• Басты
  • Композитор Кеңес Дүйсекеев өмірден өтті
9 Шілде, 2020 18:08

Композитор Кеңес Дүйсекеев өмірден өтті

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев бүгін қайтыс болды.
Композитор Кеңес Дүйсекеев өмірден өтті

Кеңес Дүйсекеұлы Дүйсекеев 1946 жылы 10 ақпанда Қызылорда облысында дүниеге келген. Композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері (1994 ж.). Алматы консерваториясын бітірген (1974 ж.). 1974-1976 жылдары “Гүлдер” ансамблінің бас дирижері және музыка жетекшісі, 1976-1979 жылдары “Қазақконцерт” гастрольдік-концерт бірлестігінің музыка жетекшісі, 1975-1984 жылдары Қазақ теледидары музыка редакциясының бас редакторы болып қызмет атқарған. Дүйсекеевтің жетекшілігімен “Тамаша”, “Халық — талант қайнары”, “Шабыт”, “Жастарға арналған музыкалық кештер”, “Музыка әлемінде”, т.б. теледидарлық бағдарламалар шығарылды. 1984- 1997 жылдары Қазақстан мемлекеттік телерадио комитеті эстрадалық-симфония оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болды. 1997 жылдан “Қазақконцерт” гастрольдік-концерт бірлестігінің көркемдік жетекшісі. Ол – “Толғау” симфониясының (1984), “Жалаңтөс батыр” симфония поэма-картинасының (1996), “О, дүние” кантатасының (1997), “Жыл мезгілдері” романстар циклінің (1991), “Мәди”, “Аққу Жібек” мюзиклінің, “Алдар көсе” опереттасының, симфония-концерттер, аспаптарға арналған концерттер, камералық оркестрге шығармалар, соната, рапсодия, вариациялар және 200-ден астам әндердің авторы. Дүйсекеев әндерін Р.Рымбаева, Н.Есқалиева, М.Жүнісова, А.Мейірбеков, Н.Өнербаев, М.Дәулетбақова, т.б. әншілер орындап жүр.

Жұбайы - Дүйсекеева Баян Кеңесқызы (1947 ж.т.), республикалық медициналық училищесі педагогы.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Кеңес Дүйсекеевтің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.

Белгілі өнер саңлағы, әйгілі композитор Кеңес Дүйсекеевтің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Қазақ музыка өнерінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген атақты композитордың шығармалары, әндері мен әуендері туған халқының жадында, жұртының жүрегінде мәңгі сақталатыны ақиқат. Композитор Кеңес Дүйсекеев "Гүлдер" ансамблінің бас дирижері және музыка жетекшісі, "Қазақконцерт" бірлестігінің музыка жетекшісі, Қазақ теледидары музыка редакциясының бас редакторы сияқты жауапты басшылық қызметтерді атқара жүріп, артына мол шығармашылық мұра қалдырды. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Пейіште нұры шалқысын, - деп жазды ол.

Strategy2050.kz ұжымы марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыға ортақтасып көңіл айтады.

Барлық жаңалықтар