• Басты
  • Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару: Қазақстанда 7 449 жаңа басқару нысаны құрылды

Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару: Қазақстанда 7 449 жаңа басқару нысаны құрылды

16 Шілде, 2021 13:17

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұрбек Серіков көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жаңа нысандарына көшу кезінде өзін-өзі реттеу принциптерін енгізу туралы айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Төраға орынбасары мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мүліктің меншік иелері бірлестіктерінің немесе жай серіктестіктің институтын енгізу туралы Жолдауын іске асыру мақсатында қазіргі уақытта басқарудың 7 449 жаңа нысаны құрылғанын атап өтті. Сонымен бірге, тұрғын үй қатынастары саласындағы реформалар көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару туралы азаматтардың шағымдарына байланысты қабылданғанын да тілге тиек етті.
«Елімізде бұған дейін қолданыста болған «көпүйлі үйлерді» ПИК, ПИТК, ТК арқылы басқару тәжірибесі көбінесе олардың қызметінде шешім қабылдауда да, қаражатты жұмсауда да ашықтықтың жоқтығын көрсетті. Көппәтерлі тұрғын үйлерін толық басқару үшін пәтер иелері объектінің ортақ мүлкінің құрамын және әр пәтер иесінің үлесін анықтай отырып, кондоминиум объектісін тіркеуі қажет екенін атап өткен жөн», - деді Нұрбек Серіков.

Сондықтан, ол пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың иелері қаражаттың түсуі мен жұмсалуының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында өз үйінде МИБ немесе ЖС құру қажет екенін түсінуі тиіс екенін айтты.

МИБ немесе ЖС құру үшін қолға алынатын шаралары

МИБ немесе ЖС құру үшін:

Біріншіден, жиналысты өткізуге бастамашылық жасау қажет.

«Қатысушылардың саны пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлар иелерінің 10 пайызынан кем болмауы тиіс. Сондай-ақ, үлгілік нысанға сәйкес жиналысты шақыру туралы хабарлама ресімдеу қажет. Тұрғын үй инспекциясы да жиналысты өткізуге бастамашы болады алады», - деп толықтырды төраға орынбасары.

Екіншіден, өткізілетін жиналыс туралы хабарландыру көпшілікке қолжетімді жерлерде 10 күн бұрын жариялануы тиіс.

«Сондай-ақ, меншік иелеріне жиналыстың өткізілетін күні туралы электрондық пошта немесе ұялы байланыс арқылы жеке хабарлауға болады», - деді ол.

Үшіншіден, МИБ немесе ЖС басқару нысанын таңдау бойынша жиналыс барлық меншік иелерінің кемінде 50%-ы қатысқан жағдайда заңды деп саналады және шешімдер қатысушылардың басым көпшілігінің келісімімен қабылданады.

Жиналыста дауыс беруге қойылатын мәселелер:

- МИБ немесе ЖС құру;

- меншік иелерінің қатарынан МИБ төрағасын немесе ЖС сенім білдірілген адамын таңдау (1 жыл мерзімге);

- меншік иелерінің қатарынан Үй кеңесіне кемінде 3 адамды сайлау (3 жыл мерзімге);

- ревизиялық комиссияны немесе ревизорды сайлау (3 жыл мерзімге);

- МИБ Жарғысын бекіту не қызметті үлгі жарғы негізінде жүзеге асыру;

- ЖС құрылған жағдайда - бірлескен қызмет туралы шарт жасасу.

«Жиналыс келу тәртібімен өткізілмеген жағдайда, жазбаша сауалнама жүргізу туралы шешім хаттамамен тіркеліп, жазбаша сауалнама жүргізу уақыты белгіленетінін білу маңызды. Жеті күнтізбелік күн ішінде жазбаша сауалнама парағы әрбір меншік иесіне жіберіледі. Жазбаша сауалнама жиналыс жарияланған күннен бастап 1 айдан аспайтын мерзімде жүргізіледі», - деді Нұрбек Серіков.

Тұрғындар үшін ең бастысы - тұрғындардың дауысын дұрыс есептеу, жиналыс хаттамасын рәсімдеу және заңды тұлға ретінде тіркелу үшін ХҚКО-ға тапсырылатын құжаттардың толық пакетін рәсімдеу екенін еске салды.

 

Төртіншіден, МИБ-ті тіркеу үшін ХҚКО-ға тек төрт құжатты тапсыру қажет:

▪                  Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша өтініш;

▪                  хаттама (дауыс беру парақтарымен бірге);

▪                  жарғы (немесе үлгі жарғы) – 2 данасы мемлекеттік тілде және 2 данасы орыс тілінде;

▪                  мемлекеттік баж салығы (1 АЕК).

«Басқару нысаны ретінде жай серіктестік таңдалған кезде, әрбір меншік иесінің ЖС бірлескен қызметі туралы келісім-шартты жасасуы және үйді басқару үшін таңдалған ЖС сенім білдірілген адамына қарапайым жазбаша сенімхатты беруі тиіс. Ұйымдастырушылық және қаржылық мәселелер бойынша жиналыс құжаттарының үлгілерін, сондай-ақ басқа да ақпаратты ZHKH.KZ сайтынан табуға болады», - деді ол.

2022 жылғы 1 шілдеге дейін басқарудың барлық ескі нысандары, ПИК, пәтер иелерінің тұтыну кооперативтері, тұтыну кооперативтері жаңадан құрылған МИБ және ЖС-ке акт бойынша барлық қолда бар техникалық, қаржылық және өзге де құжаттарды беруі және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен таратылуы тиіс екенін де еске салып өтті. 

Эпиджағдайға байланысты дауыс беру қалай өтеді

«Елдегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, дауыс беруді ақпараттандыру объектілері арқылы жүргізуге болады. Бүгінгі таңда Қазақстанда үйлерді басқару бойынша оннан астам ақпараттандыру объектісі жұмыс істейді, олардың кейбіреулері дауыс беруді онлайн режимінде өткізуге мүмкіндік береді», - деп толықтырды.

Қазіргі уақытта ИИДМ Әділет және цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп, egov порталында, сондай-ақ «Заңды тұлғалар» мемлекеттік деректер базасында МИБ-ті электрондық түрде тіркеуге өтінім берудің онлайн-рәсімін пысықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын да атап өтті.

Сонымен қатар, оның сөзінше, дауыс беру рәсімін жеңілдету үшін заң жобасымен салалық Заңға жазбаша сауалнама жүргізу мерзімін ұлғайту, қаржы мәселелері бойынша кворумның міндетті шегін төмендету, онлайн дауыс беру кезінде электрондық қол қою тәсілдерін кеңейту бойынша өзгерістер енгізілетін болады.

«Бүгінгі күні тұрғын үйлерді басқарудың жаңа нысандары туралы халықты ақпараттандыру мақсатында Телеграм Бот іске қосылған, сондай-ақ сұрақтарды Suraqtar.kz платформасына да жолдауға болады», - деді төраға орынбасары.

МИБ-тің болашақ төрағаларын, басқарушы менеджерлерді және үйді басқару мәселелері бойынша білім алғысы келетіндердің барлығын даярлау мақсатында оқу орталықтары 579 адамды оқытып шығарды, Сертификаттау орталығында 258 КПТҮ басқарушысы біліктілігін растағанын да атап өтті.

«Қолданыстағы заңнамаға енгізілген жаңа түзетулерге қатысты ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Әділет министрлігіне әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске өзгеріс енгізу туралы ұсыныстар жібергенін атап өткім келеді. Бұл ұсыныстар МИБ тіркелгеннен немесе ЖС құрылғаннан кейін тапсырыс берушінің (құрылыс салушының), ескі басқару органдарының үй бойынша қажетті құжаттарды қабылдау-тапсыру актісі бойынша ұсынбау фактілеріне қатысты», - деді Нұрбек Серіков.

Аталған құқық бұзушылықтар үшін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылатын болады.

Бұдан басқа, ол Ұлттық экономика министрлігіне көппәтерлі тұрғын үйдің жай серіктестіктеріне салық салуды реттеу бөлігінде Салық Кодексіне өзгерістер енгізу үшін ұсыныстар жіберілетінін атап өтті. Осылайша, басқарудың жаңа нысандарын енгізу мүлік иелерінің мүдделерін қорғауға, кондоминиум объектісін басқару және күтіп-ұстау сапасының деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, бұл тұтастай алғанда тұрғын үй қорының сақталуын қамтамасыз етпек.

Барлық жаңалықтар