• Басты
  • Карантин: Шаштараз бен ателье қызметі қымбаттаған жоқ
6 Мамыр, 2020 15:13

Карантин: Шаштараз бен ателье қызметі қымбаттаған жоқ

Елде енгізілген төтенше жағдайға байланысты көптеген жұмыс орындары, қызмет көрсету ұйымдары, кәсіпорындар жұмысын тоқтатқан еді. Өткен айдың соңғы аптасында Мемлекеттік комиссияға карантин жағдайында өңірлердегі шектеу шараларын жеңілдету жөнінде ұсыныстар айтылды. Осыған байланысты 4 мамырдан бастап қайта жұмысын жалғастыратын бірқатар қызмет түрінің тізімі бекітілді. Оның қатарында фотосалондар, гүл сататын дүңгіршектер, шаштараздар, медицина орталықтары бар. Олардың барлығы дерлік алдын ала жазылу бойынша азаматтарды қабылдайды. Осы орайда карантиннің қаншалықты әсер еткенін білу үшін елорданың ортасында орналасқан "Алтын қайшы" деп аталатын шаштараз бен ательеге бас сұқтық. Ателье мен шаштарадың иесі карантиннен шыққалы бері тапсырыстың көбейіп, келуші азаматтардың қатары көбейгенін айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі. 

Карантин: Шаштараз бен ателье қызметі қымбаттаған жоқ

Шаштараздың иесі әрі шаш қиюшы Балжан Жолдыбаева біз ғимаратқа кірген кезде бір бүлдіршіннің шашын қиып жатыр екен. Бөлмеде артық адам жоқ. Барлық карантин талаптары сақталған. Ол да сұхбат беруге бірден келісті.  Оның сөзінше, карантиннен шыққалы бері жұмыс көбейген, келушілердің де саны артқан. 

"Кеше, яғни 4 мамырдан бастап жұмыс істеп жатырмыз. Шашын қидыруға келген адамдардың саны өте көп. Соған байланысты тек жазылған азаматтарды ғана қабылдаймыз. Алдын ала жазылмаса, уақытымыз жоқ. Өйткені екі айға жуық уақыт карантинде отырған халық, әсіресе, ер азаматтар, балалардың шашы біраз өсіп кеткен. Сол себепті тек алдын ала жазылған адамдарды қабылдап жатырмыз. Көпшілігі өзімнің тұрақты клиенттерім", - деді ол.

Карантин кезінде де, жеңілдетілген тұста да бірқатар азық-түлік пен қызмет көрсетулердің бағасы қымбаттағаны жасырын емес. Дегенмен, шаштараз иесі бүгінгі таңда халықтың жағдайы мәз емес екенін атап өтіп, қызмет көрсету бағасын өзгертпегенін айтты.

"Мен шаш қию қызметінің бағасын өсірген жоқпын. Өйткені қазіргі таңда халықтың да жағдайы мәз емес. Көбісінің жұмысы уақытша тоқтады. Жұмыс жүрмегеннен кейін, ақша да жоқ. Оның үстіне қазір азық-түлік те қымбаттап жатыр. Сондықтан карантинге дейін баға қанша болса, қазір де сол баға. Болашақта да бағаны қымбаттатпаймын", - деді шаштараздың иесі.

photo_2020-05-05_18-17-56.jpg

Сонымен қатар Балжан Жолдыбаева өзінің қол астында қызмет істейтін қызметкерлерінің жағдайын ойлап, карантин уақыты біткенше жұмысқа шықпауға рұқсат берген.

"Кешелі бері бір өзім жұмыс істеп жатырмын. Негізі бірнеше қыз жұмыс істейді. Бірақ қазір қоғамдық көліктің тоқтауына байланысты олар жұмысқа әлі шыққан жоқ. Өйткені олар қаланың сырт жағында тұрады. Ал күнделікті жұмысқа таксимен келіп-кету біраз қаражатта қажет етеді.  Сол себепті әзірге жалғыз істеп жүрмін. 11 мамырдан бастап қалған қыздар да жұмысқа шығады", - деді ол.

