• Басты
  • «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы: халық пен билік тандемі
4 Наурыз, 2020 18:19

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы: халық пен билік тандемі

Әділ билеуші жайлы, кемел мемлекет құру туралы тұжырымдар ғасырлар бойы талай ғұламаның еңбектеріне арқау болып келеді. Ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактатында» қайырымды, ізгі қала туралы ойларымен бөлісіп, әділ билеуші басқарған, адамдары бір-біріне көмектесетін «идеал қоғам» құруды ұсынады. Ол мұндай қоғамды құру үшін қандай шарттар қажет екеніне дейін тоқталып, тарқатып өтеді.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы: халық пен билік тандемі

Осы ретте, грек ойшылдары Платон мен Аристотель, әйгілі Кун Цзы сынды философтардың да кемел мемлекет құруға байланысты ұстанымдары, еңбектері көптеген саяси құрылым түрлерін құруға негізделген. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасын да осындай тарихи еңбектерде айтылған өміршең ойлардың сабақтастығы деп қабылдауға болады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бап, 1-тармағында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп жазылған. Яғни, мемлекеттік құрылымдардың қызметі халықтың игілігіне, азаматтардың сұранысы мен талап-тілектеріне бағытталуы тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына жолдауында «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деген болатын.

Осы мақалада мемлекет пен халық арасында тығыз қарым-қатынас орнатудың жай-жапсарына үңіліп, жетістіктер мен әлі де жетілдіруді қажет ететін факторларға тоқталатын боламыз.

 Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы аясында атқарылып жатқан шараларға шолу.

Қазіргі таңда елімізде осы тұжырымданы іске асыруға бағытталған бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Халықпен тығыз қарым-қатынас орнатудың түрлі тетіктері іске қосылуда.

Нұр-Сұлтан қаласында былтыр тамыз айының соңында «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы ашылды. Бұл орталық қала тұрғындарына «бір терезе» қағидасы бойынша 70-тен астам мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді.

«Жанұя» орталығы ашылғаннан бері бүгінге дейін 26 мыңнан астам қала тұрғынына көмек көрсетілген. Бұл еліміз бойынша халыққа қызмет көрсетудің, жұртшылықпен байланыс жүйесінің үздік үлгілерінің бірі. Сонымен бірге, қазіргі таңда көптеген мемлекеттік органдарда «Ашық әкімдік» форматында фронт-офистер құрылуда. Аталған жерде әр түрлі мемлекеттік органдардың халыққа жедел қызмет көрсету мүмкіндіктері қарастырып, кері байланыс тетіктері жетілдіруде.

Сондай-ақ, елімізде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жанындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы халықтың қызмет алу мүмкіндігін оңтайландыру жұмыстары уақыт өткен сайын жетілдіріліп келеді.

Үй, балабақша кезегіне тұру, автокөліктерді рәсімдеу сияқты қызметтер барынша жеңілдетілген түрде халыққа ұсынылуда. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы арқылы да халыққа көрсетілетін қызмет түрлері цифрлық форматқа көшірілуде. Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы арқылы орталық және жергілікті деңгейдегі мекеме басшыларының блогына ресми хат жолдап, үш күн мерзімде жауап алуға мүмкіндік жасалған.

Сонымен қатар, мекеменің бірінші басшыларының әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттары ашылып, кейбір мекеме басшылары өздерінің жеке байланыс телефондарын жариялау арқылы халықпен жедел кері байланыс орнатуға көңіл бөлуде. Бұл аккаунттардың бәрінен жедел жауап, нақты шешім қабылданбаса да, халықпен қарым-қатынас саласында айтарлықтай жүйелі түрде алға жылжудың бар екенін айту керек.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру тұжырымдамасы аясында билік өкілдерінің халықпен кездесулері артып, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау үрдісі жетілдірілуде.

Былтыр Нұр-Сұлтан қаласы «Сарыарқа» ауданы әкімдігінде «Бюджетке қатысу» бастамасы аясында біраз игі шаруа атқарылды. Яғни, аудан тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді шешу бойынша жалпы құны 15 млн. теңге юолатын жоба ұсынады. Ол жобаны арнайы комиссия қарастырып, халықтың дауыс беруіне ұсынады. Ең көп дауыс жинаған жобаны іске асыруға жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлінеді. Осы арқылы халықтың белсенділігі артып, бюджет қаражатын қайда жұмсау қажеттігі жөнінде нақты шешімдер қабылдай алады. Осы тәжірибе қазіргі таңда Елорда мен еліміздің өзге аудандарында да қолға алына бастады.

Халықпен қарым-қатынасты жақсартатын, көпшілікті толғандырып жүрген мәселелерді пікір талқысына салатын маңызды диалог алаңдарының бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі. Бұл ел президентінің тікелей тапсырмасымен өткен жылы құрылып, қоғамды демократияландыру үдерісін одан әрі жақсарту, халықты толғандырған мәселелерді дер кезінде шешу мақсатын көздейді. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында «Ұлттық кеңес, бірінші кезекте, қоғамдық диалог пен сенім алаңы ретінде құрылды. Біз осы сенімді ақтауға тиіспіз» деген болатын.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2019 жылғы 20 желтоқсандағы екінші отырысында қоғамдағы бірқатар өзекті тақырыптар талқыланғанын айта кету керек. Аталған отырыста бюджет қаражатының ашықтығы, игерілмей жатқан жерлерді иелерінен кері қайтарып алу, шетелдік жұмысшылар мен отандық жұмысшылар арасындағы жалақы алшақтығын жою, еңбек қатынастары барысындағы әлеуметтік тепе-теңдікті қамтамасыз ету, микро және шағын бизнесті үш жылға табыс салығынан босату, оларды үш жылға тексеруді немесе барып профилактика жасауды тоқтату, көп балалы отбасыларға көмек, латын графикасын жаңарту, саяси реформалар, яғни митингке шығуды алдын ала рұқсат алу арқылы емес, хабарландыру арқылы ұйымдастыруға мүмкіндік беру, саяси партия құруға байланысты құрылтайшылар санын азайту сияқты мәселелер сөз болып, тиісті құрылымдарға нақты тапсырмалар берілді.

Бұл кеңестің отырыстары әлі де жалғасатындықтан қорытынды бағасы болашақта берілетін болады.

Мемлекеттің атқаратын біраз қызметтерін бәсекелес ортаға беру мәселесі де елімізде жиі көтеріліп келеді. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 2015 жылғы 20 мамырдағы «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасының 97-қадамында «Өзін-өзі реттеу мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту. Мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттеуші ұйымдарға беру. Үкімет мемлекетке тән емес және басы артық қызметтерді қысқарту есебінен неғұрлым ықшам бола түседі» деп жазылған болатын.

Қазіргі таңда бәсекелес ортаға берілетін мемлекетік қызметтер тізбесі айқындалып, тиісті жұмыстар жүзеге асырылуда. Осы арқылы мемлекеттік аппараттың саны айтарлықтай қысқарып, бәсекелес ұйымдар тарапынан берілетін қызметтің сапасы артады. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыспен қызметтерді ұсыну – жеке сектордың дамуына жол ашып, азаматтық қоғамның белсенділігін арттырады. Нәтижесінде жұртшылықтың қоғамдық-саяси белсенділігі мен құқықтық сауаты арта түседі.

Мемлекеттік қызметті бәсекелес ортаға беру үрдісі екі тәсілмен жүзеге асырылуда: тұтастай беру немесе жартылай беру.

 Жартылай беру мемлекеттік тапсырыс, аутсорсинг, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тәсілдері арқылы іске асады. Бірақ азаматтық қоғам бұл қызметтерді қаншалықты сапалы атқара алады деген сұрақ күн тәртібінен түскен жоқ. Сондықтан бұл үрдіс кезең-кезеңімен, жүйелі түрде жүргізілгені жөн.

  Азаматтық қоғам құру бағдары.

Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдасын іске асырарда азаматтық қоғам институттары қызметін жетілдіру үрдісіне тоқталмай кетпеуге болмас. Бүгінге дейін Қазақстанда азаматтық қоғамды қалыптастыруға арналған біраз жұмыстар жасалып келеді.

2003 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен еліміздегі Бірінші Азаматтық форум ұйымдастырылды. Бұл форум әр екі жыл сайын өткізіліп келеді. Азаматтық қоғам институттары мен мемлекеттік құрылымдар арасында өзара байланыс орнату, өзекті мәселелерді бірлесіп шешу мақсатында жер-жерде консультативтік-кеңесші органдар құрылды.

Азаматтық қоғамды қалыптастыру мемлекеттің дамуын алға жетелеп, халықтың түрлі салалар бойынша мәселелерін шешуге ықпал ететін фактор екенін айта кету керек.

Америкалық экономистер Дарон Аджемоглы мен Джеймс Робинсон «Мемлекеттер неліктен күйрейді» (Why Nations Fail: The Origins of Power, Prosperity, and Poverty) атты әйгілі бестселлер еңбектерінде әлемдегі мемлекеттердің даму және күйреу себептерін жан-жақты талдаған. Олар жер бетіндегі әр түрлі кезеңде өмір сүрген көптеген мемлекетті бір-бірімен салыстырмалы түрде зерделей отырып, олардың даму және құлдырау себептеріне қатысты нақты көзқарастарын білдіреді және бұл көзқарастарды әлемдік сарапшылардың көпшілігі оң бағалаған. Олар мемлекет дамуын алға сүйрейтін және кері тартатын инклюзивті және экстрактивті институттар екеніне тоқталады.

Инклюзивті институттары бар мемлекеттер дамудың қарқынды динамикасын бағындырып, халық пен мемлекеттік институттар арасында қоян-қолтық байланыс орнаған. Мемлекеттің дамуына қатысты қандай да бір мәселеде жекелеген азаматтар және қоғамдық ұйымдар белсенділік танытып, мемлекеттік саясатты өздері айқындайды. Яғни, белсенділігі арқылы өздері өмір сүріп отырған мемлекетті өркендетуге ат салысады.

Ал экстрактивті институттар дамыған мемлекеттерде мемлекеттік билік қоғамның даму бағдарын өзі жеке дара анықтап, қоғам мен халықтың үніне құлақ аспайды. Мұндай мемлекеттердің көпшілігі дамуда кері кетіп, күйреп тынады. Зерттеушілер қорытынды ұсыныс ретінде мемлекеттің азаматтық қоғам институттарына құлақ асып, олармен ынтымақтасу арқылы өзінің даму бағытын белгілеуге шақырады.

Азаматтық қоғамды дамыту ісі Қазақстанда да жүзеге асырылуда. Мысалы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, жергілікті жерлерде Қоғамдық даму істері басқармалары құрылып, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жобаларын қолдау жұмыстары жанданып келеді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек Қазақстанда 2019 жылғы маусымдағы жағдай бойынша тіркелген үкіметтік емес ұйымдар саны – 22 763.

Бұл ұйымдардың саны көп болғанымен көп жағдайда сапасы сын көтермей жатады. Көптеген ұйымдар өз қызметін тек мемлекеттік тапсырысқа байланысты жандандырып, қалған уақытта қызметтерін іс жүзінде тоқтатады. Яғни, «конкурстан-конкурсқа» дейін қызмет атқару үрдісі белең алғаны жасырын емес. Сондықтан белсенді азаматтық қоғам институттары саны статистка жүзінде көп болғанымен, шынайы азаматтық қоғамды қалыптастыруға олардың сапалық құрамы жеткіліксіз деп бағалауға болады. Тек мемлекеттік тапсырыспен күнелтетін, қызметі осыған байланған ұйымдар көп жағдайда өз ұстанымын ашық айтпай, тек тапсырысты орындау мақсатын ғана көздейтін болады.

Сондай-ақ, еріктілер қозғалысын, әлеуметтік кәсіпкерлік, қоғамның әлеуетін тартатын фандрайзиг, кронуфандинг сынды әдістерді кеңінен пайдалануды қолға алу қажет. Бұл мемлекеттің қаражаты мен қолдауынан тәуелсіз, дербес азаматтық көзқарасты ұстанатын белсенді ұйымдардың санын арттырып, баламалы ұстанымдағы институттарды күшейтетін болады. Мұны жолға қою біраз уақытты талап ететін үдеріс. Ол орта таптың, көпшіліктің, кәсіпкерлердің ұстанымына, өмір сүру мәдениетіне де байланысты.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамытудың тұжырымдамасы дайындалып, қоғам талқысына салынуда.

Бұған дейін де Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданған болатын. Аталған тұжырымдама үкіметтік емес ұйымдарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету, мемлекет пен қоғамдық ұйымдар арасындағы қарым-қатынасты жандандыруға бағытталды. Осы бағытта мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жобаларының саны кеңейіп, азаматтық қоғам институттарының орталық және жергілікті деңгейдегі комиссиялар мен кеңесші органдарға қатысуы күрт ұлғайды. Әділет органдарында ресми тіркелген үкіметтік емес ұйымдар саны үлкен қарқынмен ұлғайды.

Соңғы дайындалған тұжырымдамада үкіметтік емес ұйымдарды сандық қана емес сапалық тұрғыдан да дамыту, екіжақты әріптестікті нығайту, азаматтық қоғам институттарының әлеуетін мемлекетті басқару саласына жұмылдыру, коммерциялық емес ұйымдардың құқықтарын арттыру, қоғамдық, азаматтық мониторинг тетіктерін күшейту, «позитивті азаматтық белсенділікті» дамыту мәселелері қарастырылған.

Осы бастамалар қабылданып, заңнамалық тетіктер мен оны іске асыру механизмдері әзірленсе, елдегі азаматтық қоғамды дамыту саласында ілгерілеушілік болады деп пайымдаймыз.

 Жергілікті атқару органдары басшыларын сайлау және халық алдындағы есептілік мәселесі.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» әр түрлі механизмдер арқылы құрылуы мүмкін. Зерттеушілер билік пен халықтың арасындағы өзара тиімді қатынастың қалыптасуына, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асатын мемлекет құруға қатысты түрлі ұсыныстар айтып келеді. Мысалы, жергілікті басқару саласын жетілдіруге қатысты ойларымен танылып жүрген саясаттанушы Еркебұлан Жұмашов өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында былай деген болатын:

«Күшті институционалды құрылымы бар, сайланбалы және заңдық нормаларға сәйкес автономды жұмыс істейтін сельсоветтердің қызметінің нашар болуының ең негізгі себептерінің бірі фискальді және материалдық мәселесінің шешілмеуі болатын. Соның нәтижесінде сельсоветтер төменгі деңгейде екпінді органға айнала алмады. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін де ауылдық деңгейде өзін-өзі басқарудың ғана емес, жергілікті мемлекеттік басқарудың дамуына кедергі келтіріп отырған ең басты факторлардың бірі жеке бюджетінің жоқтығы болатын. Заңға енгізілген өзгерістер осы кемшілікті түзетеді. Ендігі жерде ауыл тұрғындарының жергілікті аумақтағы саяси процестерге қатысу белсенділігі артуы тиіс. Бірақ осы жерде басқа проблема туындайды, ауыл әкімдері бюджеттің орындалуы жөнінде бір жағынан жергілікті қоғамдастыққа (халыққа) есеп беруі тиіс, екінші жағынан тексеруші органдарға есеп беруі тиіс. Бұл ауыл әкімдерін екі жақтан қысуға әкеледі. Мұндай жағдайда, білікті басшылар ауыл әкімі болып ұзақ отырмайды. Себебі тынымсыз есептен шаршап, басқа салаға кетеді. Бұл қазірдің өзінде байқалып жүр, жергілікті халықтың талабы мен жоғарының қысымын қатар көрген бірнеше ауыл әкімінің лауазымынан өз еркімен бас тартқанын естідім. Сондықтан ауыл әкімдеріне жоғары органдардың қысымын азайтып, жергілікті халыққа есептілігін күшейту керек».

Ауыл, аудан, қала және облыс әкімдерін халықтың сайлауы жөніндегі ұсыныстар тәуелсіздік алған жылдардан бері көтеріліп келеді. Ең әуелі, ауыл әкімдерін халықтың сайлау үрдісін жетілдіріп алу қажет. Қазіргі таңда ауыл әкімдерін мәслихат депутаттары сайлайды. Бұл ретте, сайлау құқығын тікелей халыққа беріп, есептілікті де халықтың алдында жасаған тиімді болары анық. Ол үшін ауыл әкімдеріне жеке бюджет беріп, тиісінше олардың жоғары органдарға беретін есептілігін азайтуға болады.

Қазіргі таңда елімізде ауыл халқының саны ел тұрғындарының 40 пайызын құрайды. Сондықтан жергілікті жерде халық үніне құлақ асатын және халықтан түскен ұсыныстарды іске асыратын мемлекеттік құрылымдарды қалыптастырудың ең негізгі жолдарының бірі осы.

Бұл биліктің халыққа тәуелді болуына, оның мұң-мұқтажын шешуге белсене қызмет етуіне, сондай-ақ басқарушы құрылым қызметінің жалғасуы халықтың оған берген есебіне байланысты болуына ықпал ететін фактор. Мұны осындай сайланбалы жүйе қалыптасқан өзге мемлекеттердің мысалынан көре аламыз.

Билік құрылымдарының халыққа есептілігі әр түрлі әлеуметтік түйіткілдер бойынша жеке және топтық наразылық акцияларының да азаюына әкелетін болады. Өйткені көп мәселе халықтың өз есебінен жергілікті жерде шешіліп отырады. Қазіргі таңда жиі байқалып жүргендей, орталық атқарушы органдарға сабылатын халық қарасының да азаюына осы фактор ықпал ететін болады.

Ауыл және аудан, қала, облыс әкімдерін сайлау және орталық мемлекеттік органдарға емес, олардың халыққа есептілігін күшейту ұсынысына орталық деңгейдегі органдар мүдделі болмауы мүмкін. Өйткені бұл үрдіс жергілікті мемлекеттік институттардың орталыққа тәуелділігін азайтып, олардың дербес саясат жүргізуіне мүмкіндік береді. Сондықтан да бұл елдік мәселе тұрғысынан қарағанда оңтайлы бастама болары анық.

Қорытындылай келгенде, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру тұжырымдамасы қазақ халқының «Әкім бол, халқыңа жақын бол» тәмсілімен астасып жатқанын да айта кету керек. Сондықтан аталған тұжырымдама аясындағы іс-шаралар баянды болады деп сенейік.

 

Сәкен ЕСІРКЕП

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды