• Басты
  • Кәсіпқой бокс әлемі және қазақстандық спортшылар
2 Сәуір, 2020 14:24

Кәсіпқой бокс әлемі және қазақстандық спортшылар

Бокс тек физикалық күш-қуатты ғана емес, терең ақыл-ой мен ерен еңбекті талап ететін спорт түрі. Әлемдік әуесқой бокста қазақстандық боксшылардың беделі биік екенін бәріңіз жақсы білесіздер. Бұған олимпиада, әлем чемпионаты, Азия ойындары сынды халықаралық айтулы додалардағы отандық былғары қолғап шеберлерінің жетістіктері айқын дәлел.


Кәсіпқой бокс әлемі және қазақстандық спортшылар

Ал кәсіпқой бокс ше? Тарихы, шарттары, ұйымдастырылу деңгейі әуесқойға қарағанда өзгеше әлем саналатын кәсіпқой бокста да Қазақстаннан шыққан боксшылардың жетістіктері аз емес. Бұл сөзімізге дәлел ретінде әйгілі Василий Жиров, Геннадий Головкин сияқты майталмандардың кәсіпқой бокстағы бағындырған белестерін айтсақ та жеткілікті.

Бүгінгі мақаламызда әлемдік кәсіпқой бокстың қыр-сыры мен осы бағытта тер төгіп жүрген отандық спортшылардың жай-күйіне қатысты тарқатып жазатын боламыз.

   Кәсіпқой бокс тарихына қысқаша шолу.

Тарихи деректер жекпе-жек, оның ішінде бүгінгі бокстың прототипі саналатын жұдырықтасу өнері ежелгі шумерлерде, гректерде, Египетте, Үндістанда және т.б. өркениеттерде болғанынан хабар береді. Бокс ежелгі Афиныда олимпиада ойындары қатарына еніп, жұдырықтасу өнері ретінде халықтың қошеметіне ие болған.

   кестешк 1.jpg

Кәсіпқой бокстың ресми басталуын сарапшылар 1892 жылмен байланыстырады

Сол жылы Салливан мен Корбет атты боксшылар арасында өтеді. 21 раудқа созылған жекпе-жекте Корбет қарсыласын нокаутқа түсіріп жеңіске жетеді. Бұл рингте қолғапсыз жалаң жұдырықпен ресми жұдырықтасудың соңғыларының бірі. Мұны кәсіпқой бокстың ресми басталуы деушілер кездесу барысындағы пиар-промоушн (әрине қазіргідей дамыған түрде болмаса да), спортшыларға төленетін қаржы көлемі, ұйымдастырылу жұмыстары кәсіби түрде сауатты жүргізілгенімен түсіндіреді.

Дегенмен бұл кездері жекпе-жек барысында раунд саны шектелмей, қай боксшы қарсыласын нокаутқа түсіргенге дейін жұдырықтасу жалғаса беретін болған. Қазіргі таңда бапкердің орамал тастауы, спортшының қабағының жарылуы немесе қарсыластардың бірі есеңгіреп қалған жағдайда жекпе-жекті тоқтатса, ол кезде мұндай түсінік болмаған. Жекпе-жектің аяқталуы үшін қарсыластардың бірін-бірі ұрып, толық жығуы талап етілген. Тіпті кейбір кездесулерде аяқпен тебу, көзді шұқып алу, баспен сүзу, аяқтан шалу, белден төмен соққы жасау сынды лас әдістерге де жол беріліп отырған.

1893 жылы АҚШ-тың Лиузиана штатында әлемдік бокс тарихындағы ең ұзақ бокс кездесуі Энди Боуэн мен Джек Берктің арасында болған.

Қарсыластар рингте 110 раунд жекпе-жек өткізіп, 7 сағат 19 минут бойы айқасқан. Соңында екі боксшының бірін-бірі ұруға шамасы келмегендіктен, төреші кездесуді тоқтату жайлы шешім қабылдаған. Кейіннен Джек Берк осы кездесуде екі қолының да сынғанын, енді бокспен қоштасатынын айтқанымен, уақыт өте келе рингке қайта оралған.

кестешка .jpg

   Осыған ұқсас және дене жарақаты тұрмақ, адам өлімімен аяқталған бокс кездесулері тарихта көп. Сондықтан бертін келе бокс кездесулерін 15 раундпен шектеп, әр раундқа арнайы уақыт есептеліп, бекітілген. 15 раундтық кездесулер де көптеген спортшылардың спорттық мансабын тоқтатқанын, талай қайғылы оқиғаларға себеп болғанын айта кету керек.

1982 жылы 13 қарашада жеңіл салмақта жұдырықтасатын оңтүстік кореялық боксшы Ким Дук Ку америкалық Рэй Манчинимен болған қиян-кескі кездесуден алған жарақатынан көз жұмады. Ұлының қазасына шыдай алмаған анасы үш айдан кейін пестицид ішіп, қайтыс болады. Ал төреші Ричард Грин кездесуді уақытында тоқтатпағаны үшін өзін кінәлі сезініп, бір жылдан кейін өзіне қол жұмсап, көз жұмады.

Ал кездесудің жеңімпазы Рэй Манчини апатияға түседі. Бұл оқиға әлемдік бокста үлкен резонанс туғызып, сол жылы Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) жекпе-жектерді 15 раундтан 12 раундқа дейін қысқарту туралы шешім қабылдайды. Кейіннен бұл ұйғарымға өзге де бокс қауымдастықтары қосылды. Қазірге дейін маңызды бокс кездесулерінің бәрі 12 раундқа шақталған. Ал тәжірибесі аз, рейтингі төмен боксшылар үшін 6, 8 немесе 10 раундтық кездесулер де ұйымдастырыла береді.

Кәсіпқой бокс тарихында бірінен бірі өткен сайыпқыран боксшылар аз емес. Оның ішінде боксты спорттан шын мәнісіндегі шоуға, танымалдылыққа, бизнеске айналдыру жолында ерекше еңбегі сіңген спортшы Мұхаммед Әли екенін әлемнің беделді спорт сарапшылары мойындайды.

Сонымен қатар, әр түрлі кезеңде үлкен жетістікке жеткен, кәсіпқой бокстың тарихында есімдері алтын әріптермен жазылған Эззард Чарлз, Джерси Джо Уолкотт, Рокки Марчиано, Джо Луис, Шугар Рэй Робинсон, Шугар Рэй Леонард, Марвин Хаглер, Роберто Дюран, Флойд Паттерсон, Джо Фрейзер, Джордж Форман, Санни Листон, Майк Тайсон, Рой Джонс, Бернард Хопкинс, Оскар Де Ла Хойя, Мэнни Пакьяо, Флойд Мэйвезер сынды боксшылар аз емес. Олардың әрқайсының кәсіби қызметі, сіңірген еңбегі жайлы жеке-жеке талдап жазуға болады. Бірақ олардың кейбіріне алдағы жазбалардың бірінде тоқтала жатармыз.

   Заманауи кәсіпқой бокс әлемі.

Бүгінде кәсіпқой бокстың отаны АҚШ саналады. Бірқатар Еуропа, Латын Америка, Шығыс Азия елдерінде де кәсіпқой бокстың дамығанын айта кету керек.

Кәсіпқой бокста 17 салмақ дәрежесі бар (әуесқой бокстағы салмақ дәрежесінің саны – 8). Сондай-ақ, көптеген тұжырымдар бойынша чемпиондық атақтар сарапқа салынады және әр тұжырымның өзіндік рейтингі бар. Чемпиондық тұжырымдар ішінде негізінен бәсі жоғары саналатындар – Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC), Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (WBA), Халықаралық бокс федерациясы (IBF) және Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO), сондай-ақ «The Ring» журналының белбеуін иелену де абырой саналады. Әр салмақ бойынша аталған белбеулердің бәрін иемденген абсолютты чемпиондар аз емес.

Әуесқой бокста спортшыларға 12 жастан бастап жарысқа қатысуға рұқсат етілсе, кәсіпқой бокс сайыстарына спортшылар 16-20 жастан бастап қатыса алады. Кәсіпқой бокспен айналысу үшін арнайы лицензия алу талап етіледі.

Кәсіпқой бокстың аты айтып тұрғандай спортпен қатар, қаржы табу, шоу жасау негізгі басымдыққа ие. Сондықтан танымалдыққа ие болған кейбір боксшылар чемпиондық атақтан бас тартып, өзіне ыңғайлы, қаржылық тұрғыдан тиімді қарсыластармен кездесуді жөн көреді. Әуесқой бокста үлкен жетістікке жетіп, кейіннен кәсіпқой боксқа ауысқан және кәсіпқой бокста да танымал болып, чемпиондық атаққа қол жеткізген спортшылар аз емес.

Кәсіпқой бокста ұпай жинап жеңіске жеткенше, ауыр соққылар жасап, қарсыласты нокаутқа жіберу маңыздырақ. Өйткені бокстың бұл саласы аудиторияның қызығушылығын оятуды, олардан қаржы алуды мақсат етеді. Ал адамдарға 12 раунд бойы бірін-бірі аңдысқан техникасы мығым боксшылардың кездесуіне қарағанда негізінен нокаут жасайтын, бірін-бірі аяусыз соққылайтын боксшылардың жекпе-жектері, интригаға толы кездесулер көбірек ұнайды. Сәйкесінше осындай боксшылардың жекпе-жектеріне де үлкен аудитория жиналады.

