• Басты
  • Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға қатысты заң жобасының мүмкіндіктері

Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға қатысты заң жобасының мүмкіндіктері

4 Ақпан, 2021 11:20

Бүгін сенат отырысында ҚР Парламентінің Мәжілісі мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді таныстырды. Аталған заң жобасы екінші оқылымда қаралып, қабылданды. Бұл заң зобасының мүмкіндіктері мен ерекшеліктері Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

2018 жылдың 12 тамызында Бесiншi Каспий саммитi барысында қол қойылған Каспий теңiзiнiң құқықтық мәртебесi туралы конвенцияны Қазақстан Республикасы 2019 жылғы 8 ақпанда ратификациялаған едi.

Министрдiң пайымынша, конвенция құқықтық реттеудi қажет ететiн әрбiр мәселе бойынша табанды және қағидатты пiкiрталастармен қоса жүрген және жиырма жылдан астам уақыт алған ұзақ әрi аса күрделi келiссөздер үдерiсiнiң нәтижесi болды.

«ҚР Тұңғыш Президентi Н.Ә.Назарбаевтың айқындамасы бойынша Құқықтық мәртебе туралы конвенция «Каспий теңiзiнiң Конституциясына» айналды. Ақтау конвенциясы теңiздегi жағалау мемлекеттерiнiң үйлестiрiлген халықаралық-құқық жүйесi қарым-қатынасындағы жаңа негiзiн қалап, заманауи талаптарға жауап беретiн Каспидiң жаңа құқықтық режимiн жасайды», - дедi Мұхтар Тiлеубердi.

Оның сөзiнше, Каспий жағалауы мемлекеттерi акваторияны әртүрлi режимдегi аумақтарға – iшкi суларға, енi 15 теңiз милi болатын аумақтық суларға, он мильдiк балық аулау және ортақ теңiз кеңiстiгiне бөлу туралы консенсусқа қол жеткiздi.

«Кеме қатынасы, биоресурстарды орынды қолдану, сондай-ақ су асты кабельдерi мен құбырларды тартуға қатысты ортақ су кеңiстiгiнiң еркiндiгi және жер қойнауын пайдалану бойынша егемендiк құқықтарға қатысты жағалау мемлекеттерiнiң арасында теңгерiм сақталған. Биологиялық ресурстарды қолдану және теңiз ортасын қорғауға қатысты мәселелер кешенi реттелген», - дедi ведомство басшысы.

Министр конвенциялық ережелердi заң жобасына имплементациялау шеңберiнде бiрқатар ұсыныс жасады.

Олар:

-        аумақтық сулардың енiн 12-ден 15 теңiз милiне дейiн ұлғайту

-        белгiленген акваторияда теңiз ғылыми зерттеулердi және су биологиялық ресурстары кәсiпшiлiгiн жүргiзу тәртiбiн анықтайтын балық аулау аумағының төңiрегiнде «балық аулау аумағының режимiн» енгiзу

-        балық аулау аумағында су биологиялық ресурстар кәсiбiне Қазақстан Республикасында айрықша құқықтарының сақталуын бақылау бойынша мемлекеттiк органдардың құзырын сондай-ақ, олардың өзара әрекеттесу ретiн анықтау

«Қолданыстағы қайшылықтар, олқылықтар мен коллизияларды жою, сондай-ақ ҚР ҰҚК Шекара қызметiнiң күнделiктi қызметтiк-жауынгерлiк қызметiн қамтамасыз ету мақсатында Заңның қолданыстағы редакциясына басқа да түзетулер енгiзiлуде», - дедi ол.

Оның пiкiрiнше, әзiрленген заң жобасының қабылдануы Қазақстан Республикасын Каспий теңiзiнiң құқықтық мәртебесi туралы Конвенцияның күшiне ену сәтiне дайындығын қамтамасыз етпек.

Сонымен бiрге, комитет төрағасы Мұхтар Құл-Мұхмаммед заң жобасын комитеттiң 2021 жылғы 2 ақпандағы кеңейтiлген отырысында заң жобасын әзiрлеушiнiң және Сенат Аппараты қызметкерлерiнiң қатысуымен қаралып, бiрқатар мәселенi атап көрсететiнiн атап өттi.

