• Басты
  • Көбейтұздың тұзын ұрлап әкетіп сатқандар халықтың ызасын тудырды
20 Шілде, 2020 18:26

Көбейтұздың тұзын ұрлап әкетіп сатқандар халықтың ызасын тудырды

Осы жылы Нұр-Сұлтан маңында тұратын тұрғындар әлеуметтік желідегі парақшаларын алқызыл түсті көл жағасында түскен фотолармен толтырды. Бұл - бірнеше жылда бір рет осындай ерекше түске боялатын Көбейтұз көлі. Көбейтұз көлінен балшық пен тұз ұрлап сатқандар пайда болды. Қазір Көбейтұз көліне баруға тыйым салынды. Осы мәселе туралы Strategy2050.kz тілшісінің мақаласынан білуге болады.

Көбейтұздың тұзын ұрлап әкетіп сатқандар халықтың ызасын тудырды

Енді Көбейтұзға баруға болмайды. Ақмола облысының Ерейментау ауданының әкімдігі Көбейтұз, Теңіз, Құрбет және Қоржынкөл көліне адамдардың келуіне тыйым салу туралы шешім қабылдады. Нұр-Сұлтаннан 200 шақырым қашықтықта орналасқан Көбейтұз соңғы кезде адам көп шоғырланатын жерге айналды. Сол себепті бұл аймақ енді карантинге жабылды.

Көл суының құрамы толық ашылмаған болса да, оның денсаулыққа пайдасы әлі дәлелденбесе де, адамдар шелектеп тұзын әкетіп, сатып жатыр. Тұздың бір шелегіне 5000 теңге сұрайды. «Коронавирустың емі, диареяның емі» деп тұзды жарнамалаған парақшалар әлеуметтік желілерде байқалады. Көл жағасында үлкен қаріптермен «Көлден тұз бен балшықты тасуға болмайды» деп анық жазылған. Соған қарамастан пайдакүнемдер табиғаттың берген сыйын ақшаға сатуға құмартып әлек.

14246979-bb94-4cd5-93f7-a87995d66418.jpg

Сатушылардың бұл әрекеті табиғат жанашырларының наразылығын тудырды. Олар ерекше көлдің болашағына алаңдаулы. Кейбір әлеуметтік желі қолданушылардың сөзінше, құрамы бұзылған көл өздігінен қалпына келу үшін 15 жыл уақыт қажет екен.

Ерейментау ауданының әкімі мен мобильді бақылау тобы демалыс күндері халық көп шоғырланған «Көбейтұз», «Теңіз» көліне рейд өткізді. 20 шілдеде ҚР Экологиялық министрлігі тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Аудан әкімі Абай Еламанұлы індет кезінде көлге қызығушылардың көптігіне орай қауіпсіздік шараларының маңызы туралы түсіндірді.

Ерейментау ауданының тұрғындары арасында COVID-19 ауруының өршуіне байланысты және Ақмола облысы бойынша Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің бұйрығына сәйкес «Аумақта коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша карантиндік шараларды күшейту туралы», Ерейментау ауданының аумағында эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін Ерейментау ауданы шекарасы аумағында орналасқан «Көбейтұз», «Кұрбет», «Теңіз», «Қоржынкөл» және басқа да көлдерге баруға тыйым салынады, - деді ол.

Экология министрлігінің өкілдері де рейдте жүр.

Біз Көбейтұз көлінің басына келдік. Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфықар Жолдасов бастаған Экология министрлігінің мамандары тобы қажетті жұмыстарды жүргізуде, қазірдің өзінде шаралар қабылдануда. Сонымен қатар, экологтар шөгінділердің сапасы мен түбін тексеру үшін су сынамаларын алды. Кешке жұмыстың алдын-ала нәтижелері туралы есеп береміз, - деп жазды Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева.

Табиғат жанашыры, Орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қорғау комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахметтің айтуынша, көл суының құрамы тұрақсыз.

Көбейтұздың суы биыл алқызыл болса, келер жылы мұндай түс болмауы мүмкін. Осы жылы алқызыл түске боялғаны – судағы микроорганизмдерге байланысты. Осы жазда бұл суда өмір сүріп жатқан балдырлар көлдің қызғылты түсті болуына себепкер. Мен әлі  бұл көлге барып көрмедім. Егер тұзға түсіп, балшыққа шомылғысы келген адамдар болса, Алакөлге барған дұрыс. Оның емдік қасиеті дәлелденген. Әрине, қазір індет жайлаған уақытта ешқандай көлге шомылмай, үйде күте тұрған дұрыс, - деді табиғат жанашыры.

Министрлік жүргізген жұмыстардың нәтижелерін алдағы уақытта жариялайтын боламыз.

Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар