• Басты
  • Көктемгі егіс: 11,8 млрд теңге тұқым себуге, 24 млрд теңге техникаға бөлінді

Көктемгі егіс: 11,8 млрд теңге тұқым себуге, 24 млрд теңге техникаға бөлінді

30 Наурыз, 2021 13:27

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте көктемгі егіс жұмыстарына дайындық туралы айтылды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


2,4 млн тонна тұқым себілді

Қазіргі таңда мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы министрлігі жоғары рентабельді және әлеуметтік маңызы бар дақыл алаңдарын ұлғайту, егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстарын жүргізуде.

Брифинг барысындаҚР АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің өкілдері шаруаларды тұқыммен, тыңайтқыштармен және пестицидтермен қамтамасыз ету туралы ақпаратпен бөлісті. Олардың дерегінше, облыстар биыл 2,4 млн тонна тұқым себілген. Жоспар 100,2% орындалыпты. Оның 2 млн тоннаға жуығы дәнді дақыл, 80,5 мың тоннасы майлы дақыл тұқымы. Бұл әр облыстың көрсеткіштерін қосқандағы себілген тұқым.

Осылайша, көктемгі егін егу жұмыстарына дайындық жүргізіліп, ал Қазақстанның оңтүстігіндегі Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында егін егу, дән себу науқаны басталып кетті.

Суарудың жаңа жүйесі әзірленді

Науқан барысында әр облыста жиналыстар өткізілген. Онда егіс алқаптарын суару мәселесі көп көтерілген мәселелердің біріне айналған. Су шаруашылығы ұйымдарына биылғы суару кезеңіне дайындалу үшін суару жүйелерін мамыр айына дейін аяқтау тапсырылды. Сондай-ақ вегетация кезеңінде суару, су беру кестесін қатаң түрде сақтау және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне суды көп қажет ететін дақылдар алаңын қысқарту бойынша ұсынымдар берілді.

Ведомство әр өңірдің жергілікті атқарушы органдарымен бірлесе отырып, жаңа жерлер көлемін анықтау, осы жерлерді пайдаланатын жер пайдаланушыларды және осы жерлерге суармалы жүйелер алатын инвесторлар тізімін әзірледі.

«Мәселен, әр өңірдегі егіс алқаптарында өсірілетін қандай да бір дақылдардың құрылымын анықтады. Өткен жылы суармалы жерлер көлемі тәлімі жерлерді игеру бойынша 26,5 га ұлғайды, оның 24,5 га Павлодар облысында, 1000 га - Қызылорда облысында және 800 га - Алматы облысында орналасқан», - деп есеп берді спикер.

Алматы, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында субсидиялауға өтінімдер қабылдануда. Жақын арада БҚО және СҚО-да өтінімдер қабылдана бастайды. Қалған өңірлерде субсидиялар тізімі мен нормаларын бекіту аяқталып келеді.

 Бюджеттен бөлінген қаражат есебі 

«Биылғы науқан барысында фермерлерге 117,6 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізілді. Жергілікті бюджеттерден оларды сатып алуды субсидиялауға 26 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Сонымен қатар, облыс әкімдіктері биыл пестицидтерді сатып алуды субсидиялауға 30,6 млрд теңге бөлген», - ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтанов.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері биыл егілетін егін көлемі мен бұған бюджеттен бөлінген қаржы туралы айтты. Олардың есебінше, осы жылы тұқым шаруашылығын қолдауға 11,8 млрд теңге бөлінген. бұл 82 мың тонна элиталы тұқым мен 3,8 млн дана көшет сатып алуға жететін қаржы.

Көктемгі дала жұмыстары басталды. Бұл өңірлерде 68 мыңға жуық гектарға астық, 6,5 мың гектарға картоп, 10 мың гектардан астам жерге көкөніс дақылдары және 19 мыңға жуық гектарға көпжылдық шөптер егілді.

Жалпы, биыл 22,8 млн гектар егіс алқабын игеру жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 186,6 мың гектарға артық.

Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқабы 75,2 мың гектарға (15,8 млн-ға дейін) азайтылды.

Сонымен қатар, майлы дақылдардың үлесі 63 мың гектарға (3 млн-ға дейін), жем-шөп дақылдары 114,5 мың гектарға (3,4 млн-ға дейін), бақша дақылдары 16 мың гектарға (280 мың гектарға дейін) ұлғайтылады.

 Қарақұмық пен картоп көп егіледі

Ауыл шаруашылығы министрлігі көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жөніндегі кеңес қорытындысы бойынша өңірлерге қарақұмық пен картоп алқаптарын ұлғайту қажеттілігі туралы тапсырма беріпті.

«Нақтырақ айтсам, жергілікті атқарушы органдарға қарақұмық алқаптарын бұрын жоспарланған 89 мың гектардың орнына 103 мың гектарға, ал картопты 197 мың гектардың орнына 209 мың гектарға дейін кеңейту ұсынылды», - деді Азат Сұлтанов.

Егін науқанына арналған техникалардың дайындығы

Егін егу жұмыстарына техника мен жанар-жағармай қажет. Биылғы егін жұмыстарына жұмылдырылған техниканың ішінде Қазақстанда дайындалған техника сұранысқа ие. Биыл 24 млрд теңгеге егіндікке арналған 1112 бірлік техника алынды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мәлімделген көлемде қаржыландырумен қамтамасыз ету жоспарлануда.

«Техниканы дайындау жоспарлы режимде жүзеге асырылады. Жаппай жұмыс жүргізу алдында техниканың дайындығы 100% құрайды. Егіс жұмыстарын жүргізуге Энергетика министрлігімен келісім бойынша 380 мың тонна дизель отыны бөлінді. Қазіргі уақытта облыс операторлары МӨЗ-бен шарттар жасасу және диқандар үшін дизель отынын жөнелту рәсімдерін жүргізуде. Фермерлер үшін баға жанар-жағармай құю бекеттеріне қарағанда 15-20 теңгеге төмен немесе литріне орта есеппен 165 теңге болады деп күтілуде», - деді "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ Басқарушы директоры, Басқарма мүшесі Айболат Әбенов.
Бүкіл әлемде азық-түлікке деген сұраныстың артуы жағдайында көктемгі егін егу, тұқым себу мәселелері мемлекеттік маңызы бар мәселелердің бірі болып қалмақ.

Барлық жаңалықтар