• Басты
  • Үкіметтік емес ұйымдар грантқа үміткер болмас бұрын қоғамға тиімділігін дәлелдеу керек – Алтынай Нұркеева

Үкіметтік емес ұйымдар грантқа үміткер болмас бұрын қоғамға тиімділігін дәлелдеу керек – Алтынай Нұркеева

1 Наурыз, 2021 12:14

27 ақпан - дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні. Қазақстанда 30 мыңға жуық осындай ұйымдар тіркелген. Осы айтулы күнге орай Strategy2050.kz тілшісі «Социум-зерттеу» стратегиялық орталығының басшысы Алтынай Нұркеевамен қоғамдық бірлестіктің жұмысы туралы сұхбаттасты.


Алтынай Талегенқызы, Сіз басқарып отырған «Социум» зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігінің 2015 жылдан бергі зерттеулерінің бағытына тоқталып өтсеңіз.

Біздің орталық 2015 жылдан бастап жұмыс істейді. Ең басты бағыттары – мониторинг және бағалау. Мемлекеттік бағдарламалар, жобаларға, сондай-ақ мемлекет қаржысының жұмсалуына мониторинг жасаумен айналысады. Мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығына да бағалау жасайды. Соңғы кезде біз алған тағы бір бағыт, ол – мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын бақылау. Осы бағыттар бойынша жұмыс жасаймыз. Мемлекеттік сатып алу бойынша Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында, сонымен қатар өңірлерде семинар-тренингтер ұйымдастырамыз. Журналистерге, қоғам белсенділеріне мониторинг қалай жүргізетінін көрсетеміз. Қазіргі уақытта ашықтық жолында пайдалы, қолжетімді қандай ақпараттық ресурстар бар екенін айтамыз. Қазақстанның әр азаматы мемлекет қаржысының қайда жұмсалатынын арнайы ресурстар арқылы біле алады. Бірақ жолын білмейді. Біз семинар-тренингтерде сол жолды көрсетеміз.

Сіз басшылық ететін зерттеу орталығында қанша адам жұмыс істейді? Арнайы ғимаратта отырасыздар ма?

Кез келген мемлекеттік емес ұйымның штаты аз адамнан тұрады. Бізде бір басшы, бір есепші, екі менеджер бар. Пандемия кезінде онлайн бағытта жұмыс істеуге көштік. Бір жылдың ішінде осындай форматта жұмыс істеуге әбден үйрендік. Қазір біз өткізіп жатқан семинар тренингтердің бәрі онлайн өтеді.

Мемлекет тарапынан гранттар алып тұрасыздар ма?

Біздің ұйым әзірге мемлекеттік гранттарға өтініш берген жоқ. Мемлекеттік болсын, шетелдік болсын гранттар үкіметтік емес ұйымдардың тиімділігіне, қоғамға тигізетін пайдасына қарай берілу керек деп есептейміз. Сол критерийлерді ескеріп грант ұсынылу керек деп ойлаймын. Осы ретте біз бірлестігіміздің жұмысын көрсетіп, қаншалықты нәтижелі мониторингтер жасағанымызды көрсеткеннен кейін гранттарға үміткер бола аламыз деп ойлаймын. Қаржы мәселесіне асқан жауапкершілікпен қарауды жөн санаймын.

Қоғамдық кеңес мүшесі ретінде жергілікті мемлекеттік органдармен тығыз байланыстасыз ба? Қандай мәселелерді көтеріп жүрсіздер?

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қоғамдық кеңес мүшесімін. Жеке өзім ұсынған 3 тақырып бойынша ұдайы қоғамдық мониторинг жүргізіліп отырады. Біріншісі - газ мәселесіне қатысты мониторинг. Себебі, бұл қаладағы ең ауқымды, бұрын-соңды болмаған жоба. Өткен жылы іске қосылуы тиіс газдандыру жұмыстары бірнеше кезеңнен тұратын жұмыстарды аяқтаса да, әлі толық іске қосылмай отыр. Осы салада мониторинг жүргіземіз. Келесі үлкен мәселе – бюджетке қатысу. Нұр-Сұлтан қаласының төрт ауданында бюджетке қатысу бойынша жобалар іске асырылып жатыр. Осы жоба аясында бірнеше мониторинг жүргізіп жатырмыз. Біз әріптестерімізбен қаланың бюджеттік бағдарламаларына бақылау жасаймыз. Мемлекеттік органдармен байланыс туралы айтар болсам, мен egov порталын қатты ұнатамын. Жеке басым мемлекеттік қызметтің бәрін осы портал арқылы аламын. Қызметіме байланысты мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнатамын. Байланыстың кез келген түрі ашық түрде, іскерлік стильде болғанына назар аударамын. Сондықтан кез келген өтінімді ээлектронды Үкімет порталы арқылы жіберіп отырамын.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа қандай жобалар кіреді және оларға мониторинг қандай мақсатта жасалады?

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс – заң бойынша мемлекеттік қаржыландырудың бір көзі. Бірнеше бағытты қамтиды. 2006 жылдан бастап осы бағытта мониторинг жүргізіліп келе жатыр. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты бақылау жұмыстарына тек біз емес, басқа да ұйымдар араласады. Біздің ұйымның 2016 жылы жүргізген мониторингі аясында бірнеше ұсыныстарды жіберген болатынбыз. Араға екі жыл салып мемлекеттік органдар біздің ұсыныстарды қабыл алды. Біз кейбір әлеуметтік маңызды жобаларды бір жылға емес үш жылға қаржыландыруды ұсынған едік. Біздің осы ұсынысымыз енгізіліп, көптеген мемлекеттік жобалар жыл сайын емес, әр үш жыл сайын қаржыландырылатын болды. Бұл ең алдымен бюджет қазынасы үшін тиімді. Мемлекеттік ұйымдар қаншалықты ашықтықты қамтамасыз етеді, соған да назар аударамыз.

Сұхбаттасқаныңызға рақмет! «Социум-зерттеу» стратегиялық  орталығы қоғамдық бірлестігінің жұмысына сәттілік тілеймін.


Барлық жаңалықтар