• Басты
  • Инфекционист: Симптомсыз науқастар үй карантині талаптарын орындаса, екі аптада жазылады
17 Маусым, 2020 17:51

Инфекционист: Симптомсыз науқастар үй карантині талаптарын орындаса, екі аптада жазылады

Коронавирус инфекциясының белгілері жоқ симптомсыз науқастар үй карантині талаптарын орындаса, екі аптада жазылып шығады. Бұл туралы Денсаулық министрлігі ұйымдастырған "ДМ хабарлайды" рубрикасында ҚР жетекші инфекционист Динагүл Баевшева айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz  тілшісі.

Инфекционист:  Симптомсыз науқастар үй карантині талаптарын орындаса, екі аптада жазылады

Жетекші инфекционист Динагүл Баешева коронавирус инфекциясының белгілері жоқ науқастардың үйде оқшаулануы жөнінде сөз қозғады. Оның сөзінше, симтомсыз науқастарға ем-дом жасалмайды. 

"Симптомдары жоқ және коронавирустың жеңіл түрі болған жағдайда азаматтар үй карантинінде болады, үйде емделеді. Негізі ол кісілер ешқандай ем-домды қажет етпейді, себебі оларда клиникалық өзгерістер жоқ. Клиникалық көрініс дегеніміз дене қызуының көтерілуі, сүйектердің сырқырап ауруы, жөтел, бастың ауруы және иіс сезбеу. Бірақ олар симптомдары бар азаматтармен салыстырғанда эпидемиологиялық жағынан қауіпті", - деді маман. 

Сонымен қатар ол әсіресе түшкіріп, жөтелетін науқастардың неліктен қауіпті екенін айтып өтті. Оның айтуынша, олар сілекейімен вирусты ауаға таратады, сол себепті де қауіпті.

"Оның ішінде түшкіріп, жөтелетін науқастар тіптен қауіпті. Өйткені олар сілекейімен бірге вирусты ауаға таратап, жанына жақын отырған адамның көзіне, бетіне, аузына шашыратуы мүмкін. Сонымен қатар науқас адам ұстаған орындықты ұстайтын болса, ол арқылы да жұғады. Вирустың сыртында майлы қабыршағы бар, сол себепті адамға жабысқақ болып келеді. Сондықтан да қолды ылғи сабынмен жуып, спиртпен, антисептикпен шайып отыру керек. Спирт пен сабын майды ерітіп, жойып жібереді. Сол себепті біз ұсынған шараларды ұстану керек. Симптомды науқастар осылайша вирусты сыртқа шығарып отырады. Ал симптомсыз науқастардың мұрнында вирус пайда болуы мүмкін. Сондықтан олар  ата-анасымен құшақтасқанда, немесе бірге отырып теледидар көргенде оларға жұғуы мүмкін. Белгілері жоқ боса, эпидемиологиялық жағынан қауіптірек", - деді Динагүл Баешева.  

Сондай-ақ маманның сөзіне сүйенсек, симптомсыз науқастар үй карантинінің талаптарын дұрыс орындаса, екі аптаның ішінде жазылып шығады.

"Егер ауру белгісі жоқ науқас 14 күн бойына карантин шараларын нақты ұстанып, талаптарын сақтаса, міндетті түрде жазылып шығады.  Корея, Жапония ғалымдарының зерттеуі бойынша, 14 күннен кейін вирус қалған күннің өзінде әлсіреп, алғашқы кездегідей қауіпті болмайды. Сондықтан біз екі аптадан кейін ПЦР тест алмай-ақ, адамдармен байланысуға рұқсат бере аламыз. Ал басқалары 10 күннен кейін ПЦР тес тапсырады. Тек теріс нәтиже көрсеткен жағдайда ғана басқа адамдармен байланысқа түсуге рұқсат беріледі. Ал оң болған кезде, тағы 14 күн бойына ем алады", - деді дәрігер.

Сонымен қоса инфекционист маман үй карантинін оқшауланған науқастардың орындауы керек шараларға тоқталып өтті. 

"Үйде оқшаулану үшін бөлек бөлме болу керек. Бөлмені екі рет желдетіп, сумен, антисептикпен не бомаса сабын араласқан сумен жуып отыру қажет. Тіпті судың вирусты азайтатын күші бар. Тест нәтижесі оң нәтиже көрсеткен адамның жеке ыдыс-аяғы болуы керек. Міндетті түрде бетіне бетперде тағып жүруі тиіс. Температураны да күніне кем дегенде үш мезгіл өлшеп, бақылауда ұстауы қажет. Мұндай адамдармен қарым-қатынасқа түскен адамдар да бетперде киіп, қолдарын сабынмен жиі жуып, пайда болған вирустарды құртып отыруы керек.", - деп толықтырды Динагүл Баешева.
Барлық жаңалықтар