• Басты
  • Үкімет: 2020 жылы әлеуметтік саланы тұрақтандыруға бағытталған шаралар

Үкімет: 2020 жылы әлеуметтік саланы тұрақтандыруға бағытталған шаралар

5 Ақпан, 2021 11:44

Пандемия жағдайында азаматтар мен коммерциялық құрылымдардың еңбек және іскерлік белсенділігіне мәжбүрлі түрде қойылған шектеулерді ескере отырып, мемлекет 2020 жылы тиісті жеке және заңды тұлғаларға нақты көмек көрсету арқылы экономика мен әлеуметтік саланы тұрақтандыруға бағытталған бірқатар шара қабылдады. Бұл туралы саясаттанушы Андрей Чеботарев өзінің «Қазақстан-2020: коронадағдарыспен күрес және жаңа реформалар» атты аналитикалық баяндамасында атап өтті, деп хабарлады Strategy2050.kz.

Бұл жағдайда шектеу шараларының енгізілуіне байланысты табысынан айырылған азаматтарға, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға немесе бейресми жұмыс істейтіндерге 1 ЕТЖ (42 500 теңге) мөлшерінде ай сайынғы төлемдер беру бірінші кезектегі шара болды. Тиісті өтінімдерді беру үшін  Egov.kz («Электрондық үкімет») порталы, сондай-ақ арнайы құрылған «42500.enbek.kz» порталы қолданылды. Қарастырылып отырған қаржылық көмекті көрсету үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 476 млрд теңге бөлінді. Төлемдер 2020 жылдың сәуір-мамыр және шілде айларында төтенше жағдай кезінде және одан кейінгі шектеу шаралары кезінде берілді. Бұл көмекті барлығы 4,6 млн адам алды.

Қарастырылып отырған процеске түрлі мемлекеттік емес құрылымдар да өз үлестерін қосты. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен пандемия жағдайында халықтың әлеуметтік осал топтарына қайырымдылық көмек көрсету үшін құрылған «Birgemiz» қоғамдық қорын ерекше атап өткен жөн. Қорға 2020 жылдың қазан айының ортасына қарай сомасы шамамен 34 млрд теңгені құраған қайырымдылық түріндегі ақшалай қаражатты отандық бизнесмендер мен меценаттар ұсынды. Осы қордан 50 мың теңге мөлшерінде біржолғы төлем түрінде қаржылық көмек 2,2 млн қазақстандыққа немесе 650 мыңнан астам отбасыға берілді. Сондай-ақ 320 мың отбасыға азық-түлік себеттері мен бірінші кезекте қажетті тауарлар, тағы 100 мыңына — 5 млн медициналық маска берілді.

ТЖ режимі мен карантиндік шектеу шараларының енгізілуіне байланысты тұрақты атаулы әлеуметтік көмек алушыларға оны тағайындау уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінбей-ақ жыл бойы ұзартылды. Атап айтқанда, 2020 жылғы IV тоқсанда бұл шара 130 мың отбасының 650 мыңнан астам азаматына қатысты болды. Сол жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша 168,6 мың отбасыдан 858 мыңнан астам адамға 58,3 млрд теңге сомасында АӘК төленді.

Сонымен қатар сол жылдың желтоқсан айының ортасына қарай 92,4 мың адам жұмысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алды.

Барлық жаңалықтар