Оның сөзiнше, конвенцияда Каспий теңiзiнiң жағалауында орналасқан мемлекеттердiң – Қазақстан Республикасының, Әзербайжан Республикасының, Иран Ислам Республикасының, Ресей Федерациясы мен Түрiкменстанның Каспий теңiзiнiң суын, теңiз түбiн, жер қойнауын, табиғи ресурстарын және теңiз үстiндегi әуе кеңiстiгiн қоса алғанда, оны пайдалануға қатысты құқықтары мен мiндеттемелерi айқындалады және реттеледi.

Ол су кодексiне, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске, сондай-ақ «Терроризмге қарсы iс-қимыл туралы», «Сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы», «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы», «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы», «Сыртқы барлау туралы» және «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы туралы» заңдарға түзетулер енгiзудi көздейтiн заң жобасының мiндеттерiне тоқталды.

Мiндеттерi:

- Қазақстан Республикасының аумақтық суларының енiн он екi теңiз милiнен он беске дейiн ұлғайту

- балық аулау аймағы режимiн, яғни балық аулау аймағында су биологиялық ресурстары кәсiпшiлiгiнiң және оларды зерттеулердiң тәртiбiн енгiзу, оның сақталуын бақылау жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органға, сондай-ақ Шекара қызметiне жүктеледi

- қазақстандық кәсiпшiлiк кемелерiнiң тәулiктiң кез келген уақытында iшкi және аумақтық суларда, балық аулау аймағында және ортақ су кеңiстiгiнде қозғалу және балық аулауды жүзеге асыру мүмкiндiгi

- жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органға балық аулау аймағында және ортақ су кеңiстiгiнде су биологиялық ресурстарын аулауға өзi берген рұқсаттар туралы Шекара қызметiн хабардар ету тәртiбiн әзiрлеу және бекiту құқығын бекiтiп беру

- Ұлттық қауiпсiздiк комитетiне Шекара қызметi кемелерiнiң танып айыру белгiлерi мен сыртқы бояуының сипаттамасын және оларды қолдану қағидаларын бекiту құқығын беру

- негiзгi ұғымдарды Конвенция терминдерiне сәйкес келтiру

Оның пiкiрiнше, заң жобасын қабылдаудан күтiлетiн нәтиже Қазақстан Республикасының жекелеген заңдарын Конвенция ережелерiне сәйкес келтiру, бұл Каспий теңiзiнде қызметтi жүзеге асыруды кеңейтуге мүмкiндiк бермек.

«Бұдан басқа, қазақстандық кәсiпшiлiк кемелерiнiң қолданыстағы заңнамада айқындалған шартты сақтаған кезде - кеменiң тұрған жерi туралы ақпаратты үнемi автоматты түрде берудi қамтамасыз ететiн техникалық бақылау құралдары болған кезде Шекара қызметiнiң рұқсаты негiзiнде iшкi және аумақтық суларда, балық аулау аймағында және ортақ су кеңiстiгiнде тәулiктiң кез келген уақытында қозғалу және балық аулау қызметiн жүзеге асыру мүмкiндiгi көзделедi», - дедi комитет төрағасы.

Заң жобасымен Каспий теңiзiнiң құқықтық мәртебесi туралы конвенцияға сәйкес келтiруге бағытталған құқықтық нормаларды қолданысқа енгiзудi Иран Ислам Республикасында ратификациялануы аяқталмаған Конвенцияның қолданысқа ену күнiмен қатар келтiру ұсынылады. 

Сонымен қоса, сентаор Нұржан Нұрсипатов заң жобасы бiрiккен серiктестiк әрекеттерге қажеттi құқықтық негiз қалыптастыратынын, соның iшiнде экология және Каспийдiң биоресурстарын сақтау, браконьерлiкпен, сонымен қатар терроризммен күрес және Каспий теңiзiндегi қақтығыстардың алдын алудағы өзара байланыс жасауға мүмкiндiк беретiнiн атап өттi.

«Балық аулау аймақтары режимiн сақтауды бақылау жөнiндегi мемлекеттiк өкiлеттi органдардың өкiлеттiктерi және аталған аймақта браконьерлiк жағдайлардың өршiп тұрған кезiнде зерттеу жұмыстарын жүргiзудi енгiзу нақты белгiленедi. Заң жобасы қажет, өмiршең әрi оны қабылдау Каспий маңы елдерiмен өзара тиiмдi ынтымақтастығымызды жаңа сапалы деңгейге көтередi», - дей келе, аталған заң жобасын қолдауды сұрады.

Осылайша, заң жобасы екiншi оқылымда қабылданды.

Барлық жаңалықтар