ITEC: Оқу бағдарламасының мүмкіндіктері мен ерекшеліктері

15 Қараша, 2021 13:30

Елордада Қазақстандағы Үндістан елшілігінің ұйымдастыруымен ITEC күні атап өтілді. Шара барысында 1992 жылдан бері Үндістан Үнді техникалық және экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы (ITEC) аясында 1300-ге жуық қазақстандық маман Үндістанның жетекші оқу орындарында білім алып, тәжірибе алмасқаны белгілі болды. Осы орайда, ITEC бағдарламасына қандай мамандық иелері тапсыра алады, жобаның мүмкіндіктері мен ерекшеліктері, сондай-ақ бағдарлама түлектерінің тәжірибесі туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Жиын Үндістан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Шубдхаршини Триптидің құттықтау сөзімен басталды. Ол бағдарлама қатысушылары мен түлектерін, сонымен бірге шараға жиналғандарды құттықтап, ITEC бағдарламасының маңызына тоқталып өтті. Оның айтуынша, осыдан 57 жыл бұрын негізі қаланған аталмыш бағдарламада жыл сайын әлемнің 160 мемлекетінің азаматы білімін жетілдіреді.

«ITEC бағдарламасы 1964 жылы 15 қыркүйекте іске қосылды. Аталған бағдарлама аясында Үндістанның 160 серіктес елінің азаматтары жыл сайын еліміздің 1000-ға жуық жетекші оқу орнында білімін жетілдіріп, әлеуетін арттырады. Оқу бағдарламасынан әртүрлі пәндерді таба аласыз. Атап айтсақ, мамандар менеджмент, экономика, қаржы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, энергетика, су ресурстарын басқару, БАҚ және компьютер технологиясы салаларында білімін жетілдіруде», - деді Шубдхаршини Трипти.

DSC_8492.jpg

Елшінің сөзінше, бағдарламада оқып, білімін жетілдірген шетел азаматтары өз елдерінің дамуына үлес қосуға мүмкіндік алады.

«Мәселен, пандемия кезінде де әлемнің 150-ден астам мемлекетінің азаматтары Үндістанда оқып, үйренген білімі мен тәжірибесін пайдалана алды. Оның қатарында Қазақстан да бар. Мысалы, 1200-ден астам Қазақстан азаматы ITEC бағдарламасына қатысып, білімін жетілдірді. Айтап айтсақ, 1040-қа жуық азаматтық қатысушы болса, 250-ге жуық әскери қызметкер бағдарлама қатысушысы атанды», - деді Үндістанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі.

Сонымен қатар, Шубдхаршини Трипти Қазақстан үкіметіне ел азаматтарына бағдарламаға қатысуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты.

DSC_8578.jpg

«Қазақстан мен Үндістан арасындағы қарым-қатынас 2000 жылдан бері жалғасып келеді. Тек қос ел арасындағы сауда-саттық қатынасы емес, ой бөлісу, идея алмасу, философия саласындағы талқылар, сонымен бірге буддизмнің Орталық Азияға, ал сопылық ілімнің Үндістан жеріне таралуы да екі елдің жақсы қарым-қатынаста болуына ықпалып тигізіп отыр. Тек ежелгі құндылақтар ғана емес, мәдени және дәстүрлі құндылықтар да байланыстырады. Азаматтардың үнді кинолары, үнді ұлттық тағамдары мен йогадан, үнді ұлттық билерінен хабары бар екенін көріп жүрмін. Қос ел арасындағы достық, дипломатиялық қарым-қатынас үшін Қазақстан үкіметіне алғыс», - деді ол.

Одан кейін ITEC түлектері Үндістандағы ITEC тренингтері туралы презентациялар мен PowerPoint бейнероликтері арқылы өз тәжірибелерімен және естеліктерімен бөлісті. Солардың бірі – ITEC бағдарламасы арқылы Үндістанда йога крусынан өткен Айгүл Доскенова. Бүгінде йога-терапевт, жаттықтырушы қызметін атқаратын Айгүл 2017 жылы Карнатака штатындағы Бангалорда йога бойынша оқу курсына қатысқан.

DSC_8755.jpg

«Аталған курс жазда мамыр-маусым айларында бір айға созылған еді. Менің курсым «Йога нұсқаушысы тренингі» деп аталды. Бұл Үндістанда оқудағы алғашқы тәжірибем болса да, барлығы өте сәтті жүзеге асты деп айта аламын.  Бір ай ішінде мен көптеген йога мұғалімімен, әртүрлі йогамен айналысатын азаматтармен, үнді мәдениетімен және олардың дәстүрлерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алдым. Бұл - өмірімдегі әдемі, ұмытылмас сәттердің бірі. Қазір осы Ашрамда болған әрбір сәт есімде», - деп еске алды Айгүл Доскенова.

Бағдарлама түлегі Ашрамдағы әр минуты босқа өтпегенін, сабақ кестесінің өте тығыз, жаңа ақпараттарға толы болғанын жеткізді. Оның сөзінше, университет басшылығы да әр қатысушы үшін курстың сапалы өтуіне жағдай жасаған.

«Күн сайын таңғы сағат 4-те тұрамыз, таңғы 5-те йога сабақтары басталады. Кейін пранаяма, медитация, содан кейін мантра айтып болған соң таңғы асқа барамыз. Одан соң карма йога, лекциялар, түскі ас, йога нидра, лекциялар, қайтадан йога жаттығулары, тратакаға барып, кейін кешкі асымызды ішеміз.  Сонымен қоса, студенттердің әрқайсысының талантын тамашалуға арналған уақыт та бар. Ол кезде әркім өзінің талантын, білімін көрсете алады. Жалпы, оқу барысында барлығы бір-біріне қолдау көрсетуге дайын болды. Біз бір тату отбасы сияқты едік. Университет басшылығы да курстың сапалы, әр қатысушының көңілінен шығуы үшін жағдай жасады», - деді ол.

Айгүлдің сөзінше, жоғары оқу орны басшылығы тек күнделікті сабақпен шектелмей, қатысушылардың Үндістанды тамашалауы үшін, тарихымен, салт-дәстүрімен жақынырақ танысуы мақсатында алыс-жақындағы қалаларға, харамдарға, мәдени-діни орындарға экскурсия, триптер ұйымдастырған.


«Біз үшін оқу орны басшылығы Майсор қаласына, Майсор храмына және Бангалор қаласындағы Шива храмына бірнеше экскурсия ұйымдастырды. Әрқайсысымыздың басты мақсатымыз - йоганы өз елінде үйрену болды. Және сол мақсатымызға жеттік те. Барлығымыз үшін керемет тәжірибе болды деп айта аламын. Әркім өзі іздеген, өзіне керегін алды деп ойлаймын», - деді бағдарлама түлегі.

Сонымен бірге, Айгүл бағдарлама ұйымдастырушыларна, яғни аталған жобаға қатысы бар жандарға алғысын білдірді.

«Мен бұл бағдарламаға Үндістанға баруға, йоганы өз шеберлерінен үйренуге мүмкіндік бергені үшін, әртүрлі елдерден келген студенттермен танысып, дос тапқаным үшін курс ұйымдастырушыларына алғыс айтқым келеді. Бұл сапар Үндістанның шынайы бейнесі мен болмысын көрсетті. Ал, мен бұл елге қатты ғашық болдым. Көп дос таптым, өз кәсібімді таптым, оның сапасы мен тазалығына көзім жетті», - деп түйіндеді ол. 

Сонымен қоса, айта кету керек, шара барысында Трипти Санвал ханым (SVCC би мұғалімі) және оның қазақстандық оқушылары «Үндістанға көзқарас» би қойылымын ұсынып, көрермен тарапынан қошеметке ие болды.

DSC_8609.jpg

DSC_8678.jpg

Айта кетейік, іс-шараға ITEC түлектері мен журналистерді қосқанда 100-ге жуық адам қатысты.

Барлық жаңалықтар