Халықты вакцинациялау: COVID-19-ға қарсы екпе алғандар не дейді

7 Сәуір, 2021 12:18

Елордалықтарды коронавирусқа қарсы вакцинациялауға жазылу басталды. Азаматтар екпе алуға өтінім қалдыру үшін тіркелген жері бойынша немесе Damumed мобильді қосымшасы арқылы өз емханасына тіркелуі қажет. Ел астанасындағы егу пункттері 3 есеге артқан. Бұл да вакцина алушылар санының артқанын байқатса керек. Кейбір азаматтар екпе алғанын суретке түсіріп, екпе алу процесін әлеуметтік желілеріне жариялап жатыр. Осы орайда, бірқатар вакцина салдырған салдырған азаматтың денсаулығы қалай, екпе алғаннан кейінгі жағдайлары қалай, екінші дозасын алғанға дейін қалай күтіну керек деген сауалдар бойынша жауап іздеп көрдік. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Atyrau TV телеарнасының директоры Қанат Әуесбай өзінің тәжірибесімен, сондай-ақ қазіргі жағдайымен бөлісті. Оның жазуынша, бұған дейін оған көп азамат «вакцина алуға қатысты көп жазып, айтасыңдар, ал өздерің алмайсыңдар» дегенді жиі айтқан. Кейін өзімнің, айналамдағы жандардың қауіпсіздігі үшін екпе алуды жоспарладым деп жазады ол.

«Естімегенім жоқ. Жиі естігенім мына сөз: "Теледидардан вакцина туралы көп айтасыңдар. Өздерің салдырмайсыңдар. Сөзің басқа, ісің басқа. Сендерге дауа жоқ". Бірден айтайын. Ковидке қарсы екпе алу о бастан ойымда болды. Бүгін арнайы уақыт бөліп, саналы түрде салдырдым. Екпе екі кезеңде салынады. Атыраудағы "Еркін қала" дəрігерлік амбулаториясына барып, екпенің алғашқы дозасын қабылдадым. Екінші кезеңде екінші дозасын 27 сәуірде қабылдауға шақырылғаным туралы SMS келді. Еркін қаладағы амбулаторияның ақ халатты абзал жандарына алғысымды білдіргім келеді. Хайп үшін емес, өзімнің, отбасымның, айналамдағыладың қауіпсіздігі үшін», - деп жазды ол Фэйсбук парақшасына.
Сондай-ақ, журналист ешкімді ештеңеге шақырмайтынын, әркімнің өз еркі екенін атап өткен.

«Менің еркім осыны қалады. Сіздің де еркіңіз білсін», - деді ол жеке парақшасында.
Сонымен қоса, саясаттанушы, мәжіліс депутаты Ерлан Саиров та вакцина алып жатқан сәтін Фэйсбук парақшасына жария етті. Ол бұған дейін вакцинаның бірінші дозасын алған. Кеше, яғни 6 сәуір күні екпенің екінші дозасын салдырды.

«Sputnik-V Гам-COVID-Vac» вакцинасының екінші компонентін алдым. Симптомдар немесе жанама әсерлерін сезініп тұрғам жоқ.  «Нұр-Отан» фракциясы Парламент Мәжілісінің депутаттары біздің азаматтарға тезірек вакцина егу керек деп санайды. Біз вакцинация деңгейі бойынша көптеген елден артта қалып келеміз. Сондай-ақ, Қазақстан азаматтары арасында кең түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет», - деп жазды ол жеке парақшасына.
Сонымен бірге, еліміздің тарихындағы ең жас депутат Мәди Ахметов те вакцина салдырғанын хабар етті. Оның сөзінше, қазіргі кезде жағдайды жақсартудың бірден бір жолы – екпе.

«Достарым, ел арасында екпе салдырту бойынша алып-қашпа әңгіме , екпеге деген сенімсіздік, үрей бар екені жасырын емес. Бірақ қазіргі ахуалда ұжымдық иммунитет қалыптастырып, індетке қарсы тұрудың бірден-бір амалы - екпе алу», деп жазды ол Фэйсбук парақшасында.
Сонымен қоса, ол бұл бағытта Алексей Цой басқарып отырған министрлік жергілікті жерлерде, халық арасында түсіндірме жұмыстарын күшейтуі қажеттігін еске салды.

«Мемлекет басшысы ескертпесінен, Нұр Отан партиясының фракциясының депутаты Ирина Унжакова сауалынан кейін сең қозғалып, екпе салу бойынша жұмыс күшейе түсті. Ең бастысы, жалпыхалықтық екпеден ауылда тұрып жатқан отандастарымыз тыс қалмауын жіті бақылауда ұстауымыз қажет», - деді ол
Сондай-ақ, аудармашы, PR маманы Дмаш Зиядин де вакцина салдырғанын Фэйсбук парақшасында жазды.

«Шамалы әлсіздік бар, қызу аздап көтерілді. Бірақ жалпы жағдай қалыпты. Ковидтің құйрығын бұтына қыстырып алып организмге басып кірген тұмаудың вирусын біздің иммунитет бақылауға алғанға ұқсайды», деп жазады ол.
Бұдан бөлек, еске салайық, кеше ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да «Спутник-V» вакцинасын салдырғандығы хабарланды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Фэйсбук парақшасында жариялады.
«Бүгін Мемлекет басшысы Қарағанды фармацевтика зауыты шығарған «Спутник-V» вакцинасын салдырды. Президенттің вакцина салдырғаннан кейінгі хал-жағдайы жақсы. Ешқандай жанама әсерлер жоқ. Мемлекет басшысы вакцина салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы ғана Қазақстан азаматтары коронавирусты жеңе алатынына, барлық шектеулердің алынатынына, халықтың қалыпты тұрмыс-тіршілігіне қайта оралатынына сенімді», деп жазды ол.
Сонымен қоса, Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаев барша халықты мейлінше тезірек вакцина салдыруға шақырғанын, бұл – өзіңді және жақыныңды қорғаудың жалғыз жолы екенін айтқанын жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін Президент Үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға шетелден вакцина жеткізуді қамтамасыз етуді және отандық вакцина өндіруді жолға қоюды, сондай-ақ, екпе салу үдерісін ұйымдастыруды тапсырған болатын.

Елдегі эпидемиологиялық жағдай әлі де күрделі. 2021 жылдың 7 сәуіріндегі жағдай бойынша, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Алматы, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан, Қарғанды, Ақмола облыстары «қызыл» аймақта тұр. «Сары» аймақта Шымкент қаласы орналасқан. Қалған барлық өңір - «жасыл» аймақта. Қазақстан эпидемиологиялық бағалау матрицасы бойынша «қызыл» аймаққа тіркелген.

Еліміздің оңтүстік астанасы Алматыда коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау 9 сәуірден кейін басталады. Сол күні қалаға вакцинаның 57 мың дозасы жеткізілмек. Сондай-ақ, бүгін Маңғыстауда жылжымалы егу пункттері ашылып жатыр. Бұған дейін ШҚО-дағы сауда орталықтарында вакцинация пункттері ашылғаны хабарланған еді.
Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баспасөз мәжілісінде екпеге шприцтер сатып алынғанын, сонымен қоса жылжымалы вакцинациялау пункттерін ашу жұмыстары жүрігізіп жатқанын айтқан болатын.  

Барлық жаңалықтар