• Басты
  • Инфекционист: БҚО бойынша вакциналау қарқыны жоғары деңгейде жүріп жатыр

Инфекционист: БҚО бойынша вакциналау қарқыны жоғары деңгейде жүріп жатыр

13 Шілде, 2021 18:01

Бүгінде еліміздің барлық аймағында вакциналау науқаны жүріп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 13 шілдедегі мәлімет бойынша 4 486 677 адам толықтай вакцина алған. Осы орай, Қазақстанның аймақтарында вакцина егу қалай жүріп жатқаны туралы білу үшін Батыс Қазақстан облысы №6 қалалық емханасының инфекционист маманы Дания Жанаисоваға хабарластық. Ол өңірдегі вакциналау науқаны туралы Strategy2050.kz тілшісіне айтып берді.

- Дания Қисағалиқызы, бүгінге дейін Батыс Қазақстан облысында қанша тұрғын  вакцина салдырды?

- Батыс Қазақстан облысы бойынша вакцина алу қарқыны өте жоғарғы деңгейде деп айта аламын. Өйткені, қазіргі таңда 137 мың халық бірінші компонентін алып отыр, ал 77 мың халық екінші компонентін толығымен алған.

- Өңір тұрғындарының көпшілігі қай вацинаны тұтынуда, қайсына сұраныс жоғары?

- Өңірде 4 вакцина қолжетімді. Олар,  ресейлік «Спутник V» екпесі , QazVac отандық өнімі , CoronaVac және Hayat-Vax. Қазіргі таңда халықтың сұранысы Ресей мемлекетінің «Спутник V» екпесінде.

- Өзіңіз екпе салдырдыңыз ба, қандай әсері болды?

- Өзім алғашқылардың бірі болып вакцина алдым. Алғашқы компонентін 1 ақпан күні ресейлік «Спутник V» екпесін алдым. 22 күннен кейін екінші компонентін қабылдадым. Ешқандай ауырсыну болмады. Сәйкесінше, күні бойы жұмыста болдым.

- Вакцина алғандардың арасында жанама әсері болғандар болды ма?

- Вакцина алған өңір тұрғындарының арасында асқыну болмады. Ешқандай жанама әсер алған адамдар тіркелмеді. Азаматтардың жағдайы қалыпты.

- Қанша егу пункті жұмыс істейді? Сауда орталықтарында да екпе алу қарастырылған ба?

- Батыс Қазақстан облысы бойынша күнделікті 12 сағат бойы 8-9 егу бригадасы қызмет көрсетеді. Әр бригадада дәрігер, медбике, екпе салатын дәрігер, тіркеуші, екпе алғаннан кейін бакылау жүргізетін медбике қызмет етеді. Әр бригадада 4 адамнан, әр емханада 9 бригада қызмет етуде. Сонымен қатар, үлкен сауда үйлерінің жанында жылжымалы кешендер мен автобустар күн сайын халыққа қызмет көрсетіп жатыр.

- Вакцинаны азаматтар өздері келіп алып жатыр ма? Қандай ақпараттық шаралар қолға алынды?

- Коронавируқа қарсы екпе туралы халықты жергілікті БАҚ-құралдары арқылы соның ішінде, телеарналар арқылы біреше рет сұхбат беру арқылы құлақтандырып жатырмыз. Сонымен қатар, учаскелік медбикелер үйлерді аралап мүмкіндігі шектеулі жандарды бригадамен барып егу жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, медбикелер күні-бойы мекемелерге барып вакцина туралы ақпараттармен қаматамасыз етеді. Тек қана мекемелер ғана емес, барша ұйымдарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр.

- Вакцина алғаннан кейін иммунитет қанша жыл сақталады?

- Ғалымдардың деректеріне сүйенетін болсақ, QazVac, CoronaVac және Hayat-Vax вакцинасын алғаннан кейін иммунитет алты айдан бір жылға дейін сақталады. Ал, ресейлік «Спутник V» екпесін алғаннан кейін иммунитет 1-2 жыл сақталады деген дерек бар.

- Ауырған адамның антиденесімен екпе салдырған адамның иммунитетінде қаншалықты айырмашылық бар?

- Ауырған адамдардың антиденесі 98% болса да, ол тез төмендейді. Мысалы, ауырғаннан кейін 10 күннен кейін 98% пайыз болып тұрған антидене 1 айдан кейін 58% болады, 2 айдан кейін 25%, 3 айдан кейін 10-12% ғана болады. Ал вакцина алғаннан кейін түзелген антидене көп уақытқа дейін сақталады.

- COVID-19-ға қарсы вакцинасын алу қаншалықты маңызды? Әлі вакцина алып үлгермеген азаматтарға не айтасыз?

- Вакциналау өте маңызды шаралардың бірі болып табылады. Өйткені бұл кеселден адам өмірін тек қана екпе ғана сақтай алады. Коронавирус инфекциясы өлімге әкеліп соғатын ауру болғандықтан, сондай ақ  ауа арқылы тез арада жұғатындықтан алдын алу үшін екпе алу керек деп санаймын. Егілгеннен кейін орыны қызарып, ісінуі мүмкін. Сондай-ақ, адамдарда дене қызуы көтерілуі мүмкін. Бұл қалыпты жағдай болып есептеледі. Бұл организмнің иммундық жүйесінде иммунитет пайда болу үшін осындай әсерлер болуы әбден мүмкін.

Барлық жаңалықтар