• Басты
  • Индустрияландыру картасы шеңберінде қандай жобалар жүзеге асып жатыр

Индустрияландыру картасы шеңберінде қандай жобалар жүзеге асып жатыр

28 Қыркүйек, 2021 09:59

Бүгін үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Индустрияландыру картасы шеңберінде жүзеге асып жатқан жобалар жөнінде айтып берді. Жобалар туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Министр Мағзұм Мырзағалиевтің мәліметінше, индустрияландыру картасын іске асыру шеңберінде министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп, отын-энергетика кешені саласында 4,5 трлн теңге құрайтын 19 жоба іске асырылып жатыр. Республикалық картада 4,3 трлн тг сомасына 3 жоба көзделген. Бұл жобалар аясында шамамен 12 550 жұмыс орны құрылады. Оның ішінде құрылыс кезеңінде 10 900 адам және пайдалану кезеңінде 1 650 адам жұмыспен қамтылмақ.

«2021 жылы 25 млрд теңге болатын 1 жоба жүзеге асырылды. Жалпы сомасы 4,3 трлн теңге болатын 2 жоба қазіргі таңда іске асырылып жатыр (интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы (бірінші фаза - полипропилен) және интеграцияланған газ - химия кешенінің құрылысы (екінші фаза - полиэтилен)», - деді министр.

Сондай-ақ, Мағзұм Мырзағалиев Өңірлік картада 200 млрд теңге сомасына 16 жоба көзделгенін атап өтті. Бұл жерде 3 000 жуық жұмыс орнын құру жоспарланған. Атап айтқанда, құрылыс кезеңінде 2 550 және пайдалану кезеңінде 450 жуық адамды жұмыспен қамту көзделген.

«Бүгінгі таңда 1 жоба салынып бітті. Оның жалпы сомасы 1,9 млрд теңгені құрады. 15 жоба іске асырылып жатыр. Олардың жалпы сомасы – 198,6 млрд теңгеге жуық. Оның ішінде 14 жобаны ағымдағы жылы жүзеге асыру жоспарланып отыр. 1 жобаны іске асыру 2022 жылға жоспарланған», - деді министр.

Шымкентте қоспа шығаратын зауыт пайдалануға берілді

Министрдің мәліметінше, ағымдағы жылдың шілде айында Шымкент қаласында қуаты жылына 57 мың тонна болатын бензинге арналған октан көтеретін қоспа шығаратын зауыт пайдалануға берілген. Жобаның құны 25 млрд теңгені құраған. Бүгінгі таңда зауытта 350 адам жұмыс істейді.

«Жоба бензиннің сапасын арттыруға бағытталған. Бұл бензиндегі күкірттің үлесін төмендетуге, тиісінше оның қоршаған ортаға шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, шет елдерден жеткізілетін осы өнімнің импорты төмендейді. Келесі кезең бойынша қуаты жылына 81 мың тонна полипропилен өнімін өндіруге мүмкіндік беретін жабдықты орнату арқылы зауытты кеңейту көзделіп отыр», - деді ол.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта оның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Оны 2022 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Негіздемені әзірлеу аяқталғаннан кейін осы жобаның неғұрлым нақты параметрлері айқындалатын болады.

Атырау облысында мұнай-газ-химия саласындағы екі ірі жоба іске асып жатыр

Министр «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Атырау облысында мұнай-газ-химия саласындағы екі ірі жобаны іске асып жатқанын тілге тиек етті. Бұл – полипропилен және полиэтилен өндіру жөніндегі интеграцияланған газ-химия кешендерін салу жобалары. Аталған жобалардың бірі бойынша құрылыс жүріп жатса, кейбірі пысықтаудың әртүрлі сатыларынан өтіп жатыр.

«Осылайша, «Самұрық-Қазынаның» еншілес құрылымы болып табылатын «КРІ» компаниясы ағымдағы жылдың соңына дейін полипропилен өндіру зауытының құрылысын механикалық аяқтауды жоспарлап отыр. Оның қуаты 500 мың тонна болмақ. Зауытты пайдалануға беру келесі жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. Бүгінгі күні жобаны іске асырудың жалпы прогрессі 91% пайызды құрайды. Жобаның құны шамамен 1 трлн теңгеге бағаланады», - деді ол.

Бұл, оның айтуынша, зауыттың өнімі сыртқы әлемдік нарықтарға экспортталатын болады. Сондай-ақ полипропиленге деген ішкі қажеттілікті толығымен жабуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ол «КLPE» компаниясы полиэтилен өндіруге арналған жобасына стратегиялық әріптес іздестіріп жатқанын да еске салып өтті. Ұсынылатын жобаның қуаты жылына 1 млн 250 мың тонна, ал құны 3,2 трлн теңгеге тең. Бұл жоба Теңіз кен орнынан шикі газды қайта өңдеуге және қайта бөлуді ұлғайтуға бағытталған.

«Қазіргі уақытта ҚазМұнайГаз әлеуетті инвесторлармен жобаға қатысу бойынша келіссөздер жүргізуде. Олар жылдың соңына дейін жалғасады», - деді министр.

Мағзұм Мырзағаливетің сөзінше, индустрияландыру картасының өңірлік жобалары екі негізгі бағыт бойынша еліміздің 5 облысында шоғырланған.

Мұнай және газ өңдеу саласында 113 млрд теңге құрайтын 6 жоба бар, оның ішінде:

- Ақтөбе облысында 7,9 млрд теңге сомасына 4 жоба іске асырылуда. Атап айтсақ, мұнай-химия реагенттерін өндіру бойынша (қуаттылығы 1,5 - 2,5 мың тонна.), монтаж көбігі бойынша (қуаты 98 мың тн.), минералды мақта бойынша (қуаты 28 мың тн.), сондай-ақ ілеспе газды қайта өңдеу (қуаты 40 мың м3) бойынша жобалар.

«Бұл жобалар ағымдағы жылы іске асырылып бітеді. Нәтижесінде 300 астам жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Түркістан облысында 105 млрд теңге сомасына 2 жоба іске асырылуда. Ағымдағы жылдың соңына дейін мұнай өнімдерін өндіруге бағытталған (қуаттылығы 50 мың тонна) жоба аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ, 2022 жылы мотор отыны мен мұнай-химия өнімдерін (қуаты 500 мың тн.) дайындайтын зауыттын құрылысы жоспарланып отыр», - деп толықтырды министр.

Осы жобаларды іске асырудың нәтижесінде 400 астам жаңа жұмыс орны пайда болған.

Сонымен бірге, министр жаңартылатын энергия көздері саласында 87 млрд теңге сомасына 10 жоба жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Жиынтық қуаты 170 МВт болады. Атап айтсақ:

- Шығыс Қазақстанда, Алматы және Қостанай облыстарында тоғыз (9) жел электр станциясылары салынып жатыр.

- бір (1) гидроэлектро станциясының құрылысы Алматы облысында жүзеге асуда.

Министрдің сөзінше, жоғарыда аталған жобалар ағымдағы жылдың соңына дейін тапсырылады. Нәтижесінде 105 тұрақты жұмыс орны құрылмақ.

Барлық жаңалықтар