Сонымен қатар, кәсіпқой бокста боксшының туған жері, ұлты да маңызға рөлге ие. Мысалы мексикалық және америкалықтардың ішінде тегі ирландтық, афроамерикалық боксшылардың кәсіпқой бокста көбірек қаражат табуы, атаққа кенелуі оңайлау. Өйткені оларды қолдайтын этникалық үлкен аудитория бар. Олардың жекпе-жектерін ақылы түрде қарайтын адамдар да аз емес. Сондықтан телеарналар да, промоутерлік компаниялар да осындай спортшыларға айрықша көңіл бөледі.

Америка кәсіпқой бокстың ордасы саналатындықтан әлемнің түкпір-түпірінен спортшылар бақтарын сынау үшін осында келіп, өз мансабын қалыптастыруға тырысады. Кәсіпқой бокстың ең айтулы жекпе-жектерінің басым көпшілігі осы елде ұйымдастырылады. Пост Кеңестік кеңістіктен, әлемнің өзге де елдерінен талантты боксшылардың Америка асуының бір сыры осында.

Боксшының кездесулерін ұйымдастыратын, келіссөздер жүргізетін промоутерлік компаниялардың рөлі де зор. Талай талантты спортшылар кәсіби мансабын ұйымдастыратын білікті мамандардың болмауынан жұлдызы сөнген. Ал кейбір спортшылар мансаптық жолын дұрыс ұйымдастыра білген тұлғалардың ықпалымен үлкен жетістіктерге жетіп келеді.

   Кәсіпқой бокстағы қазақстандық спортшылар.

Қазақстандық боксшылардың да кәсіпқой бокста өзіндік орны бар. Кәсіпқой бокста саласында Қазақстан туралы айтылғанда ең әуелі бірінші ауыр және ауыр салмақта жұдырықтасқан «Балқаш барысы» Василий Жиров пен орта салмақтың әйгілі боксшысы Геннадий Головкиннің есімі айтылады.

Бұл екі боксшыдан бөлек 1996 жылғы Атланта олимпиадасында аса ауыр салмақтың чемпионы атанған, кейіннен кәсіпқой бокста аса ауыр салмақтағы бірнеше чемпиондық белбеудің иесі атанған атақты Владимир Кличко мен кәсіпқой бокста ауыр салмақтың чемпионы атанған Олег Маскаев та Қазақстанда туғанын айта кету керек.

Сонымен қатар, Виталий Демьяненко, Марат Мәзімбаев, Серікжан Ешмағамбетов, Александр Мирошниченко, Вадим Присяжнюк, Бақытжан Аманбаев, Қанат Сиқымбаев сияқты боксшылар да кәсіпқой боксқа ауысып, біраз жетістіктерге қол жеткізді.

Василий Жиров әуесқойда 1996 жылғы Атланда олимпиадасында чемпион атанып, ең үздік боксшыға берілетін «Вэл Баркер» кубогын иемденген. Кейіннен кәсіпқой боксқа ауысып, IBF дәрежесі бойынша чемпион атанады. Ол кәсіпқой бокста барлығы 42 кездесу өткізіп, оның 38-де жеңіске жеткен. 32 жеңісін нокаутпен аяқтаған.

Бокстағы мансабының соңына таман 3 кездесуінде жеңіліс тауып, 1 кездесуде тең түскен. Василий Жиров тәуелсіздік алған алғашқы жылдары кәсіпқой бокс саласында қазақстандық боксшылардың деңгейін әлемдік бокс саласында мойындатқан бірегей спортшы. 2017 жылдан бері АҚШ-тың Аризона штатында жеке жаттығу залын ашып, спортшыларды тәрбиелеумен айналысуда.

Кәсіпқой бокс саласында бүкіл әлемге GGG деген лақап атымен танымал Геннадий Головкиннің де орны біз үшін айрықша маңызды. Ол да әуесқой бокспен қатар кәсіпқой бокста үлкен жетістікке жеткен спортшы. Геннадий әуесқой бокста да талай жетістікке жеткен. Оның ішінде әлем чемпионы (2003), олимпиада ойындарының күміс жүлдегері (2004) сияқты атауларын ерекше атап өтуге болады.

2006 жылдан бастап кәсіпқой боксқа ауысқан Геннадий Головкиннің есімі кәсіпқой бокста да үлкен жетістікке жетті. Оған мысал ретінде Головкиннің WBA (2010-2018), IBF (2015-2018, 2019 жылдан бүгінге дейін), WBC (2016-2018) тұжырымдары мен The Ring (2018-2018) журналының чемпионы атанғанын, атақты «The Ring» журналының рейтингінде 2017 жылы бүкіл әуесқой боксшылардың ішінде үздік атанғанын, 2008 жылдан 2017 жылға дейінгі аралықта 9 жыл бойы 23 кездесуін қатарынан нокаутпен жеңген боксшы екенін, орта салмақта чемпиондық атағын 20 рет қорғап, атақты Бернард Хопкинстің рекордын қайталағанын айтсақ та жеткілікті. Сондай-ақ, Геннадий Головкин қазақстандық талай дарынды спортшылардың кәсіпқой боксқа баруына жол ашқан, оларға моральдық рух берген, кәсіпқой боксқа деген қызығушылықты туғызған және еліміздің атын әлемдік аренада танымал еткен жұлдыз екенін айта кеткен жөн.

Кәсіпқой бокста Қазақстаннан Жиров пен Головкиннен бөлек негізгі төрт тұжырымдар бойынша чемпион атанғандар арасында Бейбіт Шүменов пен Жанат Жақияновтың да бар екенін айта кеткен орынды. Бейбіт Шүменов WBA тұжырымы бойынша чемпион атанса, Жанат Жақиянов америкалық Роши Уорренмен болған кездесуде WBA тұжырымы бойынша супер чемпион атағын иемденді.

Қазіргі таңда қазақстандық бірқатар боксшылар кәсіпқой боксқа ауысып, чемпион атану үшін тер төгіп жүр. Олардың қатарында Қанат Ислам, Иса Ақбербаев, Мейірім Нұрсұлтанов, Мадияр Әшкеев, Жәнібек Әлімханұлы, Садриддин Ахметов, Жанқош Тұраров, Иван Дычко, Айдар Шәрібаев, Батыржан Жүкембаев, Әли Ахметов, Асхат Уәлиханов, Руслан Мырсатаев, Руслан Мәдиев, Абылайхан Құсайынов, Дәурен және Данияр Елеусіновтер, Айдос Ербосынұлы т.б. бар.

Күні кеше Қанат Ислам мен мексикалық жұлдыз Хайме Мунгия арасында биылғы жылдың мамыр айында кездесу өтуі мүмкін деген ақпарат шықты. Егер бұл ақпарат расталса, онда жерлесіміздің жұлдызы жанатын мүмкіндіктің жақын екенін айта кеткен жөн. Өйткені мақала барысында атап өткеніміздей, спортшының қарсыласы неғұрлым атақты, аудиториясы кең болған сайын оған кең мүмкіндіктердің ашылатыны айқын. Ал Хайме Мунгия бүгінгі мексикалық боксшылардың ішінде Сауль Канело Альварестен кейінгі беделді спортшылардың бірі саналады.

Бүгінде спорт сарапшылары қазақстандық спортшылардың ішінде болашақта кімдердің кәсіпқой бокста жұлдызы жарқырап жануы мүмкін деген болжамдарын айтып жатады. Ақиқатына келгенде физикалық күш-қуаты, техникасы, ақыл-ойы әлемдік өзге де спорт жұлдыздарынан кем түспейтін талантты спортшыларымыз аз емес. Дегенмен оларды дұрыс жолға бағыттайтын, мансабын көтеру жолында жемісті еңбек ете алатын промоутерлік компаниялар мен менеджерлерді таба білу және олармен тиімді келісімшартқа отыра білу ең басты қағидалардың бірі. Мысалы Геннадий Головкин де кәсіпқой мансабының алғышқы жылдарын Германияда бастап, тиімді промоутерлік келісімшартқа отырмағандықтан алғашқы жылдарын рейтингі төмен боксшылар мен қажетсіз жекпе-жектерге жұмсағанын жақсы білеміз. Кейіннен Америкаға келіп, өзге команда жинағаннан кейін ғана бүгінгі биігіне шыға білді.

Қазіргі таңда Садриддин Ахметов, Мейірім Нұрсұлтанов, Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы, Мадияр Әшкеев сынды боксшылардың қарқыны жаман емес және олардың кәсіби мансабын жүргізуші промоутерлік компаниялардың да әлеуеті мықты. Дегенмен олардың қарауында көптеген жұлдыз спортшылардың бар екенін ескерсек, біздің отандастарымызға қаншалықты жете көңіл бөлетінін болашақ көрсетеді.

Сәкен ЕСІРКЕП

Барлық жаңалықтар