• Басты
  • Іргелі істің басындағы іскер әйелдер
5 Наурыз, 2020 16:42

Іргелі істің басындағы іскер әйелдер

«Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген жақсы сөз бар. Мұның астарында әйел адамның кез-келген ауқымды істерге араласа алатынын, үлкен нәтижелерге қол жеткізе алатынын аңғартатын мағына жатыр. Өйткені, қоғамның түрлі салаларындағы жетістіктерде әйелдердің үлесі бар екені ақиқат. Соңғы бес жылда Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 55 мың кәсіпкерге несие берген болса, оның 19 мыңы кәсіпкер әйелдерге тиесілі екен. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірнеше мысал келтіре кеткенді жөн көрдік, деп хабарлады Strategy2050.kz АА   «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Іргелі істің басындағы іскер әйелдер

Қызылорда қаласында тұратын Жадыра Құлмырзаева тіршілігін тігіншілікпен байланыстырған кәсіпкер. Балабақшада, колледжде және тағы бірнеше жерде шәкірт тәрбиелеп, жұмыс істеген кәсіпкер бір күні өзінің тігін шеберханасын ашуға бел буады. Өйткені, бала күнінен ісмерлікке құмар Жадыраның екі әжесі де төңірекке белгілі шебер адамдар екен. Тігіншілік өнер қанмен дарыған дейді.

2013 жылы бір дүкеннің бұрышынан шағын ғана тігін шеберханасын ашқан кәсіпкер, 2017 жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алып, екінші шеберханасын іске қосыпты.

Тапсырыстың көп түсуіне байланысты араға үш жыл салып, биыл өз қаражатымен үшінші шеберханасының лентасын қиды. Кәсіпкер оншақты адамға жұмыс беріп отыр.

«Мен бала күнімнен тігін тігуге құмар болдым. Өз әжем де, нағашы әжем де ісмер адамдар. Бұл маған қанмен дарыған өнер деп ойлаймын. Өнер өз алдына. Ал, сол өнерді кәсіпке айналдыру, табыс табу оңай емес, әрине. Бірақ, өзің сүйіп істейтін жұмыс болғандықтан, барлығына шыдайды екенсің. Қиындықтарды жеңе білсең ғана жетістікке жетесің. Ең алдымен адалдық, табандылық, төзімділік сияқты қасиеттер өте қажет», - дейді үш бала тәрбиелеп отырған тігінші кәсіпкер.

   Гүлнәр Рахымжанова: бала күнімнен жылқыға жақын болдым

Гульнар Рахымжанова.jpg

   Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры кәсіпкер әйелдерді шағын несие беру арқылы қолдап келе жатқан ұйым. Әсіресе, ауылды жерлерде мал шаруашылығымен айналысатын әйелдердің еңбегі ерен екенін айта кеткен жөн.

Мысалы, Қарағанды облысының Ақадыр кентінде тұратын кәсіпкер әйел Гүлнәр Рахымжанова жылқы шаруашылығымен айналысады. Жігіттердің жүрегі дауаламайтын істі қолға алған кәсіпкердің әкесі кезінде жылқы фермасының бригадирі болған екен. Бала күнінен атқа мініп, тайжарыстан қалмайтын ерке қыз болашағын тек ауылмен байланыстырады.

Ол былтыр Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан жылқы өсіру мақсатында 3,3 млн теңге несие алған болатын.

«Бала күнімнен жылқыға жақын болдым. Жылқы деген төрт түліктің төресі ғой. Әкем жылқы фермасының бригадирі болды. Саумал, қымыз ішіп, атқа мініп өскенбіз. Негізі білімім экономист. Қаржыгер және заңгер мамандықтары бойынша екі жоғары білімім бар. Болашағымды тек ауылмен байланыстырамын. Қаланың қарбаласқан өмірі ұнамайды. Қалаға бір күн барсам, ауылға тезірек қайтуға асығамын. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие рәсімдеп, жылқы сатып алдым. Қазір өзімде оншақты жылқым бар. Алдағы уақытта бие сауып, қымыз дайындауды жоспарлап отырмын. Негізі жоспарларым өте көп. Оның бәрін уақыт көрсетеді», - дейді кәсіпкер.

Бүгінгі таңда Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының 48 мыңнан астам клиенті бар. Соның үштен бірін кәсіпкер әйелдер құрайды.

«Өткен жылы Қор жалпы кәсіпкерлікпен айналысатын әйелдерге 21,5 млрд теңге бағыттаған. Кәсіпкер әйелдердің бір ерекшелігі – алған несиесін уақытында өтейді және міндеттемеге өте жауапкершілікпен қарайды. Қор кез келген кәсіпкерлік мақсаттағы жобаларды қаржыландыру мен бизнес-бастамаларды іске асыруда әрқашан кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсетуге әзір», - дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарушы директоры Думан Оспанов.

 

 

Барлық жаңалықтар