• Басты
  • Жаңалықтар
  • Инвестициялық саясат: ТШИ, саладағы негізгі трендтер мен өңірлердегі инвестиция тарту мәселесі

Инвестициялық саясат: ТШИ, саладағы негізгі трендтер мен өңірлердегі инвестиция тарту мәселесі

29 Қараша, 2021 14:43

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров экономикаға инвестициялар тарту қорытындылары және инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Вице-министр мемлекет басшысының тапсырмаларына, сондай-ақ 2025 жылғы Ұлттық даму жоспарына сәйкес мемлекеттік органдар инвестициялар тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Дегенмен, оның айтуынша, соңғы бірнеше жыл ішінде жаһандық саяси және экономикалық климаттың нашарлауына, сондай-ақ коронавирустық пандемияға байланысты әлемдік экономика тікелей шетелдік инвестициялар ағындарының (ТШИ) қысқаруын бастан кешуде.

Тікелей инвестиция 35%-ға төмендеді

«2020 жылы пандемия және онымен байланысты шектеу шаралары жағдайында жаһандық ТШИ ағындары 35%-ға төмендеді, бұл соңғы 30 жылдағы ең жоғары төмендеу», - деді Әлішер Әбдіқадыров.

Ол құлдырау әлемнің барлық елдеріне әсер еткенін, Еуропаның дамыған елдеріне, Азияның дамушы елдеріне және өтпелі экономикасы бар елдерге ТШИ ағыны 30-45%-ға, Солтүстік Америкаға-20-35%-ға қысқарғанын тілге тиек етті.

«Сонымен қатар, дамушы елдерде индустрияландыру мен экономиканы құрылымдық трансформациялауды қолдау үшін инвестициялар тарту және экспортты ұлғайту қажеттілігі бұрынғыдан да қатты сезіледі. Іс жүзінде әлемде жүргізіліп жатқан барлық жаңа өнеркәсіптік стратегиялар айтарлықтай дәрежеде инвестициялар тартуға тәуелді», - деп толықтырды ол.

Оның пайымынша, инвестицияға сұраныс бұрынғыдан да жоғары болып қала береді және ұсыныстар да азайып отыр. Осыған байланысты, инвестиция нарығы күрделене түсіп, бәсекеге қабілетті болмақ.

Инвестиция тарту саласындағы негізгі трендтер 

Сонымен қатар, ол әлемде инвестициялар тарту саласында бірнеше негізгі тренд байқалатынын тілге тиек етті. Олардың бірі жұмыс күшінің төмен құнының маңыздылығын – экономикасы дамушы елдердің көпшілігінің дәстүрлі бәсекелестік артықшылығын автоматтандыру мен цифрландыруға байланысты жоққа шығаруы мүмкін.

«Жаңа өнеркәсіптік революция және құндылықтар тізбегінің күрделенуі жағдайында IT және қызметтер саласындағы жобалар көбірек инвестиция тартады. Инвестор үшін ірі нарықтардың жақындығы, білікті кадрлардың болуы, инфрақұрылым мүмкіндіктері және логистиканың ыңғайлылығы сияқты факторлар бірінші орынға шығады. Әкімшілік рәсімдер үшін, мысалы, «бір терезе» онлайн-тетіктері арқылы цифрлық қызметтердің болуы әлеуетті инвесторлар үшін маңызды сигнал», - деді вице-министр.

Министрліктің дерегінше, Қазақстанда өткен жылы тікелей шетелдік инвестициялар көрсеткіші рекордтық 30%-ға төмендеп, 17 миллиард АҚШ долларды құраған.

«Алайда, ағымдағы жылда оң динамика байқалады. Мәселен, ағымдағы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша ел экономикасына 11,1 миллиард АҚШ доллары тікелей шетелдік инвестициялар тартылды, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңінен 30,4%-ға артық. Мәселен, 2020 жылдың 6 айы – 8,5 миллиард АҚШ доллары. Биылғы қорытынды бойынша, 20 млрд АҚШ долларын құрады, ал 2023 жылға қарай инвестициялардың пандемияға дейінгі деңгейіне жетеді деп күтілуде», - деді Әлішер Әбдіқадыров.

Сонымен бірге, ол коронавирустық инфекцияның пандемиясына байланысты айтарлықтай құлдыраудан кейін негізгі капиталға инвестициялар динамикасында қалпына келтіру үрдісі байқалатынын атап өтті. Мәселен, ағымдағы жылдың 10 айында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға ұлғайып, шамамен 10 триллион теңгені құраған.

«Экономиканың шикізаттық емес секторлары инвестициялық белсенділік өсуінің негізгі локомотивтеріне айналды. Мәселен, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда инвестициялар өңдеу өнеркәсібінде 1,8 есе, құрылыста 2,2 есе, сондай-ақ ауыл шаруашылығында 1,4 есе өсті», - деді ол.

Өңірлердегі инвестиция тарту мәселесі

Ол өңірлер бөлінісінде негізгі капиталға инвестициялар бойынша жалпы оң динамика байқалатынын атап өтті. Ең үздік көрсеткіштер Шымкент және Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе және Павлодар облыстарында байқалады.

«Көлемдердің айтарлықтай төмендеуі Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында байқалады. Аталған өңірлерде инвестициялардың төмендеу себебі карантиндік шектеулерге байланысты ірі мұнай-газ жобаларының баяулауы болды. Сондай-ақ, Түркістан және Қызылорда облыстарында төмендеу байқалады», - деді вице-министр.

Инвестициялық саясатты жетілдіру тұжырымдамасы

«Бүгінде министрлік мемлекеттік органдармен және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жаңа инвестициялық саясатының Тұжырымдамасын әзірлеуде. Тұжырымдама жаңа инвестициялық циклды қалыптастыруға және коронавирустық инфекция пандемиясынан туындаған жаңа трендтерді ескере отырып, инвестициялар тарту саясатын қайта қарастыруға мүмкіндік береді», - деді ол.

Оның айтуынша, тұжырымдаманы іске асыру үшін жүйелі және салалық шараларды іске асыру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспары әзірленбек. Тұтастай алғанда, аталған барлық жағдайларды жасау экономиканы дамытудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың түйінді драйверіне айналатын жаңа инвестициялық циклды іске қосуды қамтамасыз етеді.

Барлық жаңалықтар