• Басты
  • Карантиндік режимді бұзғандар жазаланады – Қ.Тоқаев
16 Наурыз, 2020 14:12

Карантиндік режимді бұзғандар жазаланады – Қ.Тоқаев

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барлық республикалық арналардан тікелей эфирде халыққа үндеу жариялады, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.
Карантиндік режимді бұзғандар жазаланады – Қ.Тоқаев
«Бүгінгі таңда 9 қазақстандықта коронавирус табылғаны анықталды. Вирустың таралу қаупі бар. Қазақстан көп елдерден бұрын сарапшылық штаб пен үкіметаралық комиссия құрды. Коронавирус пандемиясы ауқымды болуы мүмкін. Бүгін сағат 08:00-ден бастап Қазақстанның аймақтарында төтенше жағдай енгізілді. Ол 30 тәулікке созылады. Президент жанынан Мемлекеттік комиссия құрылды. Оны Премьер-министр басқарады.Барлық қажетті алдын алу шаралары жүзеге асырылады.Қоғамдық тәртіп қатаң бақылауға алынады.Көпшілік қатысатын іс-шаралар тоқтатылды.Қажет болған жағдайда оның уақыты ұзартылуы мүмкін. Бұқаралық шараларға шектеу қойылды. Көп қазақстандықтар өз демалыстарын жоспарлады, алайда барлығының денсаулығына қатысты бұл шараларды тоқтату керек. Қоғамдық тәртіп қатаң бақылауға алынады», - деді Қ. Тоқаев.
Президент айтқандай, азық-түлік дүкендері өз жұмыстарын жалғастыра береді.

«Ірі сауда нысандарының жұмысын шектеуге мәжбүрміз, бірақ азық-түлік дүкендері және базарлар өз жұмысын жалғастыра береді.Уақытша кинотеатрлар,  көрмелер мен театрлар жабылады. Оқушылар ерте демалысқа шықты. Студенттер қашықтықтан оқытуға ауыстырылды. Бұл оқу үрдісіне өзгерістер енгізеді, алайда балалардың денсаулығы басымдықта тұр. Қазақстан шекарасы жабылды. Алайда, бұл жүк тасымалдауға қатысы жоұ. Шекарада санитарлық режим бойынша шаралар жүзеге асырылады», - деді Президент.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы ауруханаларда орындар жеткілікті және азаматтардың денсаулығын сақтау үшін барынша шаралар жүргізіліп жатқанын айтты.

«Ауруханаларда орын жеткілікті. Осы шаралардың барлығы азаматтардың денсаулығы үшін жасалып отырған шаралар. Бұл уақытша дүрбелең. Осы дағдарыстан абыроймен өтуіміз керек. Енгізілген тәртіптерге әр азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс. Бұл күндері денсаулық сақтау қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік артылады. Біздің медицина қызметкерлері барлығын абыроймен өтіп, қазақстандықтардың денсаулығын сақтау үшін жұмыс істеуі керек», - деді Президент.
Сонымен қатар, Қ.Тоқаев елдің экономикалық жағдайы басты назарда екенін атады.

«Біз экономикалық жағдайды басты назарда ұстаймыз. Мемлекет барлық әлеуметтік қызметтерді жүзеге асырады. Жалған ақпарат таратып, елді дүрбелеңге салатындар жазаланады. Отандық кәсіпкерлерді қолдау мен жұмыс орындарын құру үшін қосымша 300 млрд теңге бөлінеді. Дүрлікпе аясында азық-түліктің бағасы артпайды. Менің тапсырмам   бойынша бұл мәселені Үкімет пен барлық әкімдер қатал бақылауға алады. Татулық пен тұрақтылықтың арқасында барлық індетті жеңе аламыз. Біз тарихымызды небір қиындықты өткерген халықпыз. Көп сынақтан сүрінбей өттік. Халықты жұмылуға, сабыр сақтауға шақырамын. Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын. Біз біргеміз!», - деп түйіндеді Қ.Тоқаев.

Аягөз Құрмаш 

Барлық жаңалықтар