Өңірлер

Шымкентте 2023 жылға дейін не өзгереді?

Шымкент қаласы халқының саны 2018 жылы 1 миллионға жеткен кезде ҚР экс-президенті Н.Назарбаев жарлығымен мегаполиске республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілгеннен кейін үкімет пен қала әкіміне Шымкент қаласын дамытудың кешенді жоспарын бекітіп, жүзеге асыру жұмыстары тапсырылