• Басты
  • Карантинде зерікпес үшін не істеу керек

Карантинде зерікпес үшін не істеу керек

31 Наурыз, 2020 12:42

Елімізде коронавирус инфекциясына қатысты карантин жарияланғаны белгілі. Тұрғындар жеке гигиена талаптарын сақтап, үйден шықпаулары тиіс. Алайда, бұрынғы режимін аяқасты өзгертіп, жаңа талаптарды ұстану тұрғындардың бірқатарына қиынға соғуы мүмкін. Сондықтан да карантинде зерікпей, уақытты қалай тиімді өткізуге болатыны жайлы Strategy2050.kz тілшісіне психолог Сымбат Әбдірахман айтып берді.

«Қазір бүкіл әлеммен бірге барлығымыз карантин жағдайында отырмыз. Адамға дем беретіні бұл жағдай жалғыз адамды ғана емес, барша адамзатты қамтып отыр. Яғни, сіз үйіңізде отырып, өз-өзіңізге шектеу қойған жалғыз адам емессіз. Бәріміз біргеміз. Осы кезеңде бірге көңіл-көтеретін, қиындықты бірге жеңетін адамдар жетерлік. Жалпы, психологиялық тұрғыдан айтатын болсақ, психика тұрақтылыққа ұмтылады. Бұл жағдайда көп адамдар шынайылықты қабылдамай, болып жатқан жағдайды мойындамай «бұның барлығы жалған, ойлап табылған дүние» деп өздерін алдап жатыр. Бұл психиканың өзін қорғау әдісі», - деді С.Әбдірахман.

Сонымен қатар, психолог маман адамдардың көп бөлігі «бұл оқиға мені айналып өтеді» деген қорғаныс тұжырымына келетінін айтты.

«Ал, шынайы бұл жағдайға баға беретін болсақ, қазір адамдардың өзіне көп көңіл бөлуге арналған ең пайдалы уақыт. Өзінің жанын тыңдап, не қалайтынын түсінуге арналған таптырмайтын кезең. Уақытты тиімді өткізу керек. Ешқашан білмеген тілдерді меңгеруге көңіл бөлуге болады. Сондай-ақ, бұрындары уақыт тапшылығынан араласпай кеткен дос-жаран, туған-туыспен байланыс орнатуға болады. Кейінге қалдырып жүрген кітапты оқып бітіруге болады. Пайдасы тиетін челлендж, эстафеталарға қосылуға болады. Өзіңіз де бір пайдалы істі эстафетаға айналдыра аласыз», - дейді ол.

С.Әбдірахман өзінің уақытын қалай пайдалы өткізуге тырысып жатқаны жайлы айтып берді.

«Мен өз тәжірибемді айтатын болсам, мен қазір жалғыз тұрамын. Қазір өзіме ұйқымды қандыруға мүмкіндік беріп жүрмін. Мені ешкім қуып келе жатқан жоқ. Қазіргі жағдайда өзіңе аса бір күтіммен қарау керек. Себебі, өзіңе мейіріммен қарамасаң, түбі жаман болуы әбден мүмкін. Сондықтан да демалып, тек жаныңыз қалаған істермен айналысу керек. Егер де жаныңыз, ештеңе жасамай, тек кино көруді қаласа, солай істеңіз. Өзіңізге жаңа күн тәртібін жоспарласаңыз да болады. Себебі, қазір адамдар жаңа жағдайға бейімделіп жатыр, бұл оңай кезең емес. Мәселен, мен өз тәртібіме таңертең жаттығу жасау мен йогамен айналысуды енгіздім. Осыған дейін демалыс күндері сымбатты болып жүруді жиі жүзеге асырмасам, қазір күнде үйде отырсам да, боянып, шаш үлгісін өзгертіп отырамын. Бұл адамға ширақтық пен сергектік сыйлайды», - деді ол.

Сондай-ақ, психолог маман өзге қалаларда тұратын ата-анасы мен туыс әпкелерімен қандай да бір істі бірігіп жасайтынын жеткізді.

«Мәселен, мен таңғы не болмаса түскі ас кезінде жақындарыма онлайн арқылы хабарласып, бірге тамақтанғанды жөн көремін. Кітаптар оқып, ағылшын тілін меңгеріп жүрмін. Кешкі уақытта бұрын-соңды істемеген тағамыңызды жасап, дәмді тамақтануға болады. Үйде көңіліңізді көтеріп, билеуге, интернеттегі онлайн караокені қосып ән айтсаңыз да болады», - деді ол.

Психолог маманның айтуынша, болып жатқан жағдайдан дүрлікпей, оны қабылдау керек.

«Бұл індетпен бүкіл әлем күресіп жатыр. Жағдайды сабырмен қабылдап, жаңа жағдайға үйрену керек. Ал бейімделу үрдісі кезінде өзіңізге көп көңіл бөлу қажет. Егер ресурсыңыз болмаса, тәніңізді қинамаңыз. Алайда , уақытты өз пайдаңызға өткізуді де естен шығармаңыз», - деп түйіндеді психолог.

Аягөз Құрмаш

Барлық жаңалықтар