• Басты
  • Әкімдерді сайлау: «Бұл - жергілікті өзін-өзі басқару институтын дамыту жолындағы заңды қадам»

Әкімдерді сайлау: «Бұл - жергілікті өзін-өзі басқару институтын дамыту жолындағы заңды қадам»

25 Мамыр, 2021 15:16

Осыдан бірер күн сбұрын сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы қабылданған еді. Ондағы өзгерістерге сәйкес, биылдан бастап ауылды жерлердегі әкімдер тікелей сайлау арқылы сайланатын болады. Осы орайда, бұл жергілікті жерлердегі проблемалардың шешілуіне қалай ықпал етеді, сонымен қатар сайлаудың әділ өтуіне байланысты бірқатар сарапшының пікірін білген едік. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегi Қазақстан халқына Жолдауын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2021 жылғы 15 қаңтардағы VII шақырылымдағы Парламенттiң бiрiншi сессиясында айтылған аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердiң, ауылдық округтердiң әкiмдерiн тiкелей сайлауды ендiру туралы тапсырмасын орындау мақсатында әзiрленген болатын.

Соның ішінде, ҚСЗИ Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Индира Садыбекқызы жоспарланып отырған ауыл әкімдерінің сайлауы Қазақстан үшін жаңа бастамалардың бірі болып отыр. Себебі, оның айтуынша, осыған дейін жергілікті басқару орган басшыларын сайлау біздің елде жабық түрде өткізіліп келді. Сонымен қатар, сарапшы сайлаудың әділ өтетіні туралы сөз қозғап, барлық қатысушының құқығының қорғалатынына сенім білдірді.

«Әрине, ендігі бұл сайлау максималды түрде әділ өтеді деп сенеміз. Себебі, бұл сайлаудың ауқымы кең емес. Яғни, бір ауылда сайлау өтетін болса, ол ауылдың тұрғындарының саны үш мың мен он мыңның аралығында болуы мүмкін. Бұл да әр азаматтың құқығының қорғалуына ықпал ететін бірден-бір себеп дер едім» , - деді ол.

Сонымен бірге, ол әрбір азамат өз даусының қаншалықты маңызды әрі жергілікті жердегі проблемалардың шешілуіне әсер ететіндігін түсінуі тиіс екенін баса айтып өтті.

«Бұл сайлауда халықтың жауапкершілігін арттыру да маңызды рөлге ие. Себебі, әрбір азамат сайлауға өзінің қатысы бар екенін, өзінің қоғам мүшесі ретінде жауапты екенін сезінуі керек», - деді ол.

Бұдан бөлек, сарапшы ауыл әкімдерін тікелей сайлауын енгізі тек реформаның бір бөлігі ғана екенін еске салды. Мәселен, 2020 жылдан бастап мыңнан аса ауылдық округ бюджеттің IV деңгейіне өткен. Индира Садыбекқызының пікірінше, төртінші деңгейдегі бюджетті пайдаланы отырып, әр елдімекен өз проблемасын шешуге мүмкіндік ала алады.

«Төртінші деңгейлі бюджеттің бөлінуі көптеген ауылдың өз бюджетін қарастыруға мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан осы материалдық нормаларды қолдана отырып, ауыл әкімі өзінің ауылында біраз проблемаларды өз деңгейінде шеше алатындай мүмкіндікке ие болмақ», - деді маман.

Сонымен қатар, саясаттанушының пікірінше, проблемалардың шешілуі ауыл әкімінің республикалық бюджетке қаншалықты дұрыс тапсырыс беріп, оны жобасын қорғап алуында екенін атап өтті. Ауыл әкімдерін сайлау - бұл еліміздегі саяси өмірдің көрінісіне, қоғамның саяси белсенділігі мен әрбір тұрғынның саяси жауапкершілігіне алып келеді.

«Әрбір азамат саясатқа тікелей қатысып, ауыл басшылығын өзі сайлауға қатысып дауыс беруі және әкімнің әрі қарай жұмысына сенім білдіруі жергілікті өзін-өзі басқару принциптерін жүзеге асырылуына әсерін тигізеді», - деді ол.

Бұдан басқа, ҚСЗИ Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің қызметкері Жанар Мағажанқызы да сайлауға қатысты пікір білдіріп, ерекшеліктеріне тоқталып өтті.

«Бұл сайлаудың тағы бір ерекшелігі - оларды кезең-кезеңмен ұйымдастыру және өткізу болып отыр. Осылайша, 2021 жылы 830 – дан астам ауыл әкімі, 2022 жылы – 350 – ге жуық әкім, 2023 жылы– 499 әкім, 2024 жылы-580-ден астам әкім, 2025 жылы-74 әкім сайланады. Бұл сайлау рәсімдерін тиімді алгоритмдеуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Жанар Мағажанқызының айтуынша, ауыл әкімдерін тікелей сайлау Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамыту жолындағы заңды қадам болып табылады. Ауылдар жергілікті бюджетті бөлудің жекелеген мәселелері бойынша басқарушылық, сондай-ақ, қаржылық тәуелсіздікке ие болады.

Ауыл әкімдерін сайлауды тікелей тұрғындардың өздері жүргізеді, бұл азаматтардың өз ауылын, елдімекенін дамытуға бағытталған жобаларды талқылауға қатысуына мүмкіндік береді.

«Өз кезегінде, сайлауды қолдау деңгейін нығайту үшін сайланған әкімдер ең алдымен өз ауылдарының инфрақұрылымдық мәселелерін қажетті инвестицияларды тарту және қаржыландыру арқылы шешуге ынталандырылатын болады», - деді Жанар Мағажанқызы.

Барлық жаңалықтар