• Басты
  • Kөлеңкелі экономикамен күрес аясында төлем жүйелерін дамыту мәселелері талқыланды
26 Ақпан, 2020 09:43

Kөлеңкелі экономикамен күрес аясында төлем жүйелерін дамыту мәселелері талқыланды

Парламент Сенатында «Ақшаны жылыстатуға, елден капиталды шығаруға және көлеңкелі экономикаға қарсы күрес аясында Қазақстанда төлем жүйелерін дамыту мәселелері» тақырыбы бойынша мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесу болды, деп хабарлады ҚР Парламенті сенатының баспасөз қызметі.

Kөлеңкелі экономикамен күрес аясында төлем жүйелерін дамыту мәселелері талқыланды

Шараға Сенат депутаттары, Қаржы министрлігінің өкілдері, Ұлттық банкінің, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының басшылары қатысты. 

Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина өзінің кіріспе сөзінде бүгінгі таңда төлем жүйесі қаржы жүйесінің негізгі бөлігінің бірі екенін атап өтті. «Дегенмен, мәселенің екінші жағы да бар. Заңсыз операцияларды қаржыландыру, кірістерді жасыру және капиталды шетелге шығару барысында алдыңғы қатардағы қаржы технологиялары қолданылып отыр», - деді ол.

Кездесуде сөз алған еліміздің Ұлттық банкі Төрағасының орынбасары Есжан Біртанов өз баяндамасында төлем жүйелері туралы жалпы мәліметтер туралы айта келіп, осы саланың өзекті мәселелері жайында хабардар етті. «2019 жылы банктер төлем жүйесі арқылы 793 трлн теңге сомасына операциялар жасады, оның ішінде Ұлттық банктің төлем жүйесі арқылы 762 трлн теңге (96%) және жеке төлем жүйесі арқылы теңге 31 трлн теңге (4%) болды», - деді ол.

Қаржы мониторингі комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Лесбеков 2015 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ұлттық банктің аумақтық филиалдары ұлттық және шетел валютасындағы жалпы сомасы 554 млн. АҚШ долларынан астам ірі мөлшердегі қаржының шетелден қайтпағаны туралы деректер бойынша Экономикалық тергеулер қызметінің аумақтық органдарына 436 материал жібергенін атап өтті. 

«Осы хаттарды қарау нәтижелері бойынша ҚР ҚК 235-ші бабы негізге алына отырып, Экономикалық тергеулер қызметінде 321 қылмыс тіркелді. Оның 47-сі бойынша қылмыстық іс аяқталды, олардың ішінен 4-еуі сотқа жіберілді және 43-і ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылды», - деп атап өтті ол. 

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова өз баяндамасында қазақстандық қаржы ұйымдары мәні белгіленген шектеуге таяу көптеген операциялар Қаржы мониторингі комитетіне жіберілетінін, оған талдаушылардың ауқымды ресурсы назар аударатынын, алайда оның аз ғана бөлігі күдік тудыратынын атап өтті. «Шын мәнінде ақпараттың ауқымды көлемі маңызды мәселелерді тиімді анықтауға кедергі келтіреді. Сонымен қатар қаржы ұйымдары клиенттер операцияларына күдік пен ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландырудың алдын алуға көптеген ресурстарды жұмсайды», - деді ол. 

Баяндамаларды талқылау барысында депутат Сергей Плотников капиталдың кетуі мен халықаралық аудармалардың теріс теңгерімі туралы мәселені көтерді. «Өткен жылы шетелге жалпы сомасы 655 млрд теңгеге 2,6 млн транзакция болды. Шетелден бізге 344 млрд теңгеге 1,6 млн транзакция жасалды», - деді ол.

Сенатор Ольга Перепечина жедел төлемдер жүйесін енгізуге назар аудара отырып, оның бизнес субъектілері үшін қаншалықты тиімді екенін сұрады. Сарапшылар бұл жүйе төлемдерді мобильді қосымша арқылы және QR-кодтар арқылы жүзеге асыруды көздейтінін, қолданыстағы төлем жүйесіне балама болатынын жеткізді. «Қазіргі уақытта барлық төлемдер процессингі халықаралық Visa, Mastercard төлем жүйелерімен өтіп жатқаны негізгі мәселе болып отыр», - деді Е.Біртанов. 

Сенатор Бақтыбай Шелпеков кәсіпкерлікті дамытуға назар аудара отырып, сатушыларға арналған комиссия тым үлкен болғандықтан тауарларды банк карталары бойынша төлеуге арналған комиссияны кәсіпкерлерге төмендету мүмкіндігін сұрады. «Шағын және орта бизнес терминалдар мен кассалық аппараттардан қорықпайды, олар көбірек төлегісі келмейді. Олар ашықтықтан емес, осы пайыздан қашады». 

Депутат Нұрлан Қылышбаев халық пен кәсіпкерлердің сандық және қаржылық сауаттылығын арттыру қажеттігін атап өтті. «Шағын және орта, сондай-ақ микробизнеске кәсіпкерлердің ынта-ықыласы керек. Өңірлерде кәсіпкерлердің өздері қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың барлық артықшылықтары мен мүмкіндіктері туралы білмейді. Ауылдардағы жүйе мүлде басқа: адамдар карта арқылы банкоматтан ақшасын ала отырып, қолма-қол ақша түрінде ғана жұмсайды», - деді ол. 

Сарапшылардың пікірінше, ауылдық жерлерде қолма-қол ақшасыз төлемдерді пайдалануға баламалар мен мүмкіндіктерді іздеу осы жағдайдың шешімі болып табылады.

Сенатор Ольга Перепечина кездесуді қорытындылай келіп, ақшаны жылыстату, елден капиталды әкету және көлеңкелі экономика бойынша нақты жұмыстар жүзеге асып жатқанына қарамастан, осы саладағы бақылаушы органдар арасында үйлесім жоқтығын атап өтті. «Біз үлкен транзакцияларға, терроризмді қаржыландыру, контрабанда, ұрланған капиталды шетелге шығарудың көлеңке жолдары сияқты заңсыз операцияларды анықтауға назар аударып келеміз. Сонымен қатар, біздің бизнес те назардан тыс қалмауы керек. Көптеген сауда нүктелерінде чектер әрдайым беріле бермейді, бұл деген көлеңкелі айналым», - деп түйіндеді О.Перепечина.

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды