• Басты
  • Жаңалықтар
  • Италияда пандемияның төртінші толқыны басталды, ЕО Украинаны «жасыл тізімнен» шығарды

Италияда пандемияның төртінші толқыны басталды, ЕО Украинаны «жасыл тізімнен» шығарды

8 Қараша, 2021 18:06

ДДСҰ мәліметтері бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 250 миллионнан асқан, ал Қазақстанда өткен тәулікте 1031 адамнан коронавирус анықталған. Толығырақ әлемдегі эпидемиологиялық жағдай туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

Еліміздегі эпиджағдай

Қазақстанда 8 қарашадағы мәлімет бойынша, 40 856 адам коронавирус инфекциясынан (–35 528 + және 5 328 КВИ-) емделуде. Олардың ішінде 7 563 пациент стационарда, 33 293 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Өткен тәулікте 1080 адам коронавирустан жазылып шықты.

Сондай-ақ, коронавирусқа қарсы вакцинаның I компонентін 8 409 883 адам, II компонентін 7 674 577 адам салдырған.

Ресейде күніне 39 400 адам коронавирус жұқтыруда

Ресейде коронавирустық инфекцияның расталған жағдайларының саны бір күнде 39 400-ге дейін өскен. Бұл туралы дүйсенбіде инфекциямен күрес жөніндегі федералды жедел штаб хабарлады. Салыстырмалы түрде жаңа жағдайлардың өсімі 0,45%-ды құрап отыр. Қазіргі уақытта Ресейде 998 931 адам емделуді жалғастыруда.

Елде коронавирустан кейін тәулігіне 25 582 адам емделді. Барлығы 7 587 560 адам сауығып шыққан. Пандемия басталғаннан бері барлығы 248 004 науқас қайтыс болған. Осылайша, үш апта қатарынан елде тәулігіне коронавирусқа байланысты 1 мыңнан астам өлім тіркелген.

Грузияда қоғамдық орындарға бару үшін «жасыл төлқұжаттар» енгізіледі

Грузияда 1 желтоқсаннан бастап қоғамдық орындарға бару үшін жасыл төлқұжаттарды енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Үкімет басшысы Иракли Гарибашвили хабарлаған.

«1 желтоқсаннан бастап" Жасыл төлқұжаттар " тұжырымдамасы іске қосылады. Тек жасыл паспорты бар азаматтар әртүрлі нысандарға бара алады. Бұл қоғамдық тамақтану нысандары, ойын - сауық орталықтары, кинотеатрлар, опера, мұражайлар, концерт залдары, казинолар», - деді Иракли Гарибашвили.

Оның айтуынша, «жасыл паспорттың» иегерлері коронавирусқа қарсы вакциналаудың толық курсынан өткеннен кейін немесе 72 сағат ішінде ПТР-тесттен, қоғамдық орынға барудан 24 сағат бұрын экспресс-тесттен өткеннен азаматтары бола алады. Сондай-ақ, ол жасыл төлқұжаттар туристер үшін де жарамды болатынын жеткізді.

Айта кетейік, Грузияда коронавирустық инфекцияның алғашқы жағдайы 2020 жылдың 26 ақпанында тіркелді. Елде инфекцияның таралуының бірнеше толқыны өтті. Қазан айында эпидемиялық жағдай қайтадан күрт нашарлай бастады. Пандемия кезінде Грузияда коронавирусты жұқтырудың 755 046 жағдайы анықталды халықтың 20,25%-ы яғни, 693 129 адам қалпына келген. Аурудың асқынуы салдарынан 10 509 науқас қайтыс болған. Елде 15 наурыздан бастап Pfizer, Sinopharm және Sinovac Biotech компанияларының препараттарымен вакциналау жүргізілуде. Алайда, қазіргі уақытта оның қарқыны айтарлықтай төмендеген. Соңғы мәліметтер бойынша, вакцинаның екі компонентін де 952 831 адам алған, бұл халықтың 25,55%-ын құрайды.

Италияда пандемияның төртінші толқыны басталды 

Италия Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы кеңесшісі, профессор Вальтер Риччарди мәлімдеуінше, Италия пандемияның төртінші толқынын бастан өткеруде. Ол әсіресе вакцинацияланбаған немесе вакцина алғанына көп уақыт өткен адамдарға әсер етеді.

Оның пікірінше, эпидемиялық жағдай келесі жылдың қаңтар-ақпан айларында нашарлауы мүмкін. Өйткені, ол коронавирустың өршуі өте болжамды циклдары бар эпидемияға айналғанын жеткізді.

Қазіргі уақытта Италияда 12 жастан асқан халықтың 83,5%-ы вакцинамен толық егілген. Билік жыл соңына дейін вакциналау көрсеткішін 90%-ға жеткіземіз деп үміттенеді. Итальяндықтардың шамамен 7%-ы вакцина алғысы келмейді. Сондықтан елде вакциналау қарқыны едәуір төмендеген. Әлі күнге дейін күмәнданатындар да бар.

Сондай-ақ, күзде созылмалы дертке шалдыққандар мен аға буын өкілдеріне вакцинаның үшінші дозасы енгізіле бастады. Қазіргі таңда дәрігерлер үшінші дозаны да алуға міндетті болып саналатын жалғыз санат. Болашақта Италияда мұғалімдер үшін де COVID-19-ға қарсы вакцина міндетті болуы мүмкін.

ЕО коронавирустың өршуіне байланысты Украинаны «жасыл тізімнен» шығарды

Еуропалық одақ Украинада коронавирус жағдайларының артуына және жалпы Еуропада Covid-19 қатысты ахуалдың нашарлап кетуіне байланысты елді «жасыл тізімнен» шығарды.

ЕО тұрақты түрде «жасыл тізімді» жаңартып отырады және эпидемиологиялық жағдай жақсарған жағдайда қандай да бір елді тізімге қайта енгізу шешімін қабылдайды. ЕО шешімі келесі аптадан бастап күшіне енеді. Украина 15 шілдеден бері «жасыл тізімде» еді. Осы тізімдегі елдердің азаматтары Еуропаға ешбір шектеусіз кіре алады.

Ережеге сәйкес, бұл тізім әр екі апта сайын қаралып отырады. Соңғы аптада Украинада ауруға шалдыққандардың орташа тәуліктік көрсеткіші 23 мыңнан асқан болатын. 4 қарашада 28 мыңнан астам адам Covid-19 жұқтырған.

Барлық жаңалықтар