• Басты
  • Қиын жағдайға тап болған көп балалы отбасыларға көмек беру жолдары қандай

Қиын жағдайға тап болған көп балалы отбасыларға көмек беру жолдары қандай

27 Қыркүйек, 2021 15:12

Бүгін Елордада өмірде қиын жағдайда жүрген балалы отбасыларды қолдау жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру жобасына қатысып жатқан «Замандас 21» қорының жұмысы туралы баспасөз мәжілісі өтті. Жиында қоғамдық қордың басшысы Ләззат Алшынова Нұр-Сұлтан қаласында отбасыны қолдауға және нығайтуға бағытталған инновациялық типтегі 6 аула клубы ашылғанын атап өтті.Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Жобаның мақсаты-өмірлік қиын жағдайда жүрген балалары бар отбасыларға көмек көрсету саласында бірыңғай білім беру, ақпараттық-әдістемелік, ақпараттық-коммуникациялық, консультативтік кеңістік құру болып табылады.

Баспасөз мәжілісінде «Замандас 21» қоғамдық қорының директоры Ләззат Алшынова қор қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмектестесіп келе жатырғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол жобаның ең маңызды бөлігі отбасылық «Балалар мүддесіндегі қозғалыс» әлеуметтік жобасы екендігін атап өтті.

«Қор 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Клубтарда дағдарыстық отбасыларға кешенді көмек көрсетіледі. Қазіргі уақытта қоғамдық қор «өмірлік қиын жағдайда жүрген балалары бар отбасыларды қолдау жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» жобасын іске асыруда», - деді «Замандас 21» қоғамдық қорының директоры.

Сонымен қатар, ол "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік бағдарламаларды дамыту Қорының қолдауымен - бүкіл отбасын қолдауға және нығайтуға бағытталған инновациялық типтегі 6 аула клубы ашылғанын атап өтті. Қазіргі таңда клуба 3 мыңға жуық оқушы білім алуда.

«Біздің жобамыздың бірегейлігі-біз тек балалар ғана емес, барлық отбасылармен жұмыс жасаймыз. Ата-аналар консультация алуға мүмкіндігі бар. 10 жылдық тәжірибемізде ата-аналармен жұмыс жасау тәжірибеміз жеткілікті деп айтсам болады», - деді Ләззат Алшынова.

Жиында жобаның үйлестірушісі Варвара Полякова жобаның негізгі мақсаты мен атқарылып жатырған шаралар туралы баяндап берді. Оның айтуынша, бұл жобаның негізгі мақсаты өмірлік қиын жағдайда жүрген балалары бар отбасыларға көмек көрсету саласында бірыңғай білім беру, ақпараттық-әдістемелік, ақпараттық-коммуникациялық, консультациялық кеңістік құру.Сондай-ақ, ол жоба шеңберінде ұсынылатын қызмет түрлеріне тоқталып өтті.

«Біз мүмкіндігінше әртүрлі тренингтер,онлайн семинарлар, оқыту курстары және қиын жағдайға тап болған отбасылардың аналарына консультациялық көмек көрсетеміз. Нақтырақ айтқанда психологтар, заңгерлер және әлеуметтік сала қызмекерлері ат салысады», - деді Варвара Полякова.

Сондай-ақ, ол жоба туралы толық ақпараттық қолдау әлеметтік желі арқылы жұмыс істейтінін атап өтті. Әлеуметтік парақша арқылы жобаның барлық қатысушылары керек ақпаратпен қамтамасыз етілуде. Жоба үйлестірушісі білікті мамандарды тарта отырып қиын жағдайда қалған отбасы мүшелері үшін әртүрлі бағыттар бойынша офлайн және онлайн оқыту курстарын өткізілетінін жеткізді.

«Көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан мүшелер үшін өтеусіз негізде оқып, сондай-ақ сертификаттар табысталады. Ол сертификаттар болашақта жұмыс істеуге көмектеседі», - деді Варвара Полякова.

Сондай-ақ, ол жобаның тағы бір бағыты – мамандықтарға оқыту курстарын ұйымдастыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, қызметтер нарығын талдау бүгінгі таңда сұлулық, тұрмыстық қызметтер және ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар сұранысқа ие екенін көрсеткен. Осыған байланысты шугаринг шебері, кірпіктерді ламинаттау шебері, қасты ламинаттау шебері, клининг процесін ұйымдастыру шебері, тәтті букет жасау шебері, тігін шеберлігі курсы, аспаздық өнер шебері, СММ маманандары секілді мамандықтар бойынша курстар ұйымдастырылған.

«Жоба аясында 400-ден астам әйел ұйымдастырылған курстарда оқыды. Курс тыңдаушыларының 99% - ы әйелдер. Курс түлектерінің кәсіби өсуіне үнемі мониторинг жүргізіліп, консультациялық қолдау көрсетілуде», - деді Варвара Полякова.

Жобаға ақпараттық қолдау әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы көрсетіледі. Қиын жағдайға тап болған отбасыларға мемлекеттік көмек түрлері туралы 11 ақпараттық буклет әзірленген. Тренерлер мен консультанттар ретінде 10-нан астам белсенді көп балалы ана мен даму ерекшеліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар тартылған.

Жиынға жоба қатысушысы көпбалалы ана Анаргуль Маратханова қатысып, өз ризашылығын білдірді.

«Қазіргі тағда Замандас21 жобасында 4 балам бірдей домбыра, таэквондо арт-терапия және ағылышын тілдерін оқып жатыр. Өзім жоба арқылы карантин кезінде шугаринг, кірпікті және қасты ламинаттау шебері, аспаздық курстарын оқып сертификат алдым. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін», - деді ол.

Айта кетейік, Қазақстан бойынша отбасыларды қолдау орталықтарының 300-ден астам қызметкері «Өмірде қиын жағдайға тап болған отбасымен жұмыс істеу ерекшеліктері» тақырыбында біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Оқыту мен кеңес беру мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі. Сондай-ақ, жоба «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ұсынған гранттық қаражат есебінен жүзеге асырылады.

Барлық жаңалықтар