• Басты
  • ХҚА сессиясы: тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер, Елбасыға алғыс, жаңа Төраға

ХҚА сессиясы: тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер, Елбасыға алғыс, жаңа Төраға

28 Сәуір, 2021 15:42

Бүгін онлайн форматта Н.Назарбаевтың төрағалығымен, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» атты XXIX сессиясы басталды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Сессия жұмысының басталуы. Алғы сөз

Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жиынға төрағалық етуде. Алғы сөзді Президент Қ. Тоқаев бастады. Сессияға Қазақстанның әр аймағынан келген Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің басшылары, ҮЕҰ, ғылыми, шығармашылық зиялы қауым және БАҚ өкілдері – бас-аяғы 600-ге жуық адам қатысуда.

Н.Назарбаев өз сөзінде тәуелсіздіктің 30 жылдығында Қазақстан халқының саны 2,5 млн адамға өскенін, қазіргі уақытта халық саны 19 млн адамды құрағанын айтты. Ал халықтың табысы 9 есе өсіп, өмір сүру сапасы жақсарғанын айтты.

«Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі сессиясының мәні зор. Биыл біз ортақ Отанымыз Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтетін жыл болып отыр. 1991 жы еліміз үшін жаңа дәуірдің басы болды. Бұл – бостандық, ата-бабамыздың тарихи мекенінде еркін өмір сүру, жаңа мемлекет құру, оның тағдыры үшін жауапкершілік алу бақыты. Мұның барлығын бәріміз басымыздан өткіздік, енді биыл сол 30 жылдықты атап өтеміз, - деді Елбасы.
Тәуелсіздік жылдарындағы қиындықтар мен жетістіктер

Ол пандемияның әсерінен ҚХА 25 жылдығы өз деңгейінде атап өтілмегенін айтып өтті.

ҚХА-ның ХХІХ сессиясын ашқан Елбасы тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер мен қиындықтар туралы айтты.

«Осы уақытқа дейін жүріп өткен жолдың, ұлттық дамудың стратегиялық формуласының дұрыстығы мен тиімділігін сеніммен айтуға болады. Бұл ең алдымен мемлекеттілік құрылысы үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар қазіргі қалыптасқан Қазақстанды дамытуға қуатты ресурс берді. Осы ретте басты камертон қызметін «Бiз,ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы» деген сөзбен басталатын Конституциямыздың преамбуласы атқара алады», - деді ол.

Назарбаев атап өткендей, мұның астары тереңде.

«Өйткені, Констиуцияны жазу барысында бұған маңызды мән берді. Ата заң ұлтына сеніміне немесе тіліне қарамастан барлық отандасымыздың ортақ мүддесін білдіреді. Конституциямыздың 11 бабы мемлекетіміздегі бірлікті, бейбітшілік мен келісімді бекітеді, қорғайды және нығайтады. Елімізде тіліне, дініне, ұлтына байланысты белгілер бойынша қандайда бір кемсітушіліке тыйым салынады», - деді ХҚА төрағасы.
Тәуелсіз Қазақстанның нарықтық экономикасы нөлден бастап құрылды

 Назарбаев Қазақстанның нарықтық экономикасының құрылғаны туралы айтты.
«Іс жүзіне Нарықтық экономика нөлден құрылды.  Осы жылдар аралығында дүниеге келген жас ұрпақ мұны біле бермейді. Бірақ біздің міндетіміз - айту және қайталау.  Қазақстан қазіргі уақытта дүние жүзіндегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіреді.  Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 13 есе өсті.  Жұмыссыздық 4 есеге азайды.  Халық саны 2,5 миллионға көбейді.  1993 жылы адамдар не істеу керектігін және өздерін қалай ұстау керектігін білмеді», - деді ол.

Назарбаев тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикасына 365 миллионнан астам доллар тартылғанын айтты.

«Әлемде бізге сеніп, жұмыс істеуге келіскендер болды. Менің бастамаммен құрылған Ұлттық қор бізді қиындықтан құтқарады. Пандемия кезінде Қазақстанда әлем елдеріндегідей экономикалық құлдырауды бастан кешірген жоқ. Қазір белсенді ауқымды индустрияландыру жүріп жатыр», - деп қосты Елбасы.
Қазақстан халықтарының ортақ мүддесі

Қазақстанның тұңғыш Президенті қазақ жеріндегі этностардың бірлігі жайлы айтты. Ол айтқандай, қазақ халқы полиэтникалық қоғамды шоғырландыратын интеграциялық процесстердің арқауын қалыптастырды.

«Әлем елдерінің бәрінде де солай: елді біріктіретін – тіл. Мысалы, америкалықтар мыңдаған халықтан құралған. Оларды біріктіретін – ортақ түсінісу тілі ағылшын тілі», - деді ол.

Оның айтуынша, Қазақстандағы этностардың мәдениетін, тілін дамыту үшін қолайлы жағдай жасалды.

«Қазақстандықтар ортақ мақсатымыздың және ортақ ұмтылысымыздың төңірегіне топтасты. Әрқайсысы біздің бірлігімізді, өзара құрметімізді, отаншылдық пен жауапкершілігімізді нығайтуға үлес қосты», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ол сөз соңында Қазақстан бейбітшіліктің эпицентрі болғанын қалайтынын білдірді.

Елбасыға алғыс

Назарбаевтың баяндамасынан соң әр этностың өкілдері, тәуелсіздіктің құрдастары, мүмкіндігі шектеулі жандар, дәрігер, әнші сияқты Ассамблея мүшелері сөйледі. Олар өз жетістіктерімен бөлісіп, Қазақстандағы мүмкіндіктер туралы айтты. Олар тұңғыш Президент Назарбаев пен Мемлекет басшысы Тоқаевқа алғыстарын білдірді.

Назарбаев атына келген дүниежүзілік ұйм басшыларының, мемлекет басшылары мен Евразия халықтары ассамблеясының басшылығының атынан түскен телеграм хаттар туралы айтылды. Олардың мәтіні ХҚА Ресми сайтында жарияланады.

Этностық топтар өкілдерінің сөзінен соң, үндеу қабылданғаннан кейін сессияның қорытынды сөзі тағы да Елбасы Н. Назарбаевқа берілді. Ол 1993 жылдың қиындықтарын еске алды. Жалақы, зейнетақы төлеу үшін елде ақша болмаған қиын кездерді айтты.

«Мен ҚХА-ның әрбір сессиясында мен осындай баяндамалармен сөз сөйлеймін. Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген  жетістіктердің бәрін айту мүмкін емес. Қазіргі уақытта қиын кезеңде тіршіліктің бәрі тоқтап жатқанда, біз кәсіпорындардың іргетасын қалап, жаңа қала қалыптастырып, Каспий теңізінде қазақстандық «Ривьераны» тұрғызып жатырмыз. 1000 адамға арналған бір қонақ үй әлемдегі кез келген қонақ үйді жолда қалдырады. Анталиядан едәуір жақсы. Осындай тағы үш кешен және қазақстандық «Ривьера» болмақ. Біз мұның бәрін пандемия жағдайында жасап отырмыз. Бұл дұрыс, өйткені ертеңгі күн келеді және біз оған дайын боламыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Назарбаев "төрағалық" өкілеттілігін Тоқаевқа тапсырды

Назарбаев 2019 жылы 19 наурызда 19:00-де ол өз өкілеттілігін тоқтатқанын айтты.

«Мен 30 жылға жуық қызмет етіп, өз еркіммен Конституцияға сәйкес президенттік өкілеттілікті көп жылдан бері менімен бірге қызметтес болған Қасым-Жомарт Тоқаев бердім. Ол осы жылдар ішінде біз оның лайықты президент екеніне көз жеткіздік. Бүгін мен конституциялық заңға сәйкес ҚХА Төрағасы өкілеттілігін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа ұсынғым келеді. Мен әрқашан Ассамблея жұмысына білсене қатысамын. Бірақ бүгіннен бастап Қазақстан Халқы Ассамблеясының төрағасы – Қасым-Жомарт Тоқаев», - деді ол.
Сессия соңында сөз алған ҚР Президенті, ҚХА жаңа төрағасы Қ.Тоқаев Елбасыға алғыс білдірді.
«Аса қадірлі Елбасы, жаһан жұртшылығы сізді үздік реформатор ретінде біледі. Сіздің ерен еңбегіңіз Қазақстанның әрі әлемнің тарихында жазылады. Қазақстанның тұрақты дамуы мен халықтық тыныштығы сіздің арқаңызда. Ассамблеяға басшылық ету – аса жауапты іс, үлкен саясат. Ассамблея деген құрылым өзге елдерде жоқ. Түрлі этностың өкілдерін бір ортаға сыйыстыру оңай жұмыс емес. Біз осыны еңсерген мемлекетпіз. Бұл ретте Елбасының еңбегі зор. Біз «бір ел, бір ұлт» қағидасымен бірлікті сақтауымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ассамблеяның "құрметті төрағасы" - Н. Назарбаев

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Елбасыға Ассамблеяның "құрметті төрағасы" болып қалу туралы ұсыныс тастады.

"Құрметті Елбасы, Ассамблея атынан ҚХА-ның "құрметті Төрағасы" болып қалуыңызды сұраймыз. Елбасының аты мәңгі жасай берсін", - деді ол.
 
Елбасы бұл ұсынысты қабыл алды.

Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясы осымен аяқталды.

Барлық жаңалықтар