• Басты
  • Кәсіпкер: COVID-19-дан қорғанудың ең тиімді әдісі – вакцина алу

Кәсіпкер: COVID-19-дан қорғанудың ең тиімді әдісі – вакцина алу

25 Маусым, 2021 16:39

"Ақсай" Нан-тоқаш комбинаты" ЖШС - Қазақстан Республикасының қазіргі заманғы ірі нан пісіру кәсіпорындарының бірі. Бүгінде бұл кәсіпорын қалай жұмыс істеп жатыр, қызметкерлердің вакцина алу барысы туралы білу үшін Ақмола облысы бойынша Аксайнан-Көкшетау филиалының басшысы Сәуле Қуантайқызына хабарластық. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Бұл кәсіпорын күн сайын 150 тоннадан астам өнім өндіреді, 1000-нан астам адамды жұмыс орнымен қамтамасыз етеді. Кәсіпорын 36 жыл бойы қызмет атқарады. Ал, Көкшетаудағы филиал 17 жыл бойы нан шығарумен айналысып келеді.

Кәсіпорында, филиал директорының айтуынша, барлық карантин талаптары орындалып отыр. Бүгінге дейін кәсіпорын ұжымының 77 қазметкері толықтай вакцина қабылдаған. Қалған жұмысшылар осы дүйсенбі толық егіледі.

«Аксай» нан-тоқаш комбинаты филиалында қазіргі таңда 162 адам қызмет етеді. Олардың ішінде бұл вирусты жұқтырып ауырғандар да бар. Алдыңғы жылы 14 адам ауырды. Осы жылы 6 адам ауырды. Осы айдың соңына дейін вакцинаны алып бітіреміз деген ойдамын», - деді Сәуле Қуантайқызы.

Оның айтуынша, қызметкерлердің көпшілігі «Hayat-Vax» және «Спутник V» вакцинасымен егілген. Вакцина қабылдағандардан ешқандай ауырсыну байқалмаған. Кәсіпкердің өзі наурыз айының соңында алғашқылардың бірі болып егілген. Оның пікірінше, көшбасшыдан қызметкерлер үлгі алады.

«Бір қызығы осы вакцина алғаннан кейін менің бойымда бір күш пайда болғандай сезімде болдым. Дене қызуым тек 2 сағаттай ғана жоғарлады. Жасым 60-тан асса да ауыртпалық сезілмеді, керісінше өте жақсы сезімде болдым», - деді ол.

Оның сөзінше ең қиыны көп адамдар әлі вакцинаға сенбейді. Оған себеп әлеуметтік желідегі расталмаған ақпараттардың әсері. Үкімет денсаулығымыз үшін барлық жағдайды жасап жатырған кезде, бұл мүмкіндікті жібермеу керек екенін жеткізді.

«Тіпті ойланудың да қажеті жоқ. Себебі, кішкентай кезімізде бәріміз шешек вирусына қарсы егілгенбіз. Бұл да сондай вирус түрі», - деді Сәуле Қуантайқызы.

Ол қызметкердің қауіпсіздігі үшін бұйрық шығарған. Ол бұйрықта бірінші кезекте вакцинадан өту міндеттелген. Ал, екінші жолы - аптасына бір рет ПТР тестінен өткен анықтаманы жеткізу.

«Егер дәрігерлер денсаулығына байланысты рұқсат бермеген жағдайда бұны растайтын анықтама болу қажет. Айта кету керек, бұл осы айдың 30-ына дейін барлық жұмысшылар толықтай вакцина алу керек деп жоспарланып отыр», - деді ол.

Оның сөзінше, ұжымда көпбалалалы ата-аналар да жұмыс істейді. Олар да балалардың болашағы үшін вакцинаны қабылдау міндетті деп санайды. Қазіргі таңда Ақмола облысы бойынша барлық қызметкерлер вакцина қабылдады.

«Қазір Аксайнан-Көкшетау нан сататын 13 дүкеніміз бар. Онда қызмет ететін дүкеншілер де вакцинаны қабылдады. Мен вакцинаны COVID-19-дан қорғаудың ең тиімді әдісі деп санаймын», - деп қорытындылады ол.

Барлық жаңалықтар