Айта өтейік, карантин кезінде мемлекет тарапынан орта және шағын бизнес өкілдеріне, кәсіпкерлерге, азаматтарға бірқатар жеңілдік жасалған еді. Сондай шараладың бірі - әлеуметтік төлем. Балжан Жолдыбаева да жұмысы тоқтағаннан кейін 42 500 теңгеге өтініш берген.

"Мен осы ғимаратты жалға алып отырмын. Карантин кезінде бізге жалға алғанымыз үшін төлейтін қаржыны төлемеуге рұқсат берді. Бұл біз үшін үлкен көмек болды. Өйткені жұмыс тоқтағаннан кейін ғимараттың ақшасын төлеу қалтаға салмақ салушы еді. Сонда-ақ жұмысым тоқтағанына байланысты 42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға тапсырдым. Ешқандай мәселе туындаған жоқ, төлемді уақытылы алдық", - деп күлді шаштараз иесі.

Балжанның айтуынша, жеке кәсіп ашпай тұрып, мектепте мұғалім болып қызмет істеген. 

"Негізі менің мамандығым - мұғалім. Бірнеше жыл бастауыш сыныпқа сабақ бердім. Осы салаға келгеніме көп болған жоқ. Ұстаздық қызметте жүргенде бір кәсіп ашуды ойлап жүрдім. Кейін сәті түсіп, осы шаштаразды аштым. Мұнда бәрі өзіңе байланысты, өзіңе өзің басшысың. Отбасыма да көңіл бөлуге уақытым бар. Ал мектепте қызметте жүргенде көп уақытым мектепке кететін. Балалармен жұмыс істеген, өзімнің білгеніммен бөлісіп, ұстаздық еткен ұнайды. Дегенмен, оның жұмысы көп. Сол себепті жеке кәсіп ашуды қолға алдым", - деп сөзін аяқтады ол.

Жалға алған ғимараттың тағы бір бөлмесінде ателье бар. Оның иесі әрі тігінші Малика Айдарова біз барғанда бетперде тігіп отыр екен. Оның сөзінше, қазіргі кезде төтенше жағдайға байланысты бетпердеге тапсырыс көбейген.    
photo_2020-05-05_18-17-47.jpg

"Карантин кезінде де бетперде тіктім, және оның бірнешеуін тараттық. Көбінесе өзімнің клиенттерім тапсырыс берді. Солардың тапсырысы бойынша, бетперде тіктік. Бағасы қымбат емес, дәріханадағы бағаны қойдық. Алайда, керемет пайда көрдім деп айта алмаймын, өйткені керекті құралдарын сатып аласың. Қазір де бір тұрақты клиентімнің сұрауымен бетперде тігіп отырмын. Ол бұл маскаларды сатпайды, тума-туыстарына, отбасына, бауырларына бермекші", - деді Маика Айдарова. 


 Ательенің иесі де карантиннен кейін де қызмет көрсету бағасының өзгермейтінін атап өтті.

"Бұл жерде жұмыс істеп жүргеніме бірнеше жыл болды. Өзімнің тұрақты клиенттерім бар. Біз де елдегі төтенше жағдайға байланысты жабылып, кеше, 4 мамыр күні қайта ашылып, жұмысымызға кірістік. Карантин кезінде біз жалға алып отырған ғимараттың иесі бізден ақша алған жоқ. Қазір адамдар келе бастады. Қызмет көрсетудің бағасын көтерген жоқпын, бұрынғы бағамен қалдырдым. Себебі қазір халықтың да жағдайы керемет емес", - деді Малика Айдарова.  
Елдегі азық-түлік бағасы мен қызмет көрсетулердің бағасы шарықтап жатқанда, шаштараз бен ателье қызметінің бағасын өсірмеген екі маманға біз де риза болдық.

Еске салайық, eлімізде карантин режимінен соң 4 мамырдан бері шаштараз қызметі қайта жалғасты. Алайда, айта кету керек, сұлулық салондары әлі ашыла қойған жоқ.


Сұхбат үшін рахмет!
ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды