• Басты
  • Күзгі әскерге шақыру науқаны қалай ұйымдастырылады

Күзгі әскерге шақыру науқаны қалай ұйымдастырылады

26 Тамыз, 2021 12:56

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде ҚР ҚК БШ Ұйымдастыру жұмылдыру жұмыстар департаментінің бастығы Сәкен Жүсіпов әскерге шақыру кампаниясының өзекті мәселелерін айтып берді. Оның мәлімдеуінше, 1 қыркүйектен бастап күзгі азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру іс-шаралары басталады. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Күзгі әскерге шақыру

Ол сөз басында Мемлекет басшысының 2021 жылғы 5 ақпандағы жарлығына сәйкес ағымдағы жылғы 1 қыркүйектен бастап күзгі азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру іс-шаралары басталатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол қолданыстағы заңға сәйкес азаматтарды мерзімді әскери қызметке әскерге шақыруды жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырып қамтамасыз ететінін жеткізді.

«Жыл соңына дейін жалғасатын күзгі әскерге шақыру кампаниясы барысында ҚР Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негіздері жоқ, жасы 18-ден 27 жасқа дейінгі 17 мыңға жуық жас жігіт толықтырады», - деді Сәкен Жүсіпов.

Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырып, қамтамасыз ететін азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілерін запасқа шығару олар әскерге шақырылған күннен бастап 12 ай өткеннен кейін жоспарлы түрде жүзеге асырылатын болады.

Санитариялық-эпидемиологиялық шектеулерді сақтау

Сәкен Жүсіповтің айтуынша, әскерге шақыру кампаниясы осымен екінші жыл пандемия жағдайында өткізуде. Әскерге шақыру және жиын пункттерінде коронавирус инфекциясының алдын алу және оның таралуына жол бермеудің практикалық тәжірибесі пысықталғанын жеткізді.

«Өткен әскерге шақыру кампаниясындағы сияқты әскерге шақырылушыларға ПТР зерттеуі екі рет жүргізілетін болады. Яғни, әскерге шақыру кезінде жиын пункттерінде және олар әскери бөлімдерге келген кезде», - деді Сәкен Жүсіпов.

Оның сөзінше, белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық шектеулерді сақтау, медициналық маскалармен, дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз ету ұдайы қорғаныс министрлігінің бақылауында болады.

«Әскерге шақырылушылардың және олардың ата-аналарының карантиндік шектеулерді сақтау қажеттігіне түсініп қараулары әскери ортада коронавирустың жаппай таралуына жол бермеуге ықпал ететінін айтып өту қажет деп санаймын», - деді Сәкен Жүсіпов.

Сәкен Жүсіпов алдағы әскерге шақыру барысында цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің 1414 қызметінің сервисі арқылы әскерге шақырылушыларға SMS-хабарламалар таратуды жалғастыру жоспарланғанын айтып өтті. Оның пайымынша, хабардар ету процесінен жеке қарым-қатынас жасауды алып тастау инфекция жұқтыру қаупін азайтады.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу

Сондай-ақ, ол сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін ағымдағы жылғы көктемгі әскерге шақыру кезінде мерзімді әскери қызметке әскерге шақыруды кейінге қалдыру және одан босату «электрондық үкімет» порталының «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер базасының ақпараттық жүйесі арқылы мемлекеттік қызмет көрсету шеңберінде жүзеге асырылатынын жеткізді.

«Көрсетілген мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы нақты ақпаратты «еgov.kz» сайтынан алуға болады және ол туралы арнайы әзірленген жадынаманы жақын жерде орналасқан кез келген жергілікті әскери басқару органдарынан ала аласыздар», - деді Сәкен Жүсіпов.

Оның сөзінше, әскерге шақырылушылар және олардың ата-аналары, журналистер мен қоғамдық өкілдер қажетті ақпарат алу үшін кез-келген уақытта хабарласып жауап ала алады. Ол үшін әрбір қорғаныс істері жөніндегі департаменттерде электрондық пошта жәшіктері мен әлеуметтік желілерде ресми аккаунттар ашылған. Сондай-ақ, ол ақша талап ету және басқа да сыбайлас жемқорлық көріністері бойынша жедел шаралар қолдану және туындаған жағдай бойынша кеңес алу үшін қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің «Қарулы Күштер – Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесіне жүгіну немесе сенім телефондарына хабарласу қажеттігін ескертті.

 

Барлық жаңалықтар