• Басты
  • Инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары

Инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары

7 Қыркүйек, 2021 09:27

Бүгін ҚР үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев елімізде бағаның өсуін тежеу мақсатында 2021 - 2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары кешенінің жобасын баян етті. Оның дерегінше, елімізде ағымдағы жылғы тамызда инфляцияның ай сайынғы өсуі 0,5%-ды құраған. Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Ұлттық Банк инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешені шеңберінде монетарлық емес факторларды тұрақтандыруға бағытталған шараларды қабылдауды қолдайтынын жеткізді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Министр Әсет Ерғалиев жаһандық пандемия бүкіл әлемдегі инфляциялық процестерге қысым жасайтын бұрын-соңды болмаған макроэкономикалық соққыға айналғанын атап өтті. Салдарынан логистикалық тізбектердің бұзылуы, сұраныстағы құрылымдық өзгерістер, экономиканы қолдауға бағытталған экспансиялық монетарлық және фискалдық бағдарламаларды қабылдау бүгінгі күні инфляцияның өсуі бүкіл әлемде байқалған. Оның мәліметінше, халықаралық қаржы ұйымдары 2021 жылы инфляцияның бүкіл әлемде 3,9%-ға жеделдеуін болжайды. Сондай-ақ, елімізде ағымдағы жылғы тамызда инфляцияның ай сайынғы өсуі 0,5%-ды құраған.

«Маусымаралық факторлар және кейінге қалдырылған сұраныс әсерінен ақылы қызметтер және азық-түлік емес тауар бағаларының өсуінің үлесі артты. Салдарынан ақылы қызметтер бойынша бағалардың өсуі 0,8%, азық - түлік емес тауарлар бойынша - 0,6%, азық-түлік тауарлары бойынша - 0,1% құрады» , - деді Әсет Ерғалиев.

Инфляцияны реттейтін шаралар

Министрдің дерегінше, жылдық есептеуде 8 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда инфляция 8,7%-ды құраған және оның 50%-дан астамы азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне тиесілі. Осыған байланысты елімізде бағаның өсуін тежеу мақсатында 2021 - 2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары кешенінің жобасы әзірленді.

«Шаралар кешені жобасы жедел және орта мерзімдерге арналған 2 бағыт бойынша 70 іс-шарадан тұрады. Бұл шаралар бағалардың өсуін тежейтуге бағытталған шараларды және инфляцияның қарқынын бекітілген нысаналы дәлізге кіргізуге бағытталған жүйелі шараларды қамтиды» , - деді министр.

Оның айтуынша, бірінші бағыт 2021 жылға арналған жедел шаралар бойынша іске асырылады. Соның ішінде, тауар ұсынысын кеңейту шеңберінде 16 іс-шараны іске асыру жоспарлануда. Сондай-ақ, ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар түрлерін сатып алуды ұйымдастыру және өндірушілердің қажеттілігін айқындау, форвардтық шарттар мен «айналым схемасы» шеңберінде тетігін бекіту көзделгенін атап өтті.

Министрдің мәлімдеуінше, талдау және ұйымдастыру шаралары бойынша 7 іс-шара жоспарланған. Аталған іс-шаралар тізімі скрининг, сауда процестерін цифрландыруды, тамақ өнеркәсібінің жартылай жұмыс істейтін және тоқтап тұрған қуаттарын мониторингтеуді және талдауды қамтиды. Соның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бақылауды институционалдық күшейту көзделген.

Сондай-ақ, ол реттеушілік шаралар бойынша 10 іс-шара іске асырылатынын атап өтті. Олардың қатарына, ішкі нарықта тапшылық немесе бағаның өсуі байқалса, қажет болған жағдайда шикізат пен материалдарды экспорттауға шектеулер енгізіледі.

«Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен экспорттауға алты айға тыйым салу және медициналық қызметтерге кешенді тарифтер бекіту кіреді» , - деді Әсет Ерғалиев.

Министр антимонополиялық шаралар бойынша 9 іс-шараны іске асыру көзделгенін атап өтті. Оның ішінде сауда үстемелерінің негізділігін бақылауға, бағалық сөз байласу белгілерін анықтауға және сауда-саттыққа қол жеткізуді шектеуге бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылады.

Тұрақтандыру қорларының жеткіліктілігін қамтамасыз ету

Оның мәлімдеуінше, екінші бағыт шеңберінде 2024 жылға дейінгі орта мерзімді шаралар бойынша 28 іс-шара жоспарланған. Аталған іс-шаралар тұрақтандыру қорларының жеткіліктілігін қамтамасыз ету, импорталмасу жобаларын іске асыру шараларын, сондай-ақ бағаларды әкімшілік реттеуден кету және дезинфляциялық ақша-несие саясатын жүзеге асыру сияқты жүйелі шараларды қамтиды. Сондай-ақ, ол инфляцияға қарсы әрекет ету шараларын тиімді іске асыру және олардың орындалуына мониторинг жүргізу мақсатында Сауда және интеграция министрлігі қарамағында тұрақты жұмыс істейтін операциялық штаб құру ұсынылатынын атап өтті.

«Оның құрамына орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларының орынбасарлары кіреді. 2021 – 2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары кешенінің жобасы әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының тұрақтандыруына әкеледі» , - деді Әсет Ерғалиев.

Азық-түлік бағасының өсуі

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мемлекет басшысының инфляцияны 2022 жылы 4-6% нысаналы дәлізге қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Ұлттық Банк инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешені шеңберінде монетарлық емес факторларды тұрақтандыруға бағытталған шараларды қабылдауды қолдайтынын жеткізді. Осы орайда, биылғы жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша 11,4% деңгейіне жеткен азық-түлік бағасының өсуі инфляцияны жеделдетуге негізгі үлес қосқанын атап өтті.

Сондай-ақ, ол осы жылдың соңына қарай 8%-ға дейін төмендету үшін үкімет пен әкімдер реттеушілік сипаттағы және монополияға қарсы ықпал етудің тиімді уақытша шараларын негізге ала отырып, жекелеген нарықтардағы маусымдық күтпеген өзгерістер мен теңгерімсіздіктерді жою бойынша жедел шаралар қабылдайтынын атап өтті. Соның ішінде, инфляцияны тұрақтандыру бойынша мемлекет басшысы алға қойған орта мерзімді мақсаттарға қол жеткізу үшін үкімет тауарлардың өндірісі, экспорты мен импорты балансын қатаң сақтай отырып, ішкі нарықты жан-жақты толықтыру, агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін арттыру және тиімді тауар өткізу жүйесін дамыту жөніндегі бастамаларды іске асыратынын айтып өтті.

«Бұл азық-түлік инфляциясын 2022 жылы 6%-ға дейін және 2023-2024 жылдары 5%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша басқа тауарлар мен қызметтерге тікелей әсер етумен қатар айтарлықтай жанама ықпал ететін жанар-жағармай нарығы бағаның өсуін тежеудің негізгі әлеуетіне жатады» , - деді Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев.

Оның мәліметінше, ҚР үкіметімен келісім бойынша азық-түлікке жатпайтын инфляцияның 2022 жылы 5%-ға дейін және 2023-2024 жылдары 4%-ға дейін төмендеуі күтіледі.   Мәселен, реттелетін қызметтер үшін орта мерзімді негізде болжамды және теңгерімді тарифтік саясатты енгізу айырықша маңызды болып табылады.

«2023 жылдан бастап бағаны әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы көмек көрсетуге ауысуды бастау орынды деп есептейміз. Бұл сервистік инфляцияны 2022-2024 жылдары 4% деңгейінде тұрақтандыруға мүмкіндік береді», - деді ол.

Осы жылы инфляция бес өңірде жоғары болған

Оның мәлімдеуінше, ұсынылатын шаралардың тиімділігі көбінесе өңірлердегі жұмыстың жұмыла ұйымдастырылуы мен үйлестірілуіне байланыст. Осы орайда бірқатар облыстарда биылғы жылдың басынан бастап бағалардың тұрақты түрде жоғары өсімі байқалатынын атап өтті. Мәселен, осы жылғы тамызда 5 өңірде инфляция 9%-дан жоғары қалыптасқан.

«Осыған байланысты Ұлттық Банк аталған облыстар үшін инфляцияны тұрақтандырудың арнайы жоспарларын қабылдап, өңірлермен бөлек-бөлек жұмыс жүргізуді ұсынды» , - деді Ұлттық банк төрағасы.

Оның сөзінше, шаралар кешеніне қосымша орта мерзімді перспективада Үкімет, Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы 2021-2023 жылдарға арналған келісімді тиімді іске асыру да инфляцияны орнықты түрде төмендетуге ықпал ететін болады.

«Біздің бірлескен жұмысымыздың негізгі бағыттары бюджеттің мұнайға жатпайтын тапшылығын одан әрі төмендету, тауарлар мен қызметтердің шикізатқа жатпайтын экспортының көлемін ұлғайту, сондай-ақ азық-түлік тауарларын тұтынудағы импорт үлесін төмендету болып табылады», - деді Ерболат Досаев.

Сондай-ақ, ол баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастырады. Үкімет тарапынан ұсынылған инфляцияның монетарлық емес факторларын төмендету шаралары тиімді іске асырылған жағдайда Ұлттық Банк баға тұрақтылығына қолжеткізуді ескеріп, ақша-кредит талаптарын жеңілдету жөнінде шешім қабылдауға дайын екендігін жеткізді.

 

Барлық жаңалықтар