Халық санағы: Өту барысы, санақ бұрыштары, деректер базасындағы қателер

15 Қыркүйек, 2021 16:56

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов халық санағының өту барысы туралы айтып берді. Оның мәліметінше, 15 қыркүйектегі дерек бойынша санақтан 3024216 азамат өткен. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов халық санағы басталғалы екі апта уақыт өткенін атап өтіп, қазіргі уақытта ол тек онлайн режимде өтіп жатырғанын жеткізді. Оның айтуыша, санақ сұрақтарына жауап берудің бірнеше тәсілдері көзделген.

«Бұл мамандандырылған «sanaq.gov.kz» сайты, «E-Gov» порталында авторизациялау арқылы, сондай-ақ «Aitu» мобильдік қосымшасын пайдалану мүмкіндігі бар », - деді Нұрболат Айдапкелов.

Санақ бұрыштары

Оның айтуынша, халықты онлайн санақпен кеңінен қамту мақсатында"санақ бұрыштары" деп аталатын орындар ұйымдастырылған. Бұл бұрыштарда аумақтық статистика органдарының консультанттары жұмыс істейді. Үйде процедурадан өтуге мүмкіндігі жоқ кез-келген азамат жиі баратын жерлерде санақтан өте алады екен.

«Олар ХҚКО ғимараттарында, "Қазпошта" АҚ филиалдарында, білім беру мекемелері мен ойын-сауық орталықтарында ұйымдастырылды. Жалпы, ел бойынша 3100-ден астам осындай бұрыштар ашылды», - деді Ұлттық статистика бюросының басшысы.

Деректер базасындағы қателер

Сондай-ақ, ол деректер базасындағы қателерге тоқталып өтті. Соның ішінде азаматтардың бірқатар дұрыс емес деректері анықталған.

«Санақтан өткендер сауалнамаларды толтырудың бастапқы кезеңінде кейбір жолдар автоматты түрде толтырылатынын байқаған шығар. Бұл мемлекеттік деректер қорынан алынғантегі, аты, әкесінің аты, жынысы және басқа да ақпарат», - деді Нұрболат Айдапкелов.

Мәселен, төрт ер адам деректер базасында әйел деп көрсетілгені белгілі болған. Оның айтуынша, үш әйел ер адамдар ретінде көрсетілген. Осы орйада, бұл адамдарға мәртебесін өзгерту үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгіну ұсынылатынын атап өтті.

Санақ парақтарын қалыптастыру

Ол санақ процесі басталғаннан бастап қоғамда санақ парақтарындағы кейбір сұрақтарды қызу талқылау басталғанын айтып өтті. Оның сөзінше, биылғы санақ парақтарын құрудың негізі 2009 жылғы санақ сауалнамалары болған. Бұдан басқа, мемлекеттік органдар мен 2020 жылғы халық және тұрғын үй қоры санақтарын өткізу бойынша статистика саласында мамандандырылған халықаралық ұйымдардың (Еуропалық статистиктер конференциясы, Вашингтон тобы және т.б.) ұсыныстары ескерілген. Сондай-ақ, санақ парақшалары арнайы тестілеуден өтіп, пилоттық санақ кезінде сынақтан өткізіліп, пысықталған. Кейіннен мемлекеттік органдармен келісу барысында христиан діні бөлігінде діни сенім жөніндегі сұраққа оның басым бағыттарын ашу үшін жауап нұсқалары кеңейтілген. Сонымен қатар, байланыс қызметтерін ұсыну бөлігінде тіркелген санақ сұрақтары кеңейтілген.

«Санақ парақтары бекітілгеннен кейін ағымдағы жылдың шілде айында сұрақтар саны 91-ді құрады. Санақ парақтары барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді. Қолданыстағы қағидалар бойынша "Ашық НҚА"порталында орналастырылған», - деді Ұлттық статистика бюросының басшысы.

Сондай-ақ, sanaq.gov.kz.мамандандырылған сайтына орналастырылған. Ұлттық статистика бюросының басшысы сұрақтардың санына қатысты өз пікірін білдірді.

«Сұрақтардың саны көп болып көрінеді. Бірақ мен осы бағытта басқа елдерден мысалдар келтіруді орынды деп санаймын. Мысалы, Болгарияда респонденттерге 95, Польшада – 88 сұрақ қойылады», - деді Нұрболат Айдапкелов.

Ол азаматтар барлық сұрақтарға жауап бермейтінін атап өтті. Оның айтуынша, санақ жүйесіне кіруді жандандырғаннан кейін тегі, аты, әкесінің аты, ЖСН, жынысы, жасы, туған күні бойынша деректер базадан автоматты түрде түседі. Сондай-ақ, шетелдіктер үшін сұрақнама Қазақстан азаматтарына қатысты емес екенін тілге тиек етті.

«Отбасы құрамы мен тұрғын үй жағдайлары жөніндегі сұрақтарға тек қана отбасы басшысы бір рет жауап береді, отбасының қалған мүшелері тек жеке сұрақтарға жауап береді. Тек әйелдерге қатысты арнайы сұрақтар бар», - деді Нұрболат Айдапкелов.

Оның айтуынша, жұмыссыздық туралы сұрақтар жұмыспен қамтылған немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарға қойылмайды. Сонымен қатар, сыртқы көші-қон бойынша сұрақтар шетелде бір жылдан астам өмір сүрген адамдарға қойылады. Жұмыспен қамту бойынша сұрақтар 14 жастан асқан адамдарға, неке жағдайы бойынша 15 жастан асқан адамдарға қойылады.

Тұрғын үй қоры бойынша сұрақтар

Ол тұрғын үй қоры бойынша сұрақтар кең талқылауда болған сұрақтарға тоқталып өтті. Мәселен, адамдар тұрғын үй жағдайлары бойынша сұрақтардың не үшін қажет екендігіне қызығушылық танытқан.

«Атап айтқанда, қабырғалар неден жасалғаны айтатын болсам, алдымен БҰҰ жариялаған раунд "Халық және тұрғын үй қоры санағы"деп аталады. Осы санақ аясында нақты елді мекеннің, ауданның, облыстың, жалпы елдің тұрғын үй қорын одан әрі талдау үшін толық ақпарат алу жоспарлануда», - деді Нұрболат Айдапкелов.

Сонымен қатар, ол бұл сұрақтар алдыңғы халық санағында да қойылғанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, бұл сұрақтарға жауаптар көрсеткішті өзгерту үшін динамикалық қатар құруға мүмкіндік береді. 2021 жылғы халық санағының қорытындылары "ТҚСТ" АЖ-дағы мәліметтердің өзектілігі мен дұрыстығын талдауға мүмкіндік береді. Оның ішінде тұрғын үй объектілерін және оларда тұру жағдайларын, "Жылжымайтын мүлік тіркелімі" МДҚ-да тіркелмеген объектілерді, бос немесе иесіз үйлерді, іс жүзінде істен шыққан, бірақ заңды тіркеу мәліметтері бар үйлерді анықтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, ол өзектілігі мен пайдаланушылардың қызығушылығын, сондай-ақ әкімшілік дереккөздерде ақпараттың болмауын ескере отырып, жаңартылатын энергия көздері есебінен жылыту бойынша сұрақтар қосылғанын атап өтті.

Балалардың саны

Оның айтуынша, тірі туылған балалардың саны туралы сұрақ туу туралы маңызды деректерді қамтамасыз етеді. Осы орайда, оларды кез-келген басқа дереккөзден, оның ішінде азаматтық хал актілерін тіркеудің толық дамыған жүйесінен алу мүмкін еместігін атап өтті.

«Оларға жауаптар туу туралы неғұрлым толық ақпаратты береді, ал санақ сәтіндегі тірі балалар туралы сұрақтармен бірге нәрестелер мен балалар өлімі туралы маңызды ақпарат береді», - деді Нұрболат Айдапкелов.

Сонымен қатар ол халықаралық стандарттарға сәйкес, әйел 15 жастан бастап репродуктивті жасқа енетінін атап өтіп, тірі туылған балалардың жалпы саны туралы ақпарат бала тууды есептеу және туу деңгейін бағалау үшін қолданылатынын жеткізді. Сондай-ақ, әйелдерде тірі туылған балалардың саны және олардың қаншасы тірі екендігі туралы сұрақтар 1999, 2009 жылғы халық санақтарында қойылғанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, халық санағының қорытындысы бойынша жынысы бойынша туылған балалардың саны, туу кезіндегі жыныстардың арақатынасы, когорттық туу, туу күнтізбесі туралы деректер алынады.

Тыныс-тіршіліктің шектелуі туралы сұрақтар

Сондай-ақ, ол тыныс-тіршіліктің шектелуі туралы сұрақтар қызу талқыланғанын атап өтіп, неліктен көру, есту, жүру және есте сақтау көрсеткіштері енгізілгенін түсіндірді.

«Бұл сұрақ алдыңғы санақта да қойылғанын атап өткен жөн. Бірақ тұжырымдалуы басқа болды. 2009 жылғы халық санағының «Сіз жүру, есту, көру және сөйлеу кезінде қиындықтар сезінесіз бе?» деген жалпылама сұрақ осы қиындықтардың түрлері бөлінісінде қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік бермеді», - деді Нұрболат Айдапкелов.

Осы тұста, биылғы жылғы санақ парағына мүгедектік статистика жөніндегі Вашингтон тобы ұсынған тыныс-тіршіліктің шектелуі жөніндегі қысқаша сұрақнама енгізілгенін жеткізді. Оның айтуынша, бөлім 5 сұрақтан тұрады. Атап айтқанда, онда тұрғындарға белгілі бір әрекеттерді орындау кезінде күнделікті өмірде кездесетін денсаулығына байланысты қиындықтарды бағалау ұсынылады екен. Сонымен қатар, бөлімнің сұрақтарына 5 және одан жоғары жастағы респонденттер жауап береді. Оның мәлімдеуінше, халық санағының қорытындысы бойынша мүгедектер мен тыныс-тіршілігінде үлкен қиындықтар мен шектеулері бар, бірақ медициналық мекемелерге жүгінбеген, сондықтан ағымдағы статистикада көрсетілмеген адамдардың саны туралы деректер алынады. Сонымен қатар, нәтижелер ұлттық бағдарламалар мен Мүгедектердің құқықтары жөніндегі конвенция шеңберінде одан әрі зерттеулер жүргізу үшін іріктемелер қалыптастыруға мүмкіндік береді екен.

Барлық жаңалықтар