• Басты
  • Жаңалықтар
  • Халық санағы: Үй аралау кезіндегі ерекшеліктер, аралық қорытынды және қауіпсіздік шаралары

Халық санағы: Үй аралау кезіндегі ерекшеліктер, аралық қорытынды және қауіпсіздік шаралары

1 Қазан, 2021 12:52

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов «Халық санағы-2021» шарасының аясында 1 қазаннан бастап қызметкер үй аралап санақ алатыны туралы баян етті. Оның мәліметінше, бүгінгі жағдай бойынша онлайн санақтан 6429018 адам азамат өткен.Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Аралық қорытынды

Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов ұлттық халық санағының басталғанына бір ай болғанын атап өтіп, онлайн режимде өткенін жеткізді. Сондай-ақ, бұл мүмкіндік 15 қазанға дейін жалғасады.

«Санақ сұрақтарына жауап берудің бірнеше жолы бар. Бұл sanaq.gov.kz мамандандырылған сайты, E-Gov порталы арқылы, сондай-ақ Aitu мобильді қосымшасын пайдалана отырып авторизациядан өту», - деді Бюро басшысы.

Оның мәліметінше,1 қазан сағат 11-00-дегі жағдай бойынша онлайн санақтан 6429018 адам яғни 33,8% азамат өткен. Оның ішінде, респонденттердің 86 проценттен астамы смартфон арқылы санақтан өткен. Санақтан онлайн режимде өткендер саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр.

«Өңірдің 865824 тұрғыны санақтан өткені туралы хабарлама алды. Алматы облысында 705646 адам тіркелген. Көшбасшылар үштігін Шығыс Қазақстан облысы түйіндейді. Мұнда халық санағының сұрақтарына 612804 адам жауап берді», - деді Бюро басшысы. 

Оның мәлімдеуінше, осы көрсеткіш бойынша Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарын соңғы орындарға орналасқан. Бұл өңірлерде санақтан сәйкесінше 181024 және 155779 адам өткен.

«Егер нақты өңірдің онлайн санақпен қамтылған халқының үлесі бойынша есептесек, онда Қызылорда облысы көш бастап тұр. Мұнда 48,8 % адам қамтылған»,-деді Нұрболат Айдапкелов.

Ал екінші орында Шығыс Қазақстан облысы орналасқан. Бұл өңірде көрсеткіш 45%-ға жеткен, өңірде 1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 1361163 адам тұрады.

Жаппай аралаудың басталуы

Бүгіннен, яғни 1 қазаннан бастап халықты толық қамту мақсатында жаппай аралау кезеңі басталды. Ол 30 қазанға дейін жалғасады. Қазіргі уақытта республика бойынша санақ персоналы ретінде 23367 адам жұмысқа алынған.

«Олардың ішінде 2693 нұсқаушы-бақылаушы және 20764 интервьюер. Ерекше атап өтерлігі, олардың барлығы 18 жастан асқан, COVID-ке қарсы вакцина алған, планшет, компьютермен жұмыс істей алатын азаматтар»,-деді Нұрболат Айдапкелов.

Оның айтуынша, барлық интервьюерлерге планшетпен жұмыс істеу, сауал салу жүргізу әдістері бойынша оқыту ұйымдастырылған. Сондай-ақ, санақ сұрақтарына онлайн режимде жауап бергендер санақтан өткені туралы хабарламаны көрсетеді.

«Интервьюер тұрғын үй-жайдағы барлық адамдар санақтан өткеніне көз жеткізгеннен кейін, өз учаскесінің келесі мекенжайына барады. Бұл учаскелер халық санағының 1-30 маусым аралығында өткен бірінші кезеңі барысында қалыптастырылған болатын»,-деді ол.

Интервьюерді қалай тануға болады

Бюро басшысының айтуынша, интервьюерде санақ логотипі бар көк шарф және сөмке болады. Электрондық санақ парақтары бар планшет, сондай-ақ, бейдж-куәлік беріледі.

«Бұл куәлікте аумақтық статистика департаменті басшысының қолымен және мөрімен расталған интервьюердің фотосуреті, толық аты-жөні болады. Куәліктің жоғарғы бөлігінде тіркеу нөмірі көрсетіледі»,-деді Нұрболат Айдапкелов.

Оның айтуынша, бұл нөмірді sanaq.gov.kz сайтында «интервьюерді іздеу» жолағына енгізуге болады. Одан кейін сайтта интервьюердің деректері көрсетіледі. Сондай-ақ, интервьюердің жеке басын 1446 нөміріне қоңырау шалу арқылы да тексеруге болады.

Интервьюерлермен шарт жасасу

Әрбір интервьюермен өтеулі қызмет көрсету туралы шарт жасалған. Онда тараптардың міндеттемелері егжей-тегжейлі сипатталған. Негізгі шарттан басқа, сауал салу жүргізу барысында респонденттер айтқан дербес деректерді үшінші тұлғаларға жарияламау туралы келісімдер жасалған.

Еңбекақы төлеу

Нұрболат Айдапкеловтің дерегінше, интервьюерлердің жалақысы 30 күнде 104 мың теңгені құрайды. Ал нұсқаушы-бақылаушылардың 45 күнге жұмысы үшін төлем 125 мың теңгені құрайды.

Қауіпсіздікті шаралары

Оның айтуынша, жаппай аралау кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әкімшілік полиция комитетімен бірлесіп өзара іс-қимыл алгоритмі қабылданған. Оған сәйкес тәртіп сақшылары іс-шараны өткізу кезінде қолдау көрсететін болады.

«Қажет болған жағдайда, құқық қорғау органдарында есепте тұрған адамдар мен тұрмысы нашар отбасылар тұратын күрделі учаскелерде, саяжай алқаптарында учаскелік инспекторлар интервьюерлермен бірге жүретін болады»,-деді ол.

Ақпараттық қауіпсіздік

Халық санағын өткізу кезеңінде деректерді орталық серверге беру екі тәсілмен жүзеге асырылады. Бірінші әдіс – ұялы байланыс операторының қорғалған желісі арқылы онлайн режимде планшеттен беру. Интервьюер планшетпен оператордың қызметімен қамту аймағында болған жағдайда, байланыстың мұндай түрі барлық деңгейлерде (қалалық, аудандық, ауылдық) қолданылуы мүмкін. Екінші әдіс ұялы байланыс желісі нашар шалғай елді мекендерде сауал салу жүргізу кезінде пайдаланылатын болады.

Сондай-ақ, интервьюерлер үшін деректерді жергілікті атқарушы органдар (ауылдық округтердің әкімдіктері) қосылған арнайы желі арқылы оффлайн режимде орталық санақ серверіне беру мүмкіндігі қарастырылған.

«Байланыстың бұл түрі ЖАО-ның барлық деңгейлерінде (қалалық, аудандық, ауылдық) қолжетімді. Барлық аумақтық статистика органдары қосылған, Бюроның ведомстволық деректерді беру желісі бойынша деректерді жіберуге болады. Барлық жіберілетін файлдар шифрланады»,-деп түйіндеді Нұрболат Айдапкелов.

Барлық жаңалықтар