• Басты
  • ХЖҚО жұмысын жаңғырту, Электронды еңбек биржасы мен ҰБЖ-ны дамыту

ХЖҚО жұмысын жаңғырту, Электронды еңбек биржасы мен ҰБЖ-ны дамыту

13 Тамыз, 2021 13:10

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Ұлттық біліктілік жүйесін (ҰБЖ) дамыту туралы айтып берді. Сонымен бірге, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғындықов қатысып, халықты жұмыспен қамту орталықтарының (ХЖҚО) жұмысын жаңғырту және Электрондық еңбек биржасын (ЭЕБ) дамыту туралы баян етті. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Вице-министр бүгінгі таңда еңбек нарығы технологиялық прогресті жеделдету, экономиканы цифрландыру сияқты жаһандық трендтердің ықпалымен өзгерістерге ұшырап отырғанын, соның салдарынан жұмыс берушілердің талаптары мен қызметкерлердің, әсіресе білім беру ұйымдары түлектерінің біліктілігі арасында алшақтық қалыптасатынын атап өтті. Осыған байланысты қазақстандықтардың кәсіби білімдерін, дағдылары мен құзыреттерін үнемі жаңартып отыру қажеттігі туындайтынын да тілге тиек етті.

«Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын орындау үшін Үкімет ресми, бейресми және ақпараттық білім беруді интеграциялауға, оқыту нәтижелері мен біліктілікті танудың икемді құралдары арқылы мамандыққа қол жеткізуді кеңейтуге бағытталған өмір бойы оқыту (үздіксіз білім беру) тұжырымдамасын бекітті», - деді Ақмәди Сарбасов.

Сонымен бірге, ЭЫДҰ халықаралық сарапшылары Қазақстандағы ересек тұрғындардың үздіксіз білім алуға төмен тартылғанын да атап өтті. Мәселен, ЭЫДҰ деректеріне сәйкес, 2018 жылы ересек халықтың тек 17% - ы (16-65 жас) бейресми оқытуға қатысқан, бұл ретте әйелдердің қатысу үлесі ерлерге қарағанда жоғары (13,85% - ға қарағанда 20%). Бұрын формальды білім беру шеңберінде алынған білім біліктілікті арттырмай 10 жылға жететін, бүгінде көптеген мамандықтар бойынша дағдылардың өзектілігі тек 2 жыл сақталады.

Сонымен қатар, вице-министр Қазақстанда жұмыспен қамтылғандардың 4-5% - ы ғана жыл сайын кәсіптік оқудан немесе жалпы дамыту курстарында оқытудан өтетінін де айтып өтті. Оның сөзінше, осы мәселелерді шешу үшін министрлік Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатыр.

«ҰБЖ үш негізгі сұраққа жауап береді: «Заманауи мамандар нені білуі және істей алуы керек? Бұл үшін оларды не және қалай оқыту керек? Олардың біліктілігін қалай тануға және беруге болады?», - деді ол.

Осыған байланысты ҰБЖ шеңберінде:

- Ұлттық біліктілік шеңбері түріндегі негіз қаланды, ол біліктіліктің 8 деңгейінен тұрады және маман қандай деңгейде, қандай жалпы кәсіптік құзыреттерге және білім деңгейіне ие болуға тиіс екенін айқындайды;

- орындалатын жұмыстардың күрделілігіне және пайдаланылатын құзыреттердің сипатына қарай деңгейлер бойынша нақты саладағы маманның біліктілігіне қойылатын талаптарды жіктейтін 36 салалық біліктілік шеңбері жаңартылды;

- 589 кәсіптік стандарт бекітілді, олар нақты кәсіппен айналысу үшін қандай біліктер мен білім қажет екенін түсінуге мүмкіндік береді;

- оқу мекемелері кәсіптік стандарттарда белгіленген талаптарды ескере отырып, білім беру бағдарламаларын әзірлейді. Осылайша, жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін кадрларды даярлау қамтамасыз етіледі;

«Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссия біліктілік сәйкестігін міндетті растауды талап ететін денсаулық сақтау және қаржы салаларының 72 кәсібінен тұратын реттелетін кәсіптер тізбесін бекітті», - деп толықтырды вице-министр.

Оның дерегінше, бекітілген кәсіптік стандарттар 2689 мамандықты және бүкіл ел бойынша экономикалық қызмет түрлерінің кіші кластарынан 27% - ын қамтиды. Салалар бөлінісінде кәсіптік стандарттармен ең көп қамту құрылыс (94,4%), ауыл шаруашылығы (78%), ақпарат және байланыс (57,9%) салаларында байқалады. Жұмыс берушілер бірлестіктері 2025 жылға қарай экономикалық қызмет түрлерінің кіші кластарын 70% – ға дейін қамтуды ұлғайта отырып, жаңа кәсіптік стандарттарды жаңарту және әзірлеу жөніндегі жұмысты жандандыратын болады.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда мамандардың біліктілігін тану реттелетін және реттелмейтін қызмет түрлері үшін әртүрлі тәсілдермен жүзеге асырылады. Мемлекеттік органдар біліктілікті растайтын құжат болған кезде ғана жүзеге асырылуы мүмкін кәсіпті немесе қызметті айқындайды.

«Атамекен» ҰКП мамандарды реттелмейтін кәсіптер бойынша бағалауды жүргізетін (біліктілікке сәйкестікті ерікті негізде тану) сертификаттау орталықтарын аккредиттеу жолымен (38 орталық, оның ішінде 28 - і жұмыс берушілер бірлестіктері жанында, 9 - ы кәсіпорындар базасында, 1-еуі колледж базасында) мамандардың біліктілігін тәуелсіз сертификаттауды жүзеге асырады», - деді ол.

Бұл ретте, оның сөзінше, реттелмейтін мамандықтар бойынша сертификаттау жүргізу тәртібі әлі регламенттелмеген. Осыған байланысты біліктілікті, сондай-ақ дағдыларды тану және біліктілікке сәйкестікті бағалаудың үйлестірушісі болуға тиіс біліктіліктер жөніндегі ұлттық орган құру үшін нормативтік негіз қалау жоспарланып отырғанын тілге тиек етті.

«Біліктілікті ғана емес, жекелеген дағдыларды да тану мүмкіндігі мамандардың қажеттілігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Осыған байланысты электрондық еңбек биржасында еңбек нарығында талап етілетін арнайы (кәсіби) және жалпы (икемді) дағдылардың тізбесі – дағдылар банкі құрылды», - деді ол.

Оның мәліметінше, оған қазірдің өзінде 8 мың дағды енгізілген, олардың ішіндегі ең танымалдары бойынша қысқа мерзімді оқыту курстары мен онлайн-курстар әзірленуде. Алдағы уақытта Дағдылар банкі кәсіби дағдылар мен біліктіліктердің салыстырмалылығын арттыруға мүмкіндік береді, нарыққа қажетті кәсіби дағдылар мен мансапты жақсырақ таңдау үшін жұмыс түрлері туралы халықтың хабардарлығын жақсартады.

Бұдан бөлек, баспасөз мәжілісіне «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғындықов қатысып, халықты жұмыспен қамту орталықтарының (ХЖҚО) жұмысын жаңғырту және Электрондық еңбек биржасын (ЭЕБ) дамыту туралы баян етті.

Орталық президенті COVID-19 пандемиясынан туындаған дағдарыс жағдайында мемлекеттік жұмыспен қамту қызметтерінің жұмысы халыққа жұмыс іздеуге байланысты мәселелерді шешуге көмектесу үшін маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, аудандар мен қалалардағы 203 жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеушілер үшін жұмыссыз ретінде тіркелу қызметін, жұмыс іздеуде және әлеуметтік көмек алуда – жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем мен атаулы әлеуметтік көмек алуда қолдау көрсетеді. Түрлі себептермен тез жұмыс таба алмайтын азаматтарға ХЖҚО «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында бюджеттен субсидияланатын уақытша жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруды ұсынады. 2021 жылдың басынан бері жұмыс тәжірибесі жоқ 16 мың жас азамат оқу орындарын бітіргеннен кейін жастар практикасына жіберілген.

«Біліктілігі төмен 110 мыңнан астам адам қоғамдық жұмыстарға тартылған. 16 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды. 14 мың жұмыссыз азамат қысқа мерзімді оқуға жіберілді. 2021 жылы Жұмыспен қамту орталықтарына барлығы 432 мың адам жүгінген», – деді Дәулет Арғындықов.

Сондай-ақ, ЕРДО президенті Қазақстанда халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметін жаңғырту және қызмет көрсету тетіктерін жетілдіру, оның ішінде оларды электрондық форматқа көшіру бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

«Халықтың ХЖҚО-мен өзара әрекеттесуі мен тіркеу процесі жеңілдетілді. Жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер жұмыспен қамту орталықтарына бірнеше арналар арқылы: ауыл әкімдері арқылы, телефон және электрондық пошта арқылы, Электрондық еңбек биржасы және электрондық үкімет порталы арқылы жүгіне алады. Жұмыссыз ретінде тіркелу мерзімі 10 күннен 1 күнге дейін қысқартылды», - деп толықтырды.

Оның айтуынша, жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыз азаматтар үшін жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау бойынша мемлекеттік қызмет көрсету «бір өтініш» қағидаты негізінде проактивті форматқа ауыстырылған.

«Азаматтар үшін мансаптық жоспарлауға көшумен атаулы және жеке тәсілді қолдану қамтамасыз етіледі. Жұмыс берушілер үшін ХЖҚО бармай-ақ бос жұмыс орындарын тіркеудің жеңілдетілген және көп арналы тәртібі енгізілді», – деді Дәулет Арғындықов.


Ел Президентінің тапсырмасы бойынша пандемия жағдайында жұмыспен қамту орталықтарының қызметтерін онлайн-форматта көрсетуге көшу жүзеге асырылған. Оның сөзінше, бұл «цифрлық жұмыспен қамту орталықтарын» құрудың бастапқы кезеңі.

«2020 жылғы қарашадан бастап Электрондық еңбек биржасында азаматтар ХЖҚО-ға бармай-ақ, жұмыссыз ретінде тіркелу, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау және жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға жолдамалар алу бойынша қызметтерді электрондық форматта ала алады», - деді орталық президенті.

Оның дерегінше, 2021 жылы ЭЕБ-да 68 мың азамат жұмыссыз статусын алған, ал олардың 17,6 мыңы мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарында жұмысқа кіріскен. Әрбір бесінші жұмыссызға жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем Электрондық еңбек биржасына жүгінгенінен кейін тағайындалған.

«Барлық жұмыспен қамту орталықтарында өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары құрылды, онда азаматтар ЭЕБ-да аталған қызметтерді өз бетінше пайдалана алады. ХЖҚО қызметкерлері онлайн көрсетілген қызметтер бойынша барлық сұрақтарға жауап береді», - деді ол.

Орталық басшысының сөзінше, 2021 жылдың соңына дейін Электрондық еңбек биржасында қызметтер тізбесі кеңейтілетін болады. Азаматтар «Еңбек» – «Ұрпақтар келісімшарты» және «Алғашқы жұмыс орны» мемлекеттік бағдарламаларының жобалары бойынша жұмыс орындарына жолдамаларды электрондық форматта ала алады. Сондай-ақ, 2021 жылы ЭЕБ-да мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарын ұйымдастырудың бизнес-процесі автоматтандырылады. Жұмыс берушілер онлайн режимде уақытша жұмыс орнын құруға өтінім бере алады, ХЖҚО - мен шарт жасасып, қатысушылар туралы мәліметтерді жұмыспен қамту орталығына жібере алады.

«Қазірдің өзінде ЭЕБ-ға азаматтар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде оңтүстік өңірлерден солтүстікке ерікті түрде қоныс аудару бойынша консультация алуға онлайн өтінім жолдай алады, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларымен, қоныс аудару өңірлерімен, таңдалған елді мекендерде тұру жағдайларымен және онда жұмыс берушілердің өзекті бос жұмыс орындарымен таныса алады», - деді Дәулет Арғындықов.

Қабылдаушы өңірдегі ХЖҚО өтініш берушімен мақсатты жұмыс жүргізіп, оған қоныс аударуға байланысты барлық мәселелер бойынша кеңес беруі керегін де еске салып өтті.

«Қызмет көрсетуді қашықтықтан форматқа көшіру ХЖҚО жұмысын жетілдірудің келесі кезеңі болады. Ең алдымен, бұл жұмыспен қамту орталықтарының неғұрлым талап етілетін қызметіне – бейнебайланыс құралдарын пайдалана отырып, нақты уақытта мәселелердің кең спектрі бойынша жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерге консультациялар беруге қатысты», - деді ол.

Бұл жұмыс, оның сөзінше, 2022 жылы жүргізіледі деп жоспарланған. Халықты көбірек қамту және шалғай ауылдық елді мекендердегі қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін немесе интернетке шығу проблемалары бар адамдар үшін мобильді (жылжымалы) жұмыспен қамту орталықтарын құру жоспарлануда.

«Тағы бір маңызды міндет – Қазақстанда жұмыс іздеу және кандидаттар іздеу бойынша ірі интернет-ресурс – Электрондық еңбек биржасын тұрақты дамыту болып табылады. Оған барлық жұмыспен қамту орталықтары, 44 жеке жұмыспен қамту агентігі және жұмыс іздеу бойынша 5 интернет-алаң қосылған», - деді ол.

Жыл сайын ЭЕБ-да жұмыс берушілер шамамен 800 мың бос жұмыс орнын, ал жұмыс іздеушілер 600 мың түйіндеме орналастырады, биржа арқылы 400 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасады.

Оның мәліметінше, ЭЕБ-ның барлық қызметтері жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер үшін тегін көрсетіледі. Бүгінгі күні биржада келесі функционалдар іске асырылды:

1. Деректердің дұрыстығын растау және кіріс нысандарын автотолтыру, мәліметтерді сәйкестендіру және беру бөлігінде порталды мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жүзеге асырылды;

2. Экономикалық қызметтің алуан түрлері бойынша 8 мың кәсіби дағдылардан және жеке дағдылардан тұратын Дағдылар банкі әзірленді. Бұл функционал жұмыс берушіге бос жұмыс орындарына қызметкерлерді тек талап етілетін кәсіп бойынша ғана емес, сондай-ақ оларда бар қажетті кәсіби дағдылар бойынша таңдауға көмектеседі;

3. ЭЕБ арқылы мемлекеттік қызметке азаматтарды жұмысқа орналастырудың бизнес-процесін автоматтандыру үшін «Е-Қызмет» ИАЖ интеграциялау жүзеге асырылды. Бұл әлеуетті үміткерлердің мемлекеттік қызметте бос жұмыс орындарын іздеуге және құжаттарды тапсыруға қолжетімділігін едәуір кеңейтті;

4. Денсаулық сақтау және білім министрліктерімен бірлесіп, оқу орындарының түлектерін жұмыс берушілердің, ең алдымен денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы бос жұмыс орындарына онлайн-режимде дербес бөлу жобасы іске асырылды.

5. Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесімен интеграция жүзеге асырылды. Жеке кабинетте жұмыс беруші қолданыстағы еңбек шарттарын тіркей алады немесе өз қызметкерімен электрондық еңбек шартын жасай алады. Бұл еңбек қатынастарын формализациялауды және азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуын бақылауды қамтамасыз етеді.

«2021 жылғы 1 наурыздан бастап ЭЕБ жаңартылған форматта жұмыс істейді – порталда дизайн мен навигация жетілдірілді, бос жұмыс орындары мен түйіндемелерді іздеу кеңейтілді. 2021 жылғы 1 шілдеде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде «Шекарасыз жұмыс» біріздендірілген іздеу жүйесі пайдалануға енгізілді», - деді ол.

Бұл халықаралық іздеу жүйесі, оның айтуынша, ЕАЭО-ның барлық елдеріндегі бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы ақпаратқа қолжетімділік береді. Қазақстанның электрондық еңбек биржасынан басқа платформаға Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресейдің жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру саласындағы ақпараттық жүйелері қосылған.

«ЭЕБ-ны одан әрі дамыту тұжырымдамасы оның негізінде бірқатар сервистерді біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа – skills.enbek.kz бірыңғай білім беру порталын, business.enbek.kz кәсіпкерлік бастамалардың бірыңғай терезесін, қашықтықтан жұмыс істейтін мамандарға (фрилансерлерге) арналған платформа құруды көздейді», - деді ол.

Оның айтуынша, 2021 жылдың шілде айында skills.enbek.kz онлайн оқыту алаңы іске қосылған, ол онлайн оқытудың қысқа мерзімді курстарының маркетплейсі болып табылады және Қазақстанның қажетті дағдыларды үйренуге немесе біліктілігін арттыруға ниет білдірген кез келген азаматы үшін қолжетімді. «Еңбек Бизнес» кіші жүйесін іске қосу жоспарлануда, ол процесті автоматтандыруға және азаматтардан мемлекеттік қолдау шараларын алуға – «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға микрокредиттер немесе мемлекеттік гранттар алуға онлайн өтінімдерді қабылдауға арналған.

Барлық жаңалықтар