Халықаралық интеграция

Бір белдеу – бір жол: 5 жылда Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығы қалай дамыды

Эксклюзив
Қытай Халық Республикасы – Қазақстанның сыртқы саудадағы ірі әріптесі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша сауда айналымы 32%-ке өсіп, 10 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу-бір жол» идеясының бесжылдығына арналған Қазақстан—Қытай бизнес-форумында мәлімдеді. Екі елдің 400 өкілі қатысқан шарада қандай мәселелер талқыланғанын келесі материалдан оқи аласыздар.
Астана қаласы07 Қыркүйек , 12:35

Қазіргі уақытта Қытай Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестиция  құю жөнінен көшбасшылардың бірі болып отыр.  Соңғы  10 жылда көрші мемлекет тарапынан инвестициялық  жобаларға 15 млрд АҚШ долларынан астам  инвестиция тартылды.  Қытай компаниялары еліміздегі индустрия саласына ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға белсенді түрде қатысып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев форум қатысушыларына арнаған видеоүндеуінде де екі елдің ынтымақтастығы қарқынды дамып жатқанын мәлімдеді.

«Баршаңызды Қазақстан-Қытай бизнес форумының басталуымен құттықтаймын. Қазақстан тәуелсіз ел болғалы қос мемлекет арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Қытай Халық Республикасы – Қазақстанның сыртқы саудадағы ірі әріптесі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша сауда айналымы 32%-ке өсіп, 10 млрд АҚШ долларына жетті. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде Қытайдан келген тікелей инвестиция 15 млрд АҚШ долларын құрады», - деді Н.Назарбаев.

Елбасы атап өткендей,  Қытай компаниялары – Қазақстанның ірі жобаларын іске асыру жолында негізгі серіктестердің бірі.

«Олар біздің елдегі инвестициялық процестерге белсенді қатысуда. Осының бәрі өзара сенімге негізделген екі жақты қатынастардың дұрыс бағытта дамып келе жатқанын білдіреді», - деді Елбасы.

Сонымен қатар, Елбасы  жүктер Еуропадан Қазақстан арқылы Қытайға шамамен 15 күнде жеткізілетінін айтты. 

«Ал жүктерді теңіз арқылы жеткізу 4 аптадан 6 аптаға дейін уақытты алар еді. Осы орайда логистика мен ілеспе маршруттар жетілдіруде. Тіпті, индустрия мен инвестиция саласында біріккен ынтымақтастық туралы бағдарлама бар. Оның аясында жалпы соммасы 27 млрд АҚШ долларын құрайтын 51 Қазақстан-Қытай инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл инвесторлардың сенімі мен Қазақстанның инвестициялық климатты жақсартуға баса мән беретінін көрсетеді», - деді ол бизнес форумда.

Сондай-а,  Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі таңда Қазақстанда шетелдік инвесторлардың жұмыс істеуіне барынша жағдай жасалғанын жеткізді.

«Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, біз бизнесті жүргізу бойынша өңірдегі үздік елдердің қатарындамыз. Қазақстан ДСҰ-ның, әрі ЭЫДҰ-ның Инвестициялар жөніндегі комитеттің мүшесі және еліміз халықаралық инвестициялар декларациясына қосылды. Сонымен қатар Қазақстан президенті жанында шетелдік инвестициялар кеңесі жұмыс істейді. Мұнда қытайлық CNPC компаниясының маңызы зор», - деді Президент.

Елбасының айтуынша,  Қазақстан мемлекеттік кәсіпорындарды кеңінен жекелешелендіру науқанын жүргізуде. Тау-кен, металлургия өнеркәсібінде, мұнай-газ, транспорт, байланыс және басқада салалардағы компаниялардың ірі акциялары сатылымға шығарылды.

«Сонымен қатар жекешелендіруден басқа біз мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде байланыстарды жүзеге асырамыз. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, құрылыс, автомобиль, теміржол және басқа салалардағы жобалар бойынша жұмыс жүргізілуде», - деді Н.Назарбаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы  болашағы бар, өзара тиімді бизнес жүргізудің тағы бір жолы - «ЭКСПО-2017» көрмесінің базасында құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығы екенін атап өтті.

Елбасы айтқандай,  ол Нью-Йорк, Сингапур, Лондон, Дубайдағы қаржы орталықтарының принципі бойынша жұмыс істейді.

Өз кезегінде «Бір белдеу-бір жол» идеясын ұсынған  ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин бизнес-форумды өткізу бастамасын өте  жоғары бағалайтынын жеткізді.

«5 жыл бұрын Қазақстанға алғашқы сапарым кезінде Назарбаев университетінде Жібек жолы  экономикалық  белдеуін құру туралы идеяны ұсынған болатынмын. Ол халықаралық қауымдастықтың қызығушылығын тудырып, қоғам талқылауына ие болды. «Бір белдеу-бір жол» қатысушылары күн санап өсуде. «Бір белдеу-бір жол» идеясының бүкіл әлемге таралғанын қалаймыз. 5 жыл ішінде  5 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды», - деді Си Цзиньпин.

Оның айтуынша, халықаралық ұйымдардың  100 елі Қытаймен экономикалық ынтымақтастық орнатты. Жоба аясында ауқымды жобалар жүзеге асырылып, құрылымдық жүйе қалыптасуда.

«Бұның барлығы бірқатар елдің қатысуымен жүзеге асырылған шаралар. Қазақстан әрқашан «Бір жол-бір белдеу» идеясының белсенді қатысушысы болды. 5 жыл ішінде біз қазақстандық серіктестермен бірігіп  алғаш болып бірқатар рекордтық көрсеткіштерге жеттік. «Бір белдеу-бір жол» жобасы мен «Нұрлы жол»  жаңа  экономикалық саясатымен бірігіп индустриаландыру саласында  51 жобаның тізімі жасалды, оның құны 28 млрд доллар», - деді ҚХР Төрағасы.

Өз кезегінде Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өткен жылы Елбасының тапсырмасымен Еуразиялық дәліздерді дамыту  және тасымалдауға қолайлы жағдай туғызу мақсатында «Нұрлы жол» мен «Бір белдеу-бір жол» арасында ынтымақтастық жоспары келісілгенін айтты.

«Бұл жоспарды жүзеге асыру толыққанды елдің географиялық әлеуетін қолдануға мүмкіндік береді. Автомобиль және темір жолдарды жаңартуға мүмкіндік беріп, Қытай мен Еуропалық одаққа дейін   заманауи туристік орталықтар мен хабтарды құруға септігін тигізеді. Ол айтарлықтай тауар айналымын да арттырады.  5 жыл ішінде біз бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске қостық», - деді Ж.Қасымбек.

Министр айтқандай, қабылданған шаралар жүкті Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға  14-15  күнде  жеткізуге  мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, министр 5 маусымда «Астана» халықаралық қаржы орталығы іске қосылғанын айтып өтті.

«Қаржы орталығы ЭКСПО-2017 инфрақұрылымының базасында іске қосылды. Бұл Қытай бизнесімен өзара  тиімді ынтымақтастық жүргізудің әлеуеті. АХҚО  Нью-Йорк, Сингапур, Лондон, Дубай, Шанхай  қаржы орталықтарының моделі тәжірибесін  қолданды. Халықаралық судьялардан құралатын  орталық инвесторлар құқығының ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл біздің ынтымақтастығымызды арттыратын тиімді алаң ретінде  жұмыс істей алады. Біз қытайлық  технологиялық компаниялардың жұмыс істеуіне аталмыш бағыттарда жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызуға дайынбыз», - деді Ж.Қасымбек.

ҚХР Коммерция вице-министрі Жэнь Хунбинь аталмыш белдеудің пайда болуы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастыққа  үлкен серпін бергенін жеткізді.

«Қытай Қазақстан үшін инвестицияның төртінші көзі атанды.  Тараптар ынтымақтастықтың көздерін қарап, серіктестік кеңейту жолдарын қарастырып жатыр», - деді Жэнь Хунбинь.

Сондай-ақ, Қазақстан мен Қытайдың сауда саласындағы ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын атап өту қажет.  Қазақстан сыртқы сауда палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұралы Бөкейханов айтып өткендей, жақында Қытайда Қазақстанның сауда орталығы ашылады.

 «19 қазанда Қытайдың Сиань қаласында Қазақстанның сауда үйін ашу жоспарланған. Бұл сауда үйі 5 мың шаршы метрді құрайды. Одан бөлек, тауарларды сақтау үшін 10 мың шаршы метр қойма беріледі. Осылайша, қазақстандық кәсіпкерлер өз өнімдерін қытайлық кәсіпкерлерге ұсына алады. Шэньси провинциясында ашылатын Қазақстанның сауда үйі show room ретінде жұмыс істейді. Қазіргі таңда онда жұмыс істеуге 25-тен астам қазақстандық кәсіпкер қызығушылық танытқан», - деді Н.Бөкейханов.

Сондай-ақ, ол екі елдің арасындағы сауда айналымында шектеу мен кедергілердің де жоқ еместігін атады.

«Ең алдымен, Қытай тарапынан орнатылған шектеулер. Ол тек Қазақстанға ғана емес, басқа да мемлекеттерге қойылады. Оларды өту үшін екі ел арасында қол қойылу керек. Қазақстандық компаниялар инспекциядан өтуі керек. Қазіргі кезде  180-нен астам қазақстандық компания Қытайдың инспециялық тексеруінен өтті. Енді олар өз өнімін Қытайға экспорттай алады. Одан бөлек, біздің өнімнің сапасы да өте үлкен маңызға ие. Көп жағдайда олардың қапталуы мен сапасы Қытай тұтынушыларының сұранысына сай келе бермейді. Біздің маркетингтік стратегиялар бойынша, біздің  өнімдердің кейбіреуінің сапасы мен ақшасы бір-біріне сай келмейді», - деді ол.

Н.Бөкейхановтың айтуынша, Қытайға экспортталатын басты тауарлар, олар: мұнай өнімдері, кен және металдар. Қытайдан алынатындар: электроника, киім және жиһаз.

«Жоғары әлеуетке ие өнімдер тамақ және ауыл шаруашылығы өнімдері болып табылады. Мысалы, өткен жылы Қытайға импорт  5 млрд доллардан асса,  экспорт  4 млрд-тан астам  долларды құрады», - деді ол.

Айта кетейік, бизнес-форумға 150 қытайлық және 300 қазақстандық кәсіпорын тіркелген. Олар өзара «be to be» форматында кездесулер өткізіп, ынтымақтастық мәселелерін талқылайды.

Аягөз Құрмаш 




Яндекс.Метрика