• Басты
  • «Хабар» телеарнасының эфирге шыққанына 25 жыл толды
23 Қазан, 2020 17:05

«Хабар» телеарнасының эфирге шыққанына 25 жыл толды

Бүгін еліміздегі ірі телекомпанияның бірі - «Хабар» агенттігіне 25 жыл. 1995 жылы 23 қазанда үкіметтің қаулысымен «Хабар» агенттігі «республикалық мемлекеттік кәсіпорын ретінде құрылды. Осы орайда, 25 жылдық мерейтой қарсаңында «Хабар» телеарна қызметкерлерін, яғни әріптестерімізді мерейлі мерекмен құттықтай отырып, арнаның тарихына шолу жасауды жөн көрдік. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

«Хабар» телеарнасының эфирге шыққанына 25 жыл толды

Жаңалықтар тарататын алғашқы студия

Ал 1996 жылы жаңалықтарды тікелей эфирге шығару және тарату үшін Хабар агенттігінің алғашқы студиясы құрылған. Мұнда ағылшынның Quantel компаниясының ең заманауи сандық телевизиялық жабдығы таңдалды. Quantel компаниясынан алған NewsBox-тың екі жинағы студияның ядросына айналды. Бұл компьютерлер (қазіргі өлшемдермен қарағанда өте көлемді) жаңалықтарға арнап лентаға түсірілген материалдарды жедел монтаждауға арналған.



1998-1999 жылдар аралығында үлкен циклдық бағдарламалар жасау үшін 600 метрлік Аппараттық-студиялық блоктың жабдықталған N5 студиясы («Sony» компаниясының өнімі) және қозғалмалы телевизиялық станцияларымен бірге жабдықталған түсіру павильоны бар N 4 студиясы қолданысқа берілді. Шоу-жарықты монтаждауды, кранды, хабар тарату серверлері қондырылған «Хабардың» эфирлік аппараттық жаңғыртылуын қоса алғанда, кейінірек алған сегіз камераға арналған ЖТС Sony жабдығы жаңа деңгейдегі бағдарламалар жасауға мүмкіндік туғызды: концерттер түсіру, спорттық іс-шараларды жүргізу, ток-шоулар өткізу және маңызды оқиғаларды тікелей эфирде көрсету.

 

Сериалдар түсіре бастады

Сонымен қоса 1996 жылы «Хабар» агенттігі қазақстандық телевизияның даму тарихында бірінші рет қазақстандық сериал түсіруді қолға алды. Сөйтіп, «Перекресток» сериалы дүниеге келді.


«Хабар» Агенттігі 2010 жылдан бастап өз телехикаяларын түсіруге кірісті. Бүгінде «Хабар» арнасы мелодрама, комедия, детектив пен тарихи жанрдағы отандық телехикаяларды шығара отырып, Қазақстанның медиа саласындағы жаңа бағыттың негізін салып отыр. Қазір үлкен мектептен өткен, алғашқы телехикаялар түсіруде мол тәжірибе жинаған қоюшы сценаристер, режиссерлер, жаңадан атағы шыққан актерлерден тұратын қазақстандық шығармашылық топ «Хабар» Агенттігінің тапсырысы бойынша тамаша отандық телехикаялар түсіре алады.

 

Әлемдік спорт жаңалықтарын тарата бастады


Алғашқы спорт жаңалықтары жеке айдар ретінде эфирге 1997 жылы шықты. 2002 жылы «Хабар» Агенттігі Пусанда өткен Азия ойындарына спорт журналистерін аккредитациядан өткізді. Сол уақыттан бері 4 жыл сайын ұйымдастырылатын континентальды жарыстарда «Хабар» Агенттігінің спорт журналистерінің ұжымы жұмыс істейді. Ұзақ уақыт бойы «Хабар» Олимпиада ойындарында Қазақстанның атынан баратын жалғыз телеарна болды: Бейжіңде (2008 ж.), Ванкуверде (2010 ж.), Лондонда (2012 ж) агенттік тілшілері спорт жаңалықтарын жеткізді. Тек Сочиде (2012 ж.) «Хабардың» журналистеріне басқа қазақстандық телеарналардың спорт комментаторлары қосылды.

 

Хабардың жобалары

1995 жылы бірінші болып «Хабар – әскер», «Я – налогоплательщик», «Парламентская неделя», «Еркем-ай», «Майдан», «Сәлем, Қазақстан!», «ЭКОС» және т.б. бағдарламар шықты. Алғашқы үш жылдың ішінде 30-дай жоба жасалды. Олардың көбі әлі күнге дейін көрерменнің есінде.

2000 жылдары «Хабардың» эфирінде «Хабар News», «Бизнес-Хабар», «Хабар-жер» сияқты түрлі бағдарламалар шықты. 40-тан астам жаңа жобалар жасалды. Бүгінде бағдарламалардың сапасы арта түсуде, телеарна көрерменнің көңілінен шығу үшін сапалы, қызықты дүниелер жасауды жалғастыра береді деп сенеміз.

Сондай-ақ 1998 жылы «Хабар» тікелей режимде «Мир» ғарыш станциясымен байланыс жасады. Ғарыштан Талғат Мұсабаев Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін шырқады.


Бұдан бөлек, «Алматым – алғашқы махаббатым» ретро-фестивалі өткізіліп, эфирден беріле бастады. Аталмыш фестиваль ХХ ғасырдың екінші ортасында өмір сүрген дердің, Қазақстанның үлкен қаласының, жалпы алғанда мемлекет өміріндегі маңызды даталарды, естеліктерді жинақтап, сақтап қалуда маңызы зор болды.

 

Хабар халықаралық одақтардың мүшесі

1998 жылы «Хабар» Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағының (АBU) толық құқылы белсенді мүшесі болды. Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағы – радио және телевизияда хабар таратушылардың кәсіби қауымдастығы. Бұл одаққа әлемнің 52 елінен 102 ұйым кіреді. Одақтың алға қойған ұстанымы – радио және телевизияның хабар таратушыларының ұжымдық мүддесін қолдау, хабар таратушылар арасындағы аймақтық және халықаралық ынтымақтастықты нығайту. 2004 жылдың 20-27 қыркүйегі аралығында «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның ұйымдастыруы бойынша Алматы қаласында 41-ші Азия-Тынық мұхиты аймағының Бас Ассамблеясы өтті. Агенттік жыл сайын ABU-дың аясында өтетін тренингтер, кәсіби кездесулерге қатысып тұрады.


2002 жылдан бастап «Хабар» Агенттігі» АҚ Еуразиялық медиафорумға белсенді түрде қатысып, бастапқы жылдары форумның ұйымдастырушыларының бірі болды. Форумда Еуразия аумағындағы БАҚ-ты дамытуға қатысты маңызды сұрақтар мен кәсіби мәселелер көтеріледі.

Еуразиялық медиафорумның негізгі рөлі мен миссиясы – мемлекетаралық сенімділік, ынтымақтастықты қалыптастыру, ұлтаралық қатынасты сақтау.

2004 жылы «Еуразия телевизия және радио Академиясы» халықаралық коммерциялық емес кәсіби ұйымына мүшелікке кіруге шешім қабылданды («ЕТРА»ХККҰ). ЕАТР-ның қызметі Еуразия елдерінде ашық ақпараттық және мәдени кеңістікті сақтауға, бұқаралық ақпарат құралдары әлемінде серіктестікті дамытуға бағытталған.

Ал 2013 жылы Euronews сияқты Еуропаның ірі телевизиялық холдингімен серіктестік келісімі жүргізіліп, Euronews Network бірлестігінің құрамына енді.

 

«Хабардың» құрамындағы телеарналар

Caspionet телеарнасы

2002 жылдың 25 қазаны «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның ғана емес, бүкіл отандық телевизияның атаулы күні болып саналады. Оның себебі Қазақстанда тұңғыш рет Caspionet телеарнасы пайда болды. Бұған посткеңестік елдердің бірнешеуі ғана қол жеткізген еді. Отандық бұқаралық ақпарат құралдары нарығында алғаш болып тәулік бойы үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) хабар тарататын Caspionet Қазақстанды әлемге танытатын арна ретінде қабылданды.


«Kazakh TV»

«Kazakh TV» – ҚР ең алғаш спутниктік ұлттық телеарнасы. «Kazakh TV» өзінің көрсетілімін 2002 жылдың 25 қазанында Caspionet арнасы ретінде бастады. 2016 жылы күздің екінші айында «Kazakh TV» және «Білім және Мәдениет» арналары бірігіп, қызметін «Kazakh TV» атауымен жалғастырды. Бүгінгі таңда «Kazakh TV» – Қазақстанның мәдениеті, тарихы, дәстүрі мен заманауи шындығы туралы имидждік арна. Сондай-ақ Еуропа мен Азия тоғысқан жерінде орналасқан Қазақстанды танытатын бірегей телеарна болып табылады.

«Kazakh TV» арнасының марапаттары

«Kazakh TV»– халықаралық «Со-Творение» журналистер байқауының жеңімпазы. Телеарнаның екі бағдарламасы әділқазылардың басты сыйлығы және байқаудың Гран-приін иемденген. «Кішігірім жұлдыздар» («Малые звезды») аталымында Сәкен Сейфуллинге арналған Faces of history жеңсе, «Шекара және уақытқа қарамай» («Сквозь границы и времена») аталымында «Беймәлім Достоевский» тақырыбымен Reflections on history бағдарламасы үздік атанды.

«Хабар 24»


«Хабар 24» – Қазақстандағы алғашқы тәулік бойы хабар тарататын сандық ақпараттық телеарна. Ақпараттық телеарнаның эфирлік саясаты «Сағат сайын тың жаңалықтар» ұстанымымен жұмыс жасайды, ал жаңалықтардың арасы тақырыптық бағдарламалармен толықтырылған.

2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап тәулік бойғы «24 KZ» арнасы «Хабар 24» деген жаңа атаумен шықты.

EL ARNA

EL ARNA – еліміздің кино және театр өнеріне арналған телеарна. Күн сайын тәулігіне 24 сағат хабар тарататын арна қазақстандық көркем фильмдер мен деректі жобалар ұсынады. Оған қоса арнаның киноқоржыны Түркі әлемі елдері мен Орталық Азия мемлекеттерінің «Алтын қорында» сақталған ленталармен толықты. EL ARNA эфирінде әр түрлі жанр мен форматтағы фильмдер көрсетіледі. Олардың қатарында қысқаметражды ленталар бар. Аталмыш санаттағы туындылар арнаның шығармашылық тобы түсірген жұмыстармен толығып отыр.

Бүгінде ширек ғасырдан бері Қазақстан халқының игілігі үшін қызмет етіп келе жатқан «Хабар» арнасының қызметкерлерін, біздің әріптестерімізді мерейлі мерекемен құттықтаймыз. Көрерменнің көңілінен шығатын, халықтың жоғын жоқтап, еліміздің игілігі үшін түсірілетін жобалар көп болсын деп тілейміз.

Барлық жаңалықтар
207.46.13.162, 192.168.88.100