• Басты
  • Карантин жағдайында Құрбан айт қалай атап өтіледі

Карантин жағдайында Құрбан айт қалай атап өтіледі

15 Шілде, 2021 15:06

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы карантин кезінде Құрбан айт мерекесін атап өту ережелері туралы айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Бас мүфти ислам дінінде зұлхижжа айының алғашқы он күні қасиетті күндер саналады. Һижри жыл санауы бойынша 1442 жылдың зұлхижжа айы 11 шілде күні басталғанын, ал арапа күні 19 шілдеге сәйкес келіп, 20 шілде – Құрбан айт мерекесінің бірінші күні болатынын еске салып өтті.

«Қазір қасиетті зұлхижжа айы. Осы айдың алғашқы он күнінде барынша ынтамен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек. Өйткені, хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған», - деді ол.

Сонымен қоса, арапа күні ораза тұту сүннет екенін атап өтті. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін» деген сөзін келтірді.

«Бағзы заманнан бері Ислам дінін рухани тірегіне айналдырған халқымыз Құрбан айтты айрықша дайындықпен қарсы алған. Малдың ең үлкенін әрі жақсысын құрбандыққа шалып, оның етін тұрмыстық жағдайы төмен адамға тарату, қонақ күтіп, үлкеннің батасын алу, сыйлық-кәде беру, ренжіткен жанды кешіру сынды амалдар – дәстүрімізде қалыптасқан ізгі құндылықтар», - деді ол.     

Ұлық мейрамда ерекше ыждаһат һәм ықыласпен орындалатын құлшылықтар мен ізгі іс-шаралар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, игі дәстүрге айналғанын да тілге тиек етті. 

«Құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – делінген. Аятта айтылғандай, Құдай жолында жақсылық жасауға ниеттенген пенде бұл амалды риясыз оймен орындайды», - деді Бас мүфти.

Сонымен бірге, Нұржан Тағанұлы материалдық мүмкіндігі бар, əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық міндет екенін, ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемегенін атап өтті. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс екенін жеткізді.

«Халқымыз: «Алғыс алған арымас. Бота алғанша бата ал» дейді емес пе? Құрбан айтта орындалатын негізгі ізгі амалдың бірі – құрбан шалу. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед: «Адам баласы құрбан айт күні құрбан шалудан өзге амалымен Аллаға жақындаған емес...» дейді. Демек, құрбан айт күні Аллаға ұнамды әрі ең сүйікті амал – құрбан шалу. Айт күндері халық тарапынан мал сатып алуға деген сұраныстың арта түсетіні белгілі. Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын ұлық мейрам – Құрбан айттың құрметіне мал құнын шарықтатпай, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын. Сонымен қатар, барша кәсіпкерлерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін», - деді ол.

Құрбан айттың негізгі мәні мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру.

Кейін карантин уақытында Құрбан мерекесін атап өтудің ережелерімен таныстырды.

Біріншіден: Ағымдағы жылы 20 шілде күні республика аумағында таңғы сағат 07.00-де қатаң санитарлық норма талаптарын сақтай отырып, «сары», «жасыл» аймақтарда 10-минуттық Құрбан айт намазы оқылады.

«Дегенмен, «қызыл» аймақта Құрбан айт намазын оқу жергілікті санитарлық мемлекеттік бас дәрігердің Қаулысына сәйкес жүзеге асырылады. Осы орайда, Құрбан айт намазын өткізу бойынша ҚМДБ-ның өкіл имамдары жергілікті бас санитарлық дәрігерлермен бірлесіп, арнайы брифингтер өткізетін болады. Осы ретте жамағаттан қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды, айт намазы біткен сәтте мешіт ауласында ұзақ тұрақтамауды сұраймыз», - деді Бас мүфти.

Екіншіден: Елдегі пандемиялық жағдайға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төмендегі мәлімдемені қаперлеріңізге салады:

2021 жылы құрбан шалу рәсімін өткізу екі жолмен жүзеге асырылады:

Бірінші жолы: мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып «сары» және «жасыл» аймақтарда онлайн және офлайн форматта өткізу.

Екінші жолы: еліміздің «қызыл» аймақтарында бүгінгі пандемия жағдайында құрбан шалушыға қолайлы жағдай жасау және көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында өткен жылдың тәжірибесін қолданып, құрбан шалу рәсімін шариғаттағы «өкілдік» қағидасына сәйкес qurban2021.kz сайты арқылы тек онлайн режимде жүзеге асыру.

«qurban2021.kz жобасына тоқталатын болсақ, бұл жобаның мақсаты – қайырымдылыққа дәнекер болу, халықтың денсаулығы мен өміріне төнген қауіпті сейілтуге үлес қосу, құрбан шалуға ниет білдірген жандарға карантин жағдайында оңтайлы жол ұсыну. qurban2021.kz сайты бүгін сағат 15:00-де іске қосылып құрбан айттың үшінші күні яғни 22-ші шілдеге дейін жұмыс жасайды. Құрбан шалуға ниет еткен азаматтар осы аралықта тапсырыстарын бере алады», - деді ол.

Сонымен қоса, qurban2021.kz сайты арқылы Республика бойынша мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін 17 шілдеден бастап өтініш білдіре алады. Мұқтаж отбасылардың өтініштерін қабылдау, сараптау және құрбандық еттерін жеткізіп беру жұмыстарымен ҚМДБ-ның жергілікті өкілдіктері және еріктілер айналысатынын атап өтті. 

Ауылдық жерде жеке тұрғын үйде тұратын әр адамның мұсылмандық міндетін атқаруына ҚМДБ тарапынан ешқандай шектеу жоқ екенін жеткізді.   

Барлық жаңалықтар