының 3,7% ұлғаюынының есебінен қамтамасыз етілді. Бұл ретте, өсімдік шаруашылығы өткен жылғы деңгейде сақталды.

КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕР САЛАСЫ

«Өсудің жеделдеуі көрсетілетін қызметтер саласында байқалады. Есепті кезеңде ол 1 тоқсандағы 3,7% қарағанда 4,2% өсті. Іс жүзінде осы сектордың барлық салаларында серпіннің үдеуі байқалып отыр.Сауда – көрсетілетін қызметтер сегментінде өсудің алдыңғы қатарында. Оның өсуі 7,3% деңгейінде тіркелді. Бұл негізінен автокөлік құралдарын, автоқосалқы бөлшектерді, мұнай өнімдерін және жанар-жағар май сатуды арттырумен байланысты», - деді министр.

Сондай-ақ, көлік саласында 4,8% дейін үдеу тіркелді. Аталған салада әуе көлігінің жүк айналымы 1,9 есеге, автомобиль көлігінің жүк айналымы 9,7% өсті.

СЫРТҚЫ САУДА

Р.Дәленов атағандай, осы жылғы қаңтар-наурызда сыртқы сауда айналымы 20,4 млрд. долларды құрады.

«Экспорт көлемі 13,3 млрд. долларды құрады. Мұнай мен металдарды қоспағанда экспорттық жеткізілімдердің өсуі екі таңбалы санға жетті – 19,8%.Импорт 2,7% төмендей отырып, 7,0 млрд. долларды құрады», - деді ол.

ӨҢІРЛЕР

Р.Дәленов айтып өткендей, өнеркәсіп бойынша Қызылорда, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстары теріс мән көрсетті. Бұл ретте Қызылорда мен Батыс Қазақстан облыстарында осы жылғы 1 тоқсанмен салыстырғанда құлдырау артты.

«Ауыл шаруашылығы бойынша Манғыстау облысынан (-0,1%) басқа барлық өңірлерде оң үрдіс сақталуда.Құрылыс бойынша Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола және Маңғыстау облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы артта қалған өңірлердің қатарында қалуда. Ақмола облысынан басқа, аталған өңірлерде теріс мән қысқарып келеді.Негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша артта қалған өңірлердің тізімін Маңғыстау облысы толықтырды. Қысқару қарқындары Шымкент және Нұр-сұлтан қалаларында, сондай-ақ Ақмола облысында сақталып отыр», - деді ол.

Сонымен қатар, бірқатар өңірлер бірден бірнеше көрсеткіш бойынша жақсы серпінді көрсетіп отыр. Бұл Қостанай, Атырау, Павлодар, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстары.

«Мәселен, Қостанай облысында инвестициялар, құрылыс, тұрғын үйлерді пайдалануға беру, өнеркәсіп, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы салалары бойынша айтарлықтай өсу байқалады.Атырау облысынан басқа қалған өңірлерде инфляция орташа республикалық мәннен төмен болып тіркелді.Жалпы, осы жылғы 4 айдың қорытындысы бойынша кен өндіру өнеркәсібін қоспағанда, көптеген көрсеткіштер бойынша жақсару байқалады.Екінші тоқсанда бірқатар салалар бойынша экономикалық белсенділік күшейе түсуде. Сондықтан, осы тоқсанда мынадай аспектілерге баса назар аудару қажет», - деді Р.Дәленов.

Министр  алдағы 2 ай инвестициялар мен құрылыс үшін шешуші болып табылады, өйткені осы кезеңде құрылыс секторында номиналды жалпы қосылған құн едәуір ұлғаятынын айтты.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, сондай-ақ көрсетілетін қызметтерді (туризмді) экспорттау үшін маусым ашылады. Ішкі сұранысты ынталандыру үшін бюджеттік инвестицияларды тез игеруді және мемлекеттік сатып алуды жүргізуді жүзеге асыру қажет», - деді ол.

 Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі  Әлихан Смайылов Үкіметті ағымдағы жылдың 4 айындағы ҚР Мемлекеттік бюджетінің орындалуы туралы хабардар етті.

«Есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке  3 трлн.993 млрд.теңге түсімдер жиналды.Шығыстар 4 трлн.128 млрд.теңгеге атқарылды.Бюджет тапшылығы 134 млрд.теңгені құрады.1 мамырға 316 млрд.теңге кассалық қалдықтар қалыптасты», - деді Ә.Смайылов.

Министр  мемлекеттік бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) есептілік кезеңнің жоспарына қарағанда 103,9%-ке, олардың ішінде республикалық кірістер – 100,9%-ке, жергілікті бюджеттер – 113,5%-ке асыра орындалғанын айтты.

«Республикалық бюджетке 2 127 млрд.теңге кірістер түсті. Бұл жоспардан 19 млрд.теңгеге, ал былтырғы жылдың төрт айының көрсеткішінен 345 млрд.теңгеге  артық. Өсу қарқыны 119,4%.Артық орындалу сомасы негізінен салықтық емес түсімдерге – 13 млрд.теңге.Олардың ішінде 4,1 млрд.теңге мемлекеттік меншіктен түскен кірістерге, 7,4 млрд.теңге  айыппұлдарға, өсімдерге келеді», - деді ол.

Сондай-ақ, министр   салықтар  4,3 млрд.теңгеге асыра орындалғанын жеткізді.

«Іште өндірілетін тауарларға салынатын қосымша құн салығы жоспардан 15 млрд.теңгеге, табиғи және басқа да ресурстарды пайдаланғаны үшiн түсетiн түсiмдер – 6,5 млрд.теңгеге, халықаралық сауда мен сыртқы операцияларға салынатын салықтар – 17 млрд.теңгеге артық орындалды.Бірақ та, корпоративтік табыс салығы – 17 млрд.теңгеге, импортқа салынатын қосымша құн салығы – 21 млрд.теңгеге орындалмады.Корпоративтік табыс салығының жоспарының орындалмауына  әлі де болса екінші деңгейдегі банктердің табыстарының төмендеуі, банкроттыққа ұшырауы, лицензияларды кері қайтарып алуы себеп болуда», - деді министр.

Одан басқа,  уран және тау-кен өндіруші компаниялардың  өткізу бойынша айналымдарының, табыстарының төмендеуі де әсер етті.

«Жергілікті бюджетердің өз кірістері  91 млрд.теңгеге артығымен орындалып, 761 млрд.теңгені құрады.Асыра  орындалу сомасының 74 млрд.теңгесі жергілікті салықтарға келеді.Манғыстау облысы (90,9%) және Шымкент қаласында (89,6%) кірістердің жоспары орындалмады.Қалған өңірлерде кірістердің жоспары артығымен орындалды.  Олардың ең ірі сомалары Алматы қаласында (41 млрд. теңге) және Атырау облысында (23 млрд.теңге) қалыптасты», - деді ол.

Сондай-ақ,  мемлекеттік бюджет шығыстары 97,8%-ке, республикалық – 98,3% және жергілікті бюджеттер -  98%-ке атқарылды.

«Республикалық бюджет шығыстары 3 647 млрд.теңгені құрады. Бюджет қаражаты  65 млрд.теңгеге атқарылмады.Бұл сома өткен жылдың   тиісті кезеңімен салыстырғанда 32 млрд.теңгеге  аз . Оның  10 млрд.теңгесі үнемдеу болады. Ал, игерілмеу сомасы 55 млрд.теңгені құрады.  Негізгі себептері: мемлекеттік мекемелердің қайта құрылуы (таратылуы), конкурстық процедуралардың ұзақ және  уақытылы өткізілмеуі, жұмыстардың белгіленген кестеден қалуы, келісім-шарттар мен қосымша шарттардың қазынашылық органдарына тіркеуге кеш әкелінуі», - деді ол.

Министр айтып өткендей,  жергілікті бюджеттердің шығыстары  1 405 млрд.теңгеге игерілді.  

«Атқарылмау сомасы 29 млрд.теңгені құрады.  Бұл былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 5 млрд.теңгеге көбірек.Неғұрлым көп игерілмеу келесі өңірлерде қалыптасты:  Маңғыстау облысы – 9,8 млрд.теңге, Шымкент қаласы - 3 млрд.теңге, Атырау облысы – 2,3 млрд.теңге.Ағымдағы жылы жергілікті бюджеттерге берілетін нысаналы трансферттердің көлемі 1 638,2 млрд.теңгені құрайды.Жақындағы бюджетті нақтылау кезінде нысаналы трансферттердің сомасы  873 млрд.теңгеге ұлғайды», - деді ол.

Сондай-ақ, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары  есепті кезеңде жергілікті бюджеттерге  266 млрд.теңге бөлінгенін айтты.

«Оның ішінде 13 млрд.теңге  жаңадан бөлінген қаражаттар атаулы әлеуметтік көмекке және  тұрғын үйді салуға аударылды.Алдын ала деректер бойынша   жергілікті атқарушы органдармен олардың  96,5% -і игерілді, яғни 256,8 млрд.теңге.  9,4 млрд.теңге орындалмаған, оның ішінде  1,4 млрд.теңге үнемдеу. Жұмыстардың бекітілген кестеден қалуына,  шот–фактуралардың уақтылы ұсынылмауына, қосымша келісімдер жасасу рәсімдерінің ұзақ өткізілуіне және  мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілмеген конкурстарға  баланысты 8  млрд.теңге игерілмеген», - деді министр.

Сондай-ақ,   ол  ең көп игерілмеу қалыптасты: Шымкент қаласы – 1,8 млрд.теңге, Манғыстау – 0,8 млрд.теңге; Атырау – 0,7 млрд.теңге, Нур-Султан қаласы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Түркістан областарында  – 0,6 млрд.теңгеден.

Министр  4 айдың  қортындысы бойынша камералдық бақылаумен жалпы сомасы 3 трлн. 603 млрд.теңгеге  592 мың мемлекеттік сатып алу процедуралары қамтылғанын айтты.

«Тексеру қорытындысы 11 855 процедура бойынша сомасы 191 млрд.теңгеге мемлекеттік сатып алу заңнамасының бұзушылығы анықталды.Осы бұзушылықтарды жою үшін аудит объектілеріне 11 758 хабарлама жолданды.175 млрд.теңгеге бұзушылықтар түзетілді.Осымен қатар, 1 139 аудиторлық іс-шаралар жүргізілді.Олар 234 млрд.теңге бюджет қаражатын қамтыды.32 млрд.теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды», - деді ол.

Сондай-ақ,  тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу, есеп бойынша көрсету жолымен 27,6 млрд.теңгеге қаржылық бұзушылықтар қалпына келтірілді.

«Аудит объектілерінің қызметтерін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 980 ұсыныс берілді. Олардың 566 орындалды.Аудиттің қорытындылары бойынша сомасы 19,1 млрд.теңгеге 157 материал процессуалды шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды», - деді ол.

Ал ҚР Премьер-Министрі Асқар Мәмин  экономика өсімінің оң қарқыны сақталғанын атап өтті.

ЖІӨ өсімі биылғы қаңтар-сәуір айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4% құрады. Құрылыс 8,4%-ға, сауда-саттық 7,3%-ға, көлік саласы 4,8%-ға, машина жасау 19,8%-ға, оның ішінде автомобиль өнеркәсібі 45,8%-ға, металл кендерін өндіру 14%-ға, мұнай өңдеу 9,1%-ға және жеңіл өнеркәсіп 27,4%-ға өсіп, экономиканың негізгі драйверлеріне айналды.

«Осы қарқынды сақтап қана қоймай, экономиканы одан әрі дамыту бойынша шараларды да қабылдау қажет», — деп тапсырды ҚР Премьер-Министрі.  

Негізгі базалық көрсеткіштер бойынша экономика өсіміне Шығыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан, Павлодар, Атырау облыстарында қол жеткізілген. Өз кезегінде, Маңғыстау, Ақмола облыстарының және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне ҚР Үкіметінің басшысы құрылыс, инвестициялар, өнеркәсіп және тұрғыс үйді пайдалануға беру көлемдерін арттыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

«Төмендеуге жол берілген өңірлердің әкімдіктері жоспарлы көрсеткіштерге шығуы қажет, ал көш бастап тұрған өңірлер қолда бар қарқынды төмендетпеуі керек», — деді Асқар Мамин.  

Осы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша республикалық бюджетке кірістер — 2,1 трлн теңгені, өсім қарқыны 119,4% құрады. Есепті кезеңде республикалық бюджетті игеру 98,3% құрады.

 ҚР Премьер-Министрі А. Мамин бағдарламалардың бірқатар әкімшілерінде бақыланған, бюджеттің толық орындалмауына байланысты жұмысты күшейтіп, бюджет қаражаттарын уақытылы игеруді қамтамасыз етуді тапсырды.  

ҚР Үкіметінің басшысы мәселені қарау қорытындысын шығара отырып, экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

«Қолда бар қорларды тиімді пайдалану қажет. “Нұрлы жол”, “Нұрлы жер”, Индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын және басқа да салалық мемлекеттік бағдарламалардың сапалы әрі толық іске асырылуын қамтамасыз ету қажет», — деп А. Мамин.

Сондай-ақ, А.Мамин   орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға экономиканы дамыту қарқынын жеделдету үшін барлық күш жігер жұмсауды тапсырды.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика