• Басты
  • Көктемгі су тасқыны: қауіпті аймақтар, қауіпсіздік шаралары, құтқару тобы мен техникалар

Көктемгі су тасқыны: қауіпті аймақтар, қауіпсіздік шаралары, құтқару тобы мен техникалар

5 Ақпан, 2021 18:04

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Күлшімбаев Ибрагим Дәукесұлы көктем мезгілінде су тасқыны қаупінің көбейетініне байланысты алдын алу шаралары туралы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Құтқару техникаларының саны

Министрдің айтуынша, ол басқарып отырған ведомсто әдеттегідей орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту бойынша жұмыс жүргізеді. Министрлік дайындық жұмыстары аясынд әр аймақтағы бөлімшелерде резервтік топтар дайындалды. Мәселен, қазіргі таңда аймақтардан ірі су басу қаупі аз, жеке құрамның жалпы саны 651 адам, 187 бірлік техника дайындалды. Оның ішінде 76 арнайы техника, 26 жүзу құралы және 85 мотопомпа бар.

Қар көп түскен қауіпті аймақтар

«Қазгидромет» болжамына сүйенсек, биыл Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарына жауған қар мен өзен бассейндеріндегі ылғал қоры орташа көп жылдық деңгейден төмен.

«Ақмола облысы Сілеті өзеніндегі су деңгейі орташа көп жылдық деңгейі шегінде. Ал, Қостанай облысында Тоғызақ өзеніндегі су көлемі орташа көп жылдық деңгейден жоғары. Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында топырақтың қату тереңдігінің көрсеткіші өткен жылғыдан орташа есеппен 70 см артық. Бұл көрсеткішті «Казгидромет» көрсеткен. Бірақ өзендерге су жиналу наурыз айына дейін жалғасады», - деді министр.

Соңғы бес жылдағы жағдай бойынша он облыстың 160 елді-мекенінде су тасқыны орын алған. Олар: Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Ақмола, ШҚО, СҚО, Павлодар, Жамбыл облыстары және Алматы қаласы.

Министр баяндамасында су тасқынынан келетін залалды азайту үшін ТЖМ талдау жүргізгенін айтты.

«Талдау нәтижесінде келе жатқан көктемде су тасқыны қаупі төніп тұрған 905 елді-мекен белгілі болды. Онда тұратын 600 мыңға жуық тұрғынға зияны тиюі ықтимал. Оларды қорғау үшін ТЖМ, ИИДМ, ЭГТРМ және ЭМ бірлескен бұйрығымен үш жылға арналған «Су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасы бекітіліп, сол бойынша жұмыс жіргізіліп жатыр», - деді ол.

Құтқару шараларының «жол картасы»

Аталған жол картасы аясында 4 жылда 402 іс-шара орындалды, оның ішінде қорғау бөгеттері мен дуалдарды жөндеу, қорғаныс құрылыстарын қалыпқа келтіру, жағалауды бекіту, түбін тереңдету және 537 шақырымдық су тасқыны қаупі бар өзен арналарын түзету бойынша жұмыстар жүргізілді.

«Сондай-ақ, Жол картасында көрсетілген жоспарды жүзеге асыру 315 (34,8%) елді мекенді су басу қаупін толығымен жоюға және 314 (34,7%) елді мекенде барынша қауіпті азайтуға мүмкіндік берді. Алайда, ауа райы жағдайларына байланысты 276 (30,5%) елді мекенде (саны 270 мыңнан астам адам) су басу қаупі сақталуда», - деді ол.

Су тасқынының алдын алу мақсатында «2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы» бекітілгенін де министр баяндамасында айта кетті.

«2021 жылғы көктемгі кезеңдегі су тасқыны жағдайының ықтимал күрделенуіне жедел ден қою мақсатында Төтенше жағдайлар министрінің 29 қаңтардағы № 47 бұйрығымен халықты және облыс аумағын су тасқыны қаупінен қорғау бойынша іс-шаралар кешені анықталды. Көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларды жою бойынша ТЖМ Республикалық жедел штабы мен жедел тобының құрамы анықталды», - деді Күлшімбаев.

Жеке құрамның жалпы саны 10 мың адамнан астам және 1800 бірліктен астам техникасы бар азаматтық қорғау күштері мен құралдарының топтамасы (оның ішінде ҰҰ әскери бөлімдерінің және полиция департаменттерінің бөлімшелері) құрылды.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, Нұр-Сұлтан қ. – 80 адам, 30 бірлік техника жұмылдырылды. Алматы қ. – 55 адам, 23 бірлік техника, Шымкент қ. – 48 адам, 22 бірлік техника, Жамбыл обл. – 68 адам, 26 бірлік техника, Қызылорда обл. – 64 адам, 24 бірлік техника, Маңғыстау обл. – 127 адам, 21 бірлік техника, Атырау обл. – 49 адам, 21 бірлік техника, 28237 ӘБ – 160 адам, 20 бірлік техника дайын тұр.

«Бұдан басқа, резервтік топтың құрамына Көкшетау техникалық институтының жиынтық жасағы кіреді (жеке құрамнан 55 адам және 3 бірлік техника). Күштерді жедел ауыстыру және зардап шеккен халықты шұғыл эвакуациялау жағдайында «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшақтары әзірлікте болады», - деді ол.

Министрдің айтуынша, барлық өңірде ТЖ алдын алу және жою бойынша комиссия отырыстары өткізілді:

- 180 мың тоннадан астам жанар-жағар май,

- 142 мың тонна инертті материал,

- 700 мыңнан аса қап, жарылғыш заттар дайындалған.

- 10 облысында 60-тан аса ірі су қоймаларының деңгейін қадағалау үшін апта сайын мониторинг

-халықты құлақтандыру, оның ішінде телерадио жиіліктеріне қосылу, СМС-хабарламалар жіберу, интернет-ресурстарды пайдалану және дауыс ұлғайтқыш құрылғылары бар патрульдік полиция автомашиналарын тарту мәселелері пысықталды;

- жергілікті атқарушы органдардың алдын ала ақпараты бойынша ағымдағы жылы әкімдіктер төтенше резервтерде және шұғыл шығындарға арналған резервтерде 36,6 млрд. теңге салынды;

- Қазгидрометпен бірлесіп қар және ылғал қорының көлемін, сондай - ақ топырақтың қату тереңдігін анықтау мақсатында қар өлшеу бағыттары бойынша шаралар ұйымдастырылды.

Азаматтық қорғау күштері мен құралдарын басқару органдарының дайындық деңгейін тексеру мақсатында ағымдағы жылдың наурыз айында «Көктем-2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуды Павлодар қ. өткізу жоспарланған.

Атбасар мен Шардарада биыл ссу тасқыны қайталана ма?

Жабай өзенінің тасуы кезінде Атбасардағы тұрғын үйлерді жыл сайын су тасқыны салдарынан су шәйіп кетеді. Биыл 455 тұрғын үй көп пәтерлі үйлерге көшірілетін болды. Мұндай қауіпті аймаққа Ақмола облысының Целиноград ауданы, Аршалы ауданы да кіреді. Құтқарушы топ тиісті шараларды орындауға дайын.

Шардара су қоймасында жөндеу жұмыстары жүргізілген. Биылғы көктемде мұнда су тасқыны болмауы мүмкін. «Казгидромет» жауған қардың көлемін аз деп көрсетуде. Түркістан облысымен шекарада Сырдария өзенінің бойында мұз жоқ, бірақ Қызылорда облысында мұздың қалыңдығы 18 см, ал Арал теңізі маңайында 50- 60 см жетеді. Бірақ бұл қауіпті емес.

 Тұрғындар білуі тиіс сақтық шаралары

Ибрагим Күршімбаев халыққа үндеу тастады:

«Құрметті тұрғындар. Баяндамамды қорытындыласам, сіздерді сақтық шараларын сақтауға шақырамын. ТЖ департаменттері мен жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерінің ұсынымдарын сақтауды сұраймыз. Әркім өз ауласының аумағын уақытылы қардан тазалауы керек. Үйлерге жақын орналасқан арықтар мен су өткізу құбырларын қоқыстардан тазалау керек. Үй маңындағы аумақты инертті материалдармен қалқалау керек. Жергілікті атқарушы органдардан эвакуациялық пункттердің алдын ала белгіленген орындарын және эвакуациялау бағытын нақтылау қажет. Жұқа мұз кезінде су айдындарына балаларды қадағалаусыз жібермеу керек», - деп министр баяндамасын аяқтады.


Барлық жаңалықтар