Халық санағына дайындық жұмыстары қалай жүргізілуде

24 Тамыз, 2021 10:41

Бүгін үкімет отырысында ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов халық санағын қаржыландырудың қажетті көлемі 9,1 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда оның 3,5 млрд теңгесі игерілгенін мәлімдеді. Сондай-ақ,ол санақ парағына қандай жаңа сұрақтар енгізілгенін айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Халық санағы дайындық жұмыстары

Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда халық санағы басталтынын еске салып, ол 1 қыркүйектен 15 қазан аралығында онлайн режимде және 1-30 қазан аралығында планшеттерде өтетінін айтып өтті. Оның сөзінше, негізгі халық санағын өткізуге дайындық шеңберінде пилоттық халық санағы жүргізілді.

«Санақтың әдіснамалық құралдары мен НҚА әзірленді және бекітілді.2021 жылғы 1 маусым мен 30 маусым аралығында тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың мекенжайларын, сондай-ақ оларда тұратын халықтың нақты санын нақтылау бойынша санақтың далалық жұмыстары жүргізілді», - деді Нұрболат Айдапкелов.

Оның мәліметінше, интервьюерлер 6 миллионнан астам санақ объектілерін қамтыған. Сондай-ақ, 1-кезеңнің қорытындылары бойынша аудандастыру, яғни ел аумағын нұсқаушылық және есеп учаскелеріне бөлу аяқталғанын айтып өтті.

Санақ қалай жүргізіледі

Ұлттық статистика бюросы басшысының мәлімдеуінше, санақ екі тәсілмен жүргізіледі. Яғни, 45 күн бойы «sanaq.gov.kz» мамандандырылған сайтында интернет-сауал салуды жүргізу және электрондық планшеттерді пайдаланумен интервьюерлер дәстүрлі жаппай сауал салуды жүргізетін болады. Сондай-ақ, қосымша «Aitu Messenger» отандық мобильді қосымшасы арқылы санақтан өту мүмкіндігі берілетінін айтып өтті. Бұдан бөлек, «egov.kz»- электрондық үкімет сайтының басты бетінде «sanaq.gov.kz» сілтемесі арқылы онлайн режимде санақ парақтарын толтыруға болады. Сонымен қатар, респонденттер халыққа қызмет көрсету орталықтарында, әкімдіктерде, пошта бөлімшелерінде, мектептер мен сауда орталықтарында орналасатын арнайы ұйымдастырылған нұсқаушылық учаскелерде санақтан өте алады.

«Қосымша ретінде деректердің қамтылуын және дұрыстығын тексеру мақсатында респонденттердің 10%-ын бақылап аралап өту болады», - деді бюро басшысы.

Оның айтуынша, тұрақты тұрғындар, еліміздің азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар да санақтан өтеді. Сондай-ақ, қызметтік міндеттерін орындаумен байланысты шетелге жүрген біздің азаматтар, "Болашақ" бағдарламасы және студенттермен алмасу бағдарламасы бойынша оқитын студенттер, шетелге демалысқа, емделуге немесе қонаққа кеткен туристер де санақтан өтетінін жеткізді.

«Елімізге тұрақты тұруға келген немесе пана іздеген қоныс аударушылар, сондай-ақ 12 айдан аз, уақытша елде жүрген шетелдіктер де санаққа алынады», - деді ол.

Cондай-ақ ол бюро барлық мүдделі МО және ЖАО-мен ұлттық халық санағын өткізу кезінде, оның ішінде шетелдегі азаматтарымыздың санағын өткізуді ұйымдастыру мақсатында ҚР СІМ-мен өзара іс-қимыл тәртібі туралы бірлескен бұйрықтарды бекіткенін айтып өтті.

Санақ парағына қандай жаңа сұрақтар енгізілді

Нұрболат Айдапкелов халық санағын өткізу үшін 91 сұрақтан, нақтырақ 69 сұрақтан және 22 нақтылаушы сұрақтан тұратын санақ парақтары әзірленгенін айтып өтті. Оның айтуынша, үй шаруашылығының әр мүшесі «Жеке» санақ парағының сұрақтарына жауап беретін болса, шетелдіктер елде уақытша жүргендер үшін санақ парағының бланкісін толтырады.

«Халықтың көші-қоны, тіршілік қабілетін шектеу туралы жаңа сұрақтар енгізілді. Оларды БҰҰ мүгедектік статистикасы жөніндегі Вашингтон тобы ұсынды», - деді Ұлттық статистика бюросының басшысы.

Сондай-ақ, ол пандемияның табыс деңгейіне әсері, коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық және халықты вакцинациялау туралы сұрақтар енгізілгенін атап өтті. Соның ішінде, жұмыспен қамту, тіл меңгеру, неке жағдайы және бала туу сұрақтары кеңейтілген.

Халық санағында деректер бірден шифрланған

Нұрболат Айдапкелов санақ жүргізу кезінде азаматтардан алынатын барлық шифрланған ақпарат қорғалған байланыс арналары арқылы Ұлттық статистика бюросының орталық серверіне берілетінін жеткізді.

Халық санағын жүргізу кезеңінде шифрланған деректерді санақтың орталық серверіне беру:

- желі болған жағдайда серверге тікелей планшет арқылы;

- ұялы байланыс желісі нашар жерлерде ЖАО (ауылдық округтердің әкімдіктері) қосылған МО БКО арқылы офлайн режимде жүзеге асырылады.

- барлық аумақтық статистика органдары қосылған IP VPN (жергілікті желі) бойынша деректерді жөнелту мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ, онлайн санақтың «sanaq.gov.kz» үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету шеңберінде резервтік алаң «QazCloud» ұйымдастырылған.

Халық санағын қаржыландыру

Оның мәліметінше, халық санағын өткізу кезінде бүкіл ел бойынша 32 313 адам уақытша жұмысқа тартылады. Оның ішінде, 6 178 адам ағымдағы жылғы 1-30 маусым аралығында өткен санақтың                         1-кезеңіне жұмылдырылады.Сондай-ақ, халықтың негізгі санағына 26 135 санақ персоналы тартылады екен. Бюро басшысының айтуынша, өңірлерде интервьюерлерді жинауды арнайы құрылған комиссия жүзеге асырады.

«Вакцина алған интервьюерлер жұмысқа алынатын болады. Олар үшін толық көлемде жеке қорғаныш құралдары сатып алынатын болады. 2018-2023 жылдарға арналған ұлттық халық санағын қаржыландырудың қажетті көлемі 9,1 млрд теңгені құрайды, оның қазіргі уақытта 3,5 млрд теңгесі игерілді», - деді ол.

Сонымен қатар, ол санақ барысын ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі медиа-жоспарға сәйкес 2021 жылғы 17 мамырдан бастап БАҚ арқылы халық арасында жаппай түсіндіру жұмыстары басталғанын айтып өтті.

«ҰСБ жанынан баспасөз орталығы ашылды. «2021 жылғы ұлттық халық санағының» ресми өкілі тағайындалды, сондай-ақ, ҰСБ департаменттерінің баспасөз хатшылары тағайындалды», - деді бюро басшысы.

Оның мәліметінше, қазіргі таңда бекітілген медиа-жоспарға сәйкес республикалық, өңірлік БАҚ-та және танымал әлеуметтік желілерде 17 387 материал мен жарияланымдар орналасқан. Халық санағын ақпараттық қолдау және бұқаралық-түсіндіру жұмыстары соның ішінде брифингтер, баспасөз хабарламалары, телевизия мен радиода тікелей эфирлер жүргізілуде.

Онлайн режимде санақ жүргізу

Бюро басшысы онлайн режимде санақ жүргізу кезеңінде ұялы телефон нөмірлері үшін "88000800878" және стационарлық телефон нөмірлері үшін "1446" Call-орталық көзделгенін айтып өтті.

Барлық жаңалықтар