• Басты
  • Үкімет отырысы: еңбек құқықтарының сақталуы мен уақытылы еңбекақыны қадағалау тапсырылды

Үкімет отырысы: еңбек құқықтарының сақталуы мен уақытылы еңбекақыны қадағалау тапсырылды

29 Желтоқсан, 2020 11:07

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелері қаралды. Қазақстан азаматтарының еңбек құқықтары қаншалықты қорғалып жүр? Strategy2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың баяндамасында ресми статистика келтірілді.
  
«Елімізде 324 мың жұмыс істеп тұрған кәсіпорында 6 млн 650 мыңнан астам жұмыскер еңбек етуде. Олардың жалақысы, былтырғы жылмен салыстырғанда орташа есеппен 6,9% өсіп отыр», - деп хабарлады ол.

Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің 2019 жылдың қорытындысы бойынша еңбек нарығы тиімділігі рейтингісінде Қазақстан 30-шы орыннан 25-ші орынға көтерілген.

Министр еңбекақының уақытылы төленуіне назар аударды. Айтуынша, еңбекақы бойынша жалпы берешегі 724 миллион теңгені құрап отыр, ол жыл басынан 49%-ке немесе 696 миллион теңгеге азайған. Үлкен берешектер Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарына тиесілі.

«Жалақы берешегін уақытылы өтеуді күшейту мақсатында, ағымдағы жылы заңнамалық түрде, мемлекеттік еңбек инспекторының жұмыс берушіге беретін ұйғарымның мәртебесі сот орындаушысының бұйрығына теңестірілді. Бұл, жалақы қарыздары үшін жұмыс берушілерге, қосымша, есепшоттар мен мүлікке тыйым салу, елден шығуға шектеу шараларын қолдануға мүмкіндік береді», - деді ол.

Шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындардағы жағдайды да министрлік бақылауда ұстап отыр екен.
«Осы жылы ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы 2019 жылмен салыстырғанда 40%-ке қысқартылды.Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен 14 мың 600 шетелдік азамат 1,7 мың кәсіпорында жұмыс істейді, мұндағы жергілікті қамту үлесі 96% құрайды»,-деп есеп берді Біржан Нұрымбетов.

Сонымен қатар Нұрымбетов жұмысшылардың өндірістік жарақат алуы мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады. Айтуынша, Соңғы үш жылда (2017-2019 жж.) жарақаттану саны 15%-ке төмендеді, және оң динамика сақталуда.
  
«Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша кәсіпорындарында 1 300 адам жарақат алды, оның ішінде қаза тапқандар саны 185 адамды құрады. Өндірістік жарақаттардың өсуі Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында байқалды», - деді ол.

Біржан Нұрымбетов Еңбек қатынастарын реттеудің тиімділігін арттыру мақсатында Еңбек кодексіне және «Кәсіподақтар туралы» заңға елеулі өзгерістер енгізілгенін айтты.

«Жалпы еңбек қатынастары, жұмысшылардың еңбек құқықтарының сақталу мәселелері Үкіметпен Әкімдер тарапынан тұрақты қатаң бақылауда болады», - деді министр.

Премьер-Министр Асқар Мамин еңбек министрлігіне әкімдіктермен және мемлекеттік органдармен бірлесіп, ақпараттық жүйелердің деректері негізінде проактивті режимде жалақы бойынша берешекті анықтау алгоритмін әзірлеуді тапсырды.

Барлық жаңалықтар