• Басты
  • Халықты ауыз сумен қамту: Заң жобасына қандай өзгерістер мен түзетулер енгізілді

Халықты ауыз сумен қамту: Заң жобасына қандай өзгерістер мен түзетулер енгізілді

14 Қаңтар, 2021 11:43

Бүгiн, яғни 14 қаңтарда сенат отырысында ҚР Парламентiнiң Мәжiлiсi мақұлдаған «Қазақстан Республикасының Су кодексiне жергiлiктi өкiлдi, орталық және жергiлiктi атқарушы органдар арасында ауыз сумен жабдықтауды субсидиялау жөнiндегi өкiлеттiктердiң аражiгiн ажырату мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қаралып, мақұлданды. Аталған құжат халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшiн субсидияларды бөлу және өңiрлердiң уақытылы алуына қол жеткiзуге мүмкiндiк бермек, деп хабарлады Strategy2050.kz тiлшiсi.

ҚР Парламентi Сенатының депутаты Нариман Төрағалиевтiң айтуынша, бүгiн ұсынылған заң жобасы Парламент депутаттарының бастамасымен әзiрленген. Заң жобасының негiзгi мақсаты - халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшiн субсидияларды бөлу және өңiрлердiң уақытылы алуына қол жеткiзу.

«Бүгiнде халықты ауыз сумен жабдықтау қызметтерiнiң құнын төмендету мақсатында заңнамамен баламасыз көздерден ауыз суды субсидиялау көзделген. Мемлекет ауыз судың құнын субсидиялау бөлiгiнде халыққа кепiлдендiрiлген қолдау көрсетуде, осындай мақсатқа 2020 жылға 15,7 млрд теңге қаражат қарастырылған», - дедi депутат.

Уәкiлеттi органның мәлiметiне сәйкес, 2020 жылдың қорытындысы бойынша ауыл халқының 87%-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған ауылды елдiмекендердiң саны 4 078, солардың iшiнде 42%-ы субсидияға қол жеткiзген. Нариман Төреғалиевтың сөзiнше, қолданыстағы заңнамаға жасалған талдау сумен жабдықтау объектiлерiн уәкiлеттi орган бекiтетiн тiзбеге енгiзу процесi көптеген ведомствоаралық келiсулердi талап ететiнiн көрсетiп отыр.

«Өкiнiшке орай, аталған келiсулер 1-2 жылға дейiн созылып кетуi осының дәлелi. Осыған байланысты, заң жобасымен ауыз суды субсидиялау үшiн тiзбенi бекiту кезiнде өкiлеттiктердiң аражiгiн нақты ажырату ұсынылып отыр», - дедi ол.

Сондықтан, оның мәлiметiнше, ауыз сумен жабдықтаудың жергiлiктi жүйелерi жергiлiктi атқарушы органдар деңгейiне берiлетiн болады, ал топтық жүйелер бұрыңғыдай уәкiлеттi органның қарауында қалады. Сонымен бiрге, жергiлiктi өкiлдi органдардың өзiне өңiрдiң сумен жабдықтау бойынша көрсетiлетiн қызметтердiң тарифтерiне байланысты ауыз судың 1 текше метрi үшiн төлем мөлшерiн бекiтуге өкiлеттiлiк берiледi», - дедi Сенат депутаты.

«Мысалы, мәслихат республика бойынша ең төменгi тарифтен төмен емес және облыстың әлеуметтiк-экономикалық дамуын ескере отырып, орташа облыстық деңгейден жоғары емес төлемдер мөлшерiн бекiте алады», - дедi Нариман Төреғалиев.

Аталған заң жобасының нормалары жергiлiктi атқарушы органдардың дербестiгi мен жауапкершiлiгiн арттыруға, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшiн өңiрлердiң субсидияны уақытылы алуына ықпал етпек. 

Сонымен қатар, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсiпкерлiк комитетiнiң мүшесi Ләззат Рысбекова мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегi өзiнiң Жолдауында елiмiздiң әр аймағының тұрғындарының таза ауыз суға қол жеткiзу деңгейi бiркелкi емес екенiн айтып, осы теңсiздiктi жою үшiн жұмысты жандандыру бойынша тапсырма бергенiн еске салды. Осы орайда, оның айтуынша, ұсынылып отырған заң жобасы қойылған мақсаттарға қол жеткiзуге мүмкiндiк бередi.

Сондай-ақ, ол жаңа заңның негiзгi мiндеттерiне тоқталды:

-халықты ауыз сумен жабдықтау ету рәсiмiн оңтайландыру;

-жаңадан салынған ауыз сумен жабдықтау жүйелерiн жеңiлдiктi объектiлер тiзiмiне қосуды жеделдету;

-ауылдық жерлердегi халықты ауыз сумен жабдықтау қызметтерiнiң құнын төмендету

Осылайша, оның мәлiметiнше, заң жобасын қабылдау бiрқатар жағдайдың жақсаруына алып келедi, мәселен, ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздерi болып табылатын сумен жабдықтаудың аса маңызды Жергiлiктi жүйелерiнiң тiзбесiне салынған жергiлiктi жүйелердi енгiзу мерзiмдерi қысқартылады. Сонымен қоса, өңiрлердi ауыз сумен жабдықтауға субсидия бөлудiң және алудың жеделдiгiн арттырады.

«Заң жобасын қабылдау тepic әлеуметтiк-экономикалық салдардың туындауына әкеп соқпайды және бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды қажет етпейдi», - дедi Ләззат Рысбекова.

Бұдан бөлек, сенатор Бауыржан Қаниев те қаралып отырған заң жобасы ауылды елдiмекендердi ауыз сумен жабдықтау жұмыстарын оңтайландыруға және өңiрлерге бөлiнетiн субсидияны тиiмдi үлестiруге бағытталғанын тағы бiр атап өтiп, депутаттарды қолдауға шақырды.

«Заң жобасында елдiмекендердi ауыз сумен қамтамасыз етудi субсидиялау бойынша жергiлiктi атқарушы органдарға бiрқатар құзыреттер беру туралы өзгертулер енгiзiлген. Мәселен, ауылды жерлердi ауыз сумен жабдықтау мақсатында жаңадан құрылған жергiлiктi су жүйелерiн басқару құзыретiн жергiлiктi атқарушы органдарға берiлетiн болады. Аталған заң нормасы жергiлiктi жерлерде жаңадан салынған ауыз сумен жабдықтау жүйелерiн субсидия алатын нысандар тiзiмiне қосуды жеделдетедi», - дедi сенатор.

Бұл өз кезегiнде, оның пайымынша, халықты сапалы ауыз сумен уақтылы қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi. Сонымен қатар, осы заң жобасын қабылдау халықты ауыз сумен қамтамасыз ету рәсiмiн оңтайландыруға және ауылдық елдi мекендердiң тұрғындары үшiн ауыз су құнын төмендетуге оң әсерiн тигiзетiнiне сенiм бiлдiрдi.

Осылайша, Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Су кодексiне жергiлiктi өкiлдi, орталық және жергiлiктi атқарушы органдар арасында ауыз сумен жабдықтауды субсидиялау жөнiндегi өкiлеттiктердiң аражiгiн ажырату мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заңы қаралып, мақұлданды.

Барлық жаңалықтар