• Басты
  • Ішкі нарықты сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету қалай жүзеге асады
22 Қазан, 2020 17:23

Ішкі нарықты сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету қалай жүзеге асады

Бүгін ҚР Энергетика министрлігі газ және мұнай-газ химиясы департаментінің директоры Зияш Қияқбаевтың қатысуымен «Қазақстан Республикасының ішкі нарығын сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету» мәсеелелрі жөнінде баспасөз мәжілісі өтті. Оның айтуынша, сұйытылған мұнай газдың барлық көлемін электронды сауда алаңдары арқылы өткізуге толық көшу мәселесін 2024 жылдың қаңтарына дейін жүзеге асырылмақ. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Ішкі нарықты сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету қалай жүзеге асады

Департамент директоры Энергетика министрлігінің «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңға сәйкес ай сайынғы негізде ҚР-дың ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспарын бекітетінін атап өтті. Оның айтуынша, жеткізу жоспары жоспарланып отырған айдың алдындағы ай басталғанға дейін күнтізбелік 25 күннен кешіктірілмейтін мерзімде тиісті облыс, республикалық маңызы бар қала, астананың жергілікті атқарушы органына жіберілетін жиынтық өтінімдердің негізінде қалыптастырылады.

«Мәселен, егер ішкі нарыққа жеткізу жоспарын бекіту 2020 жылдың қазан айына жоспарланса, онда жергілікті атқарушы орган жиынтық өтінімді жоспарланып отырған айдың алдындағы ай басталғанға дейін күнтізбелік жиырма бес күннен, яғни 2020 жылдың 6 тамызынан кешіктірмей уәкілетті органға жіберуі тиіс», - деді Зияш Қияқбаев.

Сонымен қатар ол ЭСА-дан тыс СМГ Жеткізу жоспары бойынша газ алу үшін компания ГЖҰ Аккредиттеу қағидаларына сәйкес Министрлікте аккредиттуден өтуі тиіс екенін еске салды.

Оның дерегінше, 2018 жылы 4 шілдеде заңға түзетулер енгізілді. Аталған түзетулер кәсіпорындар мен газ желісі ұйымдарының (ГЖҰ) арасындағы мүдделер теңгерімсіздігін болдырмауға, ЭСА тетігін енгізуге, СМГ бойынша мәмілелердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ газ өндіруші зауыттардың табыстылығын қамтамасыз етуге, ішкі нарыққа жеткізілетін, сұйытылған газды бөлу транспаренттілігін арттыруға, ішкі нарыққа арналған сұйытылған газ көлемінің «көлеңкелі» экспорты жағдайын төмендетуге, аталған нарықта бәсекелестікті дамытуды қамтамасыз етуге және Қазақстан Республикасы өңірін сұйытылған газбен үздіксіз жабдықтауға мүмкіндік берген.

Негізінен сұйытылған газды көлікке (автогаз), сондай-ақ тұрмыстық баллондарға және топтық қондырғылар арқылы әзірше тауарлық газ тартылмаған өңірлердің тұрғындары, мұнай-химия кәсіпорындары тұтынады.

«СМГ тұтыну 2019 жылы 1 436 мың тоннаны құрады, оның ішінде автогаз құю станциялары (АГҚС) – 875 мың тонна, тұрмыстық баллондар – 186 мың тонна, өнеркәсіптік кәсіпорындар – 260 мың тонна, ТРҚ – 61 мың тонна, мұнай-химия кәсіпорындары – 54 мың тонна. Ағымдағы жылы СМГ тұтыну болжамы 1,5 млн. тонна деңгейінде күтілуде», - деді департамент директоры.

Оның айтуынша, елімізде сұйытылған газға шекті көтерме баға ҚҚС есепке алғанда тоннасына 43 345 теңге мөлшерінде бекітілді, бұл экспорттық баға ғана емес, шекаралас елдердегі көтерме бағадан да едәуір төмен.

Зияш Қияқбаевтың пайымынша, Қазақстан мен көршілес елдердегі газ бағасының айтарлықтай айырмашылығы көлеңкелі экспортқа себепші болуы мүмкін, бұл өз кезегінде ішкі нарықта тапшылықтың пайда болуына әкелуі мүмкін.

«Осы мақсаттар үшін Энергетика министрлігі «СМГ-ның кейбір мәселелері туралы» 2020 жылғы 7 қазандағы №347 бұйрығын қабылдады, онда Қазақстан Республикасы аумағынан автомобиль көлігімен СМГ экспортына тыйым салынған. Аталған бұйрықты қабылдау СМГ-ны елден тыс заңсыз шығаруға жол бермеуге, ішкі бекітілген бағалар мен экспорттық бағалардың салыстыруға келмейтін айырмашылығына байланысты, ішкі нарықта СМГ тапшылығына жол бермеуге бағытталған», - деді ол.

Бұдан басқа, биыл сәуірден бастап Энергетика министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, АГҚС-та автокөліктерге газ құю үшін СМГ-ны бөлшек саудада сатуға шекті бағаны бекіткен.


Өндіру мен сату мониторингін жүргізу

Оның сөзінше, министрлік тұрақты негізде ішкі нарықтағы өндіру мен сатудың мониторингін жүргізуде. 2019 жылы сұйытылған газды өндіру 3 193 мың тоннаны құрады және ағымдағы жылы да сол деңгейде өндіру күтілуде. Бекітілген ҚР ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары шеңберінде 2019 жылы ішкі нарықтың тұтынуы 1436 мың тонна деңгейінде, немесе 2018 жылмен салыстырғанда 18,3 пайыздан астамды құрады.

«ҚР ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары шеңберінде ішкі нарыққа СМГ-ны 9 өндіруші зауыт жеткізуде», - деді Зияш Қияқбаев.

Осы жағдайларда, ол жүргізіліп жатқан цифрландыру жөніндегі саясаттың және бизнес үшін әкімшілік кедергілерді қысқарту шеңберінде электронды сауда алаңдары арқылы (бұдан әрі – ЭСА) ішкі нарыққа сұйытылған газды жеткізу жолымен оған көтерме бағаны реттеуді жүзеге асыру қажет екенін еске салды. 2019 жылдың ақпанынан бастап ҚР ішкі нарығына ЭСА арқылы СМГ жеткізу тетігі енгізілді.

«Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңына сәйкес бағаға мемлекеттік реттеу сақталатын, топтық резервуарлық қондырғылар мен мұнай-газ-химия кәсіпорындары арқылы тұрмыстық тұтынушылар үшін СМГ көлемін қоспағанда, жеткізу жоспары бойынша СМГ-ның барлық көлемін кезең-кезеңмен ЭСА-ға ауыстыру қажет. Яғни, тамақ дайындау және т.б. сияқты тұрмыстық қажеттіліктер үшін сұйытылған мұнай газын пайдаланатын тұтынушыларға бағаны мемлекеттік реттеу жалғасатын болады», - деді департамент директоры.

Сондай-ақ Зияш Қияқбаевтың дерегінше, 2019 жылы ақпаннан бастап қыркүйекті қоса алған кезеңде ЭСА арқылы жеткізуге қажетті СМГ үлесінің мөлшері тиісті айда ішкі нарыққа жеткізу жоспарынан 5 пайыз, 2019 жылы шілдеден бастап қыркүйекті қоса алғанда – 10 пайыз, 2019 жылы қазаннан бастап – 15 пайыз,ал биыл қаңтардан бастап ақпанды қоса алғанда – 20 пайыз және наурыздан бастап – 25 пайызды құраған.

 

Электронды сауда

Нәтижесінде, оның пайымынша, бүгінде сұраныс пен ұсынысты ескере отырып, нарық негізінде қалыптастырылатын электрондық сауда алаңдарындағы газ бағасы орташа шамамен тоннасына 53 мың теңгені құрайды. Қалған сұйытылған мұнай газының үлесі реттелетін көтерме бағасы бойынша өткізіледі.

«COVID-19 пандемиясының салдарына байланысты сұйытылған газ нарығындағы жағдайды ескере отырып, ЭСА арқылы СМГ өткізу үлесінің мөлшері 25 пайыз деңгейде белгіленді», - деді ол.

СМГ электрондық сауда-саттығын ұйымдастыру мен өткізу тәртібі Электронды сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газ сауда-саттығын ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларында регламенттелген.

«Сауда-саттықты ұйымдастырушы немесе ЭСА иесі жоғарыда аталған қағидаларға сәйкес ЭСА арқылы СМГ сауда-саттығын өткізу бойынша қызметтер көрсетеді. СМГ сатып алушылары және сатушылары электронды сауда-саттық қатысушысы болып табылады. Қағидаларға сәйкес оларға сауда-саттық ұйымдастырушылары сауда-саттыққа қатысуға рұқсат береді», - деді департамент басшысы

Бұл ретте оның айтуынша, қағидаларға сәйкес, сауда-саттықты ұйымдастырушы барлық электронды сауда-саттық қатысушыларына электронды сауда-саттыққа қатысуға қағидалар талаптарына сәйкес тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

Электрондық сауда-саттыққа қатысу үшін сатушылар және (немесе) олардың өкілдері сауда-саттық ұйымдастырушыларымен электрондық сауда-саттықты өткізу бойынша қызмет көрсету туралы шарт жасасады. Бұл ҚР Азаматтық кодексінде реттелетін азаматтық-құқықтық қатынастардың туындауын білдереді.

«Қазіргі таңда ЭСА арқылы СМГ сату көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту мерзімдерін ұзарту мүмкіндігі бөлігінде Заңға өзгерістер енгізу қарастырылып жатыр. Тиісті ұсыныс Үкіметке және ҚР Президент Әкімшілігіне жолданған болатын. Мақұлданғаннан кейін заңнамаға өзгеріс енгізу бойынша тиісті жұмыс жүргізіледі», - деді Зияш Қияқбаев.

Оның сөзінше, сұйытылған мұнай газының барлық көлемін электронды сауда алаңдары арқылы өткізуге толық көшу мәселесін 2024 жылғы қаңтарға дейін жүзеге асыру қарастырылуда. Бұл соңғы тұтынушы үшін бағаны біртіндеп және қиындықсыз ретке келтіруді қамтамасыз ететін болады.

Барлық жаңалықтар
3.94.21.209, 192.168.88.100