• Басты
  • «Кемеңгер тұлғалардың ұлы аналары» атты кітап жарық көрді

«Кемеңгер тұлғалардың ұлы аналары» атты кітап жарық көрді

12 Қаңтар, 2021 17:34

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану докторы, профессор Арыстанбек Мұхамедиұлының «Великие матери выдающихся личностей» («Кемеңгер тұлғалардың ұлы аналары») атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Өнертану докторы, профессор Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, «Великие матери выдающихся личностей» кітабының адамзат тарихындағы әлемдік оқиғалар мен миллиондаған адамдардың тағдырына әсер еткен ұлы, көрнекті данышпандарды тәрбиелеп өсірген аналардың ерекше өмірлік тарихына негізделген.

«Қазақта «Жұмақтың кілті ананың табанының астында» деген керемет сөз бар. Біз ерекше сезімдерімізді, рахметімізді аналарымызға арнаймыз. Осы орайда, бұл «Кемеңгер тұлғалардың ұлы аналары» кітабы біздің аналарымызға арналған. Ананың балаға деген махабатының шексіз екенін тағы бір еске салатын кітап», - деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Оның сөзінше, бБұл кітапта әлемге белгілі тұлғалар мен қайраткелерден басқа, спорт саласының, мысалы, Пеле, Мұхамед Әли, ғылым саласындағы Томос Эдисон секілді ғалымдардың аналары жөнінде мәліметтер, қызықты деректер бар.

«Онда бұл тұлғалардың өмірбаяны емес, олардың тәрбиесі, баланың жетістікке жетіп, елге еңбек ететіндей бала тәрбилеп өсіргендегі еңбегі туралы жазылған. Жалпы, әртүрлі саладағы 16 тұлғаның есімі енді. Бір аптадан кейін мемлекеттік тілде жарық көретін болады», - деді кітап авторы.

Сонымен қоса, баспасөз мәжілісіне қатысқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты, қоғам қайраткері, ҚР Журналистер Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұртөре Жүсіп кітапты бір деммен оқып шыққанын, онда алып тұлғалардың алып аналары жөнінде қызықты деректер келтірілгенін тілге тиек етті.

«Ананың балаға деген махаббаты, тәрбилеу үлгісі ерекше тақырыптардың бірі. Арыстанбек Мұхамиұлының кітабы да аналарға, алып тұлғалардың алып аналарына арналған. Мен бұл кітапты бір деммен оқып шықтым. Пайдалы деректерге толы қызықты кітап. Онда елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы Әлжан ана туралы әдемі толғаулар, жан тебірентерлік керемет детальдар бар. Әбіш ақсақалмен отау құрғаннан кейін перзент болмай, перзентті зарыға күтіп жүргенде Райымбек атаның басына барып, Құдайдан тілеп, сұрап алған. Алланың қалауымен дүниеге келген перзент бүгінде Қазақстанды күллі әлемге танытуда. Сонымен бірге Ресей президенті Владимир Путиннің анасы, Менделеевтің анасы, жарықты ойлап тапқан Томас Эдисонның анасы туралы жазылған. Томастың анасына ұстазынан «оны оқытпаңыз, бәрібір адам болмайды» деген сарында хат келеді. Ол баласына ол хатты оқытпайды. Кеірісінше баласына қуат береді. Нәтижесінде ол қаншама эксперименттер жасап, ғаламдық жаңалықтар ашады», - деді ол.

Сонымен бірге, ол кітап оқырмандардың анасына деген құрметінің артуына себеп болмақ.

«Кітаптағы бәріне ортақ дүние - көрнекті тарихи тұлғалардың бәрінің анасы өзінің перзентіне деген махаббатына адал болған. Адамға сенім ұялату, тұлға болып қалыптасуына ана мейірімінің, ана махаббатының қаншалықты керек екенін дәлелдеп тұр. Мына әлем кей кезде қатыгез болып бара жатса, аналық мейірімнің жетіспеуінен деп ойлаймын. Сондықтан кітапты мұқият оқып шыққан адам өзінің анасына, жалпы аналарға деген махаббаты оянады деп есептеуге болады», - деді Нұртөре Жүсіп.

Сондай-ақ, Сенат депутаты кітап авторына болашақта қазақтың маңдайына біткен тұлғалардың анасына да кітап арнауға ұсыныс жасады.

«Әбіш Кекілбайұлы, Шерхан Мұртаза, Асқар Сүйлейменов, Асанәлі Әшімов секілді өзіміздің тарихи тұлғаларымыздың аналары жөнінде кітап шықса деген ұсыныс бар. Бұл аналарға қойылған ескерткіш болар еді», - деді ол.

Айта кетейік, кітап Алматы қаласындағы «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан 2000 данамен шығарылған және жуырда қалың оқырманға жол тартпақ.

Барлық жаңалықтар