• Басты
  • Интернет алаяқтарға алданбау үшін не істеу керек

Интернет алаяқтарға алданбау үшін не істеу керек

15 Ақпан, 2021 14:05

Бүгін ҚР Ішкі істер министрлігі алаңында ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Базарбайұлы Нұрмағамбетов соңғы кезде саны артқан интернет алаяқтық пен алаяқтардың құрбанына айналмаудың жолдарын айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Интернет алаяқтардың әрекеттері

Қазіргі уақытта интернет алаяқтармен күрес – ішкі істер органдарының негізгі бағыттарының бірі. Қазіргі таңда алаяқтар смартфон, компьютер арқылы интернет қолданушылардың ақшаларын ұрлайды.

Пандемия кезінде шектеулерге байланысты адамдар көптеген қызмет түрлерін ғаламтор арқылы алуға мәжбүр болды. Сол кезде интернет алаяқтық саны артты. Интернет алаяқтардың жәбірленушілері Қазақстанның әр аймағында. Қылмыскерлер әлеуметтік желідегі инженерингті тиімді пайдаланып, қолданушыларға ақша аудартады немесе олар туралы жеке ақпараттарды алып, сол арқылы жеке шоттардағы ақшаны аударып алады. Олар уақыт өткен сайын әлеуметтік желілер арқылы оңай табыс табудың жолдарын жетілдіріп отыр. Тәжірибе көрсеткендей, бір қылмыскер өзін заңды тұлға етіп көрсетеді, өз атына бірнеше пластик карта, банк шоттары және бірнеше абоненттік нөмір тіркейді. Мұндай қылмыспен криминалды полиция айналысады. Криминалды полицияа киберқылмыспен күрес бөлімі жұмыс істеп тұр.

«Интернет алаяқтықтың кең тараған түрі желідегі сауда алаңдарындағы түрлі хабарландырулардан басталады. Ол қандай да бір тауар немесе қызмет түрлері болуы мүмкін. Алаяқтар жәбірленушілерді арзан бағамен немесе тауардың тез жеткізілуімен қызықтырады. Сатып алушыға алдын ала толық немесе жартылай төлем жасауды өтініп, үшінші адамдардың шотына ақша аудартады», - деді ол.

Интернет алаяқтықтың түрлері

Сондай алаяқтардың бірі Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны инстаграм желісіндегі «айфон» сатылымы туралы жалған жарнамалар жариялаған. Оның қылмысы әшкереленіп, алаяқтық қылмыс жасағаны анықталды. Ол интернет қолданушыларға 3 миллион теңге көлемінде залал келтірген.

Сонымен қатар спикер соңғы кезде микронесие беру туралы жарнамалардың артында тұрған интернет алаяқтықтың жиілегенін айтты. Мәселен, Шымкент қаласының тұрғыны жоғалған құжаттар туралы хабарландырулар тауып алған. Құжат фотоларынан адамдар туралы жеке ақпараттарды пайдаланып, 50 онлайн-несие рәсімдеген. Бұл құжаттың иелері Қазақстанның әр облысының тұрғындары.

Соңғы уақытта кең тараған интернет алаяқтық – бұл қандай да бір компанияға, биржаға немесе букмекерге ақша салып, бірнеше уақыттан кейін ақшаны еселеп қайтарып алу туралы хабарламалар. Кейбір алаяқтар азаматтарға «банк операторы» болып телефон соғып, картадағы сезікті операциялар туралы хабарлап, жеке ақпараттарды біліп алады.

Алаяқтар сату туралы хабарлама бойынша азаматтармен WhatsApp арқылы байланысып, банк картасына кепілақыны қабылдауын сұрайды. Тауардың берілуі мен жеткізілуін растау үшін алаяқтар сатушыға сілтеме жіберіп, оны толтыруды сұрайды. Сөйтіп азаматтардың есепшоттары туралы мәліметтерді біліп алады. Мәліметтерге қол жеткізгеннен кейін алаяқтар банк шоттан ақшаны өздеріне аударып алады.

 Қауіпсіздік шаралары қандай?

Қанат Нұрмағамбетов қауіпсіздік шаралары туралы айтты:

Интернет алаяқтардың құрығына түспеу үшін жеке құжаттағы мәліметтер мен банк картасындағы мәліметтерді аударымдар туралы квитанцияларды, кодтар мен код сөздерді өзін банк, полиция қызметкерлері ретінде таныстырғандарға, интернет сатушыларға бермеу керек. Жеке деректерді тексерілмеген сайттар мен басқа да желілердегі «карта енгізіңіз» деген орындарға жазуға болмайды. Интернеттен қосымшаларды жүктеу үшін тек App Store мен Play Market-ті пайдалану керек, күмәнді сілтемелерді басыып, телефонға қосымша жүктеуден сақ болу қажет. Төлем жасау үшін картаның 16 саны жеткілікті. Ал CVV-код, код сөз, ЖСН және басқа да деректерді сұрап жатса, алаяқтар болуы мүмкін.

«Осындай киберқылмыстар саны да жиілеп кетті, оның ішінде интернет-алаяқтық жағдайлары көбейді. Өткен жылы мұндай 14 мың қылмыс жасалса, ал биылдың қаңтар айында 1 700-ден асып түсті», - деді Қ. Нұрмағамбетов.

Қылмыскерлер ақша жымқыру мен жеке мәліметтерді алуға, аккаунттар мен электронды шоттарға қол жеткізуге бағытталған әрекеттерді жасап келеді. Тәжірибе көрсеткендей, бір алаяқтың соңынан заңсыз әрекеттердің тұтас тізбегі жалғасып жатады. Қылмыс жасау үшін түрлі банк шоттары, карталар, сондай-ақ басқа адамдарға рәсімделген абонеттік нөмірлер пайдаланылады. Қылмыстардың жалпы ауқымында 10 пайыздан астамы алаяқтыққа тиесілі.

 «Ақша салған адам еселеп қайтармайды»

Түркістан облысының полицейлері өткен аптада интернет алаяқтығына қатысы бар екі күдікті әйелді ұстады. Арызданушының мәлімдеуінше, алыс танысы әлеуметтік желі арқылы бір топқа кіргізіп, ақшаңды еселеп көбейтіп ала аласың деген. Содан жәбірленуші оған сеніп, 980 мың теңгесін аударып жіберген. Алайда танысы ақшаны алысымен ізін суытқан. Аталған қылмыстық істі полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша тіркеді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Жетісай АПБ-нің полицейлері бір тәулік ішінде алаяқтық жасады деген екі әйелді ұстады. Тергеушілердің анықтауынша, күдікті әйелдер жергілікті тұрғындар болып шықты. Сондай-ақ олар бір-бірімен сыбайлас болған. Олар әлеуметтік желіде арнайы топ ашу арқылы жәбірленушіні алдаған. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

 Бір аптада Қазақстанда 3506 қылмыс жасалды

ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкірі Нұрділдә Ораз апта ішінде орын алған жаңалықтарға тоқталды.

Өткен аптада елімізде 3 506 қылмыс жасалды, оның 2 322-і тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері ізін суытпай 10 кісі өлтіруді, 1 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 5 қарақшылық, 32 тонау және 487 бөтен мүлікті ұрлау қылмысын ашты. Қазығұрт аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне учаскелік инспекторлардан бос жайылымдардың бірінде болған кезекті "көкпарды" тоқтату кезінде белгісіз тұлғалардың тарапынан қару қолдану арқылы бұзақылық жасалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Полиция күдіктілерді ұстады. Оған қоса, азық-түлік жеткізіп беремін деген Өскемен қаласының тұрғыны 13 атыраулықтың ақшасын алдап алған. "Anti-fraud" жедел алдын алу іс-шарасы кезінде Шығыс Қазақстан облысының 26 жастағы тұрғыны ұсталған.

Сонымен қатар Нұрділдә Ораз апта ішінде Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің атына келген тұрғындардың алғыс хаттары туралы айтты.Өткен аптада Павлодар облысында ұрланған көліктерді бөлшектеп сатумен айналысқан азамат ұсталды, оның 6 көлік ұрлығына қатысы бар екені анықталды. Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында жедел уәкілдер Павлодар қаласының 22 жастағы тұрғынын ұстады. Күдіктінің қылмыс жасауға мұқият дайындалғаны, неміс өндірушісінің көлігін алдын ала таңдағаны, көлікті ұрлап әкету бағытын жоспарлағаны, негізінен ұрлықты сағат 02:00-ден 03:00-ге дейін жасағаны анықталды. Ол тек “Ауди 80” маркалы автокөліктерді айдап әкетуге дағдыланған, өйткені олардың қосалқы бөлшектері нарықта сұранысқа ие.


Барлық жаңалықтар