• Басты
  • Үкіметте әуе билеттерінің бағасын төмендету мәселесі қаралды
7 Қазан, 2019 14:36

Үкіметте әуе билеттерінің бағасын төмендету мәселесі қаралды

Осы жылғы 8 айының қорытындысы бойынша қызмет көрсетілген жолаушылар саны 6,3%-ға өсті, 5,6 млн. жолаушы тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес көрсеткішінен 1,8%- ға артық.Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Азаматтық авиация мәселелері бойынша өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында мәлімдеді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі. 
Үкіметте әуе билеттерінің бағасын төмендету  мәселесі қаралды

Соңғы 7 жылда транзиттік жолаушылар саны 45 есеге артты. Біз ағымдағы жылы аталған көрсеткішті 1 млн. транзиттік жолаушыға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз", - деп атап өтті министр.

Бүгінгі күні ИКАО стандарттарына сәйкес ұшу қауіпсіздігі деңгейі бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында 74% көрсеткішпен II-ші орынды иеленеді, әуежайлардың қауіпсіздік деңгейі 83%-ды құрайды.

Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік саласындағы жетістіктері 2019 жылдың 24 қыркүйегінде ИКАО Кеңесінің марапатымен атап өтілді.

Ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап мемлекеттің 100% бақылауындағы «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» акционерлік қоғамы жұмыс істей бастады.

«Осы ұйымның негізгі функциялары авиакомпаниялар мен әуе кемелерін техникалық бақылау және қадағалау, ИКАО стандарттарына сәйкес персоналды оқыту болып табылады. Компания басшысы ретінде азаматтық авиация саласындағы тәжірибелі шетелдік менеджер тартылды. Британдық азаматтық авиация агенттігімен (UKCAAi) келісімге қол қойылады. Енді Қазақстанға ұшу қауіпсіздігінің еуропалық стандарттарын енгізуге Британдық агенттіктің жетекші еуропалық сарапшылары техникалық қолдау көрсетеді», - деп атап өтті Бейбіт Атамқұлов.

Қазіргі уақытта елімізде 59 авиакомпания жұмыс істейді. 9 қазақстандық авиакомпанияның Еуропалық Одақ елдеріне ұшуға рұқсаты бар. Ішкі нарықта 8 қазақстандық авиакомпания 54 маршрут бойынша ұшуды орындайды.

Сондай-ақ, Бейбіт Атамқұлов қазақстандық авиакомпаниялардың ашуды жоспарлап отырған жаңа бағыттары туралы айтып берді.


«2017 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласында «ашық аспан» режимі енгізілді. 3 жылда қазақстандық және шетелдік әуе тасымалдаушылар 19 жаңа маршрут ашты, оның ішінде Токио, Варшава, Будапешт, Хельсинки және т.б. Қолданыстағы Лондон, Мәскеу, Бейжің, Ыстамбул бағыттары бойынша ұшу жиіліктері өсуде.

Қазақстандық тасымалдаушылардың Шанхай, Сингапур, Нью-Йорк сияқты ірі қалаларға рейстер ашуы жоспарлануда», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Министрдің ақпараты бойынша, Қазақстанның 26 шетел мемлекетімен 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасы бар.

Бейбіт Атамқұлов министрліктің елімізге ұшу тартымдылығын арттыру және тасымалдаушылардың Қазақстан нарығына шығуы бойынша қабылданатын шаралар туралы да түсініктеме берді.

«Жақын болашақта «Qatar Airways», «Emirates», «China Eastern», Орал әуежелілері, және т.б. авиакомпаниялардың келуі күтілуде. Біз Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл, Семей қалаларының әуежайларында «ашық аспан» режимін енгіземіз. Біз барлық шетелдік авиакомпанияларға жетекші қаржы орталықтарына ұшуды орындау үшін 5-ші әуе еркіндігін ұсынуды жоспарлаудамыз», - деді министр.

Сонымен қатар ҚР ИИДМ басшысының айтуынша әуежайларда әуе кемелері мен жолаушыларға қызмет көрсетудің әлемдік стандарттары енгізілуде, бұл сервистік қызмет көрсету бойынша негізгі қызметтерді бірыңғай стандартқа сәйкес келтіруге және сол арқылы авиакомпаниялардың шығыстарын оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Іс жүзінде әуе көлігінің жердегі инфрақұрылымын жаңғырту аяқталды. Қазақстан әуежайларының 16 ұшу-қону жолағы (ҰҚЖ) мен 13 терминалы қайта жаңартылды.

Бейбіт Атамқұловтың ақпараты бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін Қостанай және Балқаш қалалары әуежайларының ҰҚЖ-ын қайта жаңарту аяқталады. Түркістан қаласында халықаралық әуежайдың құрылысы жалғасады.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Мемлекет Басшысының Жолдауын орындау аясында авиабилеттердің құнын төмендету бойынша жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы хабарлады.

Қазіргі уақытта авиабилет құны негізінен баға белгілеудің нарықтық және динамикалық механизмі (бәсекелестік, сұраныс, маусымдық, мереке және демалыс күндері) негізінде қалыптасады.

«Мемлекет тікелей реттемейді және тек авиакомпаниялар үшін бәсекеге қабілетті жағдайлар жасайды. Бәсекенің арқасында ғана біз авиабилет құнын төмендетеміз. Мемлекет өз кезегінде нарыққа тиісті қадағалау мен бақылауды жүзеге асыруы тиіс.», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Оның айтуынша, 2012 жылдан бастап ішкі бағыттар бойынша қазақстандық авиакомпаниялардың тұрақты жолаушылар рейстерін орындауына барлық шектеулер алып тасталды.

Ең танымал үш маршрутта 4 әуе тасымалдаушысы әр түрлі тарифтік ұсыныстармен ұшуды орындайды.

Бұл шара авиабилеттер құнын төмендетуге ықпал етті.

Мысалы, егер 2012 жылы Нұр-Сұлтан-Алматы маршруты бойынша орташа билет құны АҚШ долларымен есептегенде 85-ті құраса, 2019 жылы билет құны – орташа алғанда 50 АҚШ доллары болды. Сондай-ақ авиабилеттердің құнына Fly Arystan лоукостері қызметінің кеңеюі әсер етуі тиіс.

«Ағымдағы жылы мамырда алғашқы ұлттық лоукостер Fly Arystan іске қосылды, оның билет құны «Эйр Астанамен» салыстырғанда 2 есе төмен. Бүгінгі күні 470 мыңнан астам билет сатылды, 60 % билеттердің құны 10 мың теңгеден төмен. Біз әуе кемелерінің паркін кеңейтуіміз және маршруттар желісін ұлғайтуымыз қажет", - деп атап өтті ҚР ИИДМ басшысы.

Бұдан басқа, министрлік тікелей өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін авиаотынды жеткізу тізбегін оңтайландыруға кірісті.

«Халықты сапалы, қауіпсіз және қолжетімді авиа қызметтермен қамтамасыз ету – Елбасы мен Мемлекет басшысының біздің алдымызға қойып отырған маңызды міндеттерінің бірі», — деді А. Мамин.  

Премьер-Министр 2020 жылы Шанхай мен Сингапурға рейс ашу бойынша жұмысты жалғастыруды, сондай-ақ, Нью-Йоркке ұшу үшін отандық авиакомпанияларды аккредиттеу рәсімін аяқтауды, осы жылдың соңына дейін  Қостанай және Балқаш әуежайларының ұшу-қону жолағының реконструкциясын аяқтауды, белгіленген мерзімде Түркістандағы әуежай құрылысы мен Шымкенттегі терминал құрылысын аяқтауды, өңірлерде шағын авиация мен аэродромдарды дамыту жөніндегі бағдарламаны әзірлеуді және қабылдауды жеделдетуді тапсырды.

   Үкімет басшысы отандық әуежайларда шетелдік авиакомпаниялар үшін «ашық аспан» режимін ұсыну жұмысын белсенді жүргізуді тапсырды, бұл жаңа шетелдік авиакомпанияларды тартуға, бағыттарды көбейтуге, авиакомпаниялар арасындағы бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді. Ал бұл тиісінше авиабилет құнының төмендеуіне әсер етеді. Билет бағасының 20%-нан астамын  авиа отын шығыстары құрайтыны белгілі, сондықтан ұлттық экономика, энергетика, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне авиакеросинге баға белгілеу мәселесін пысықтау тапсырылды.

Премьер-Министр «Самұрық-Қазына» қорына 2020  жылы мемлекеттік холдингтің басқаруындағы авиакомпаниялардың әуе кемелері паркін ұлғайтуды және олардың ұшу географиясын кеңейтуді қамтамасыз етуді тапсырды.

«Көріп отырғанымыздай, авиабилеттер бағасын төмендетуге бағытталған жұмыс нәтижелерін беруде. Бұл жұмысты барлық отандық авиакомпаниялармен бірлесіп жалғастыру қажет», — деп түйіндеді А. Мамин.

 Аягөз Құрмаш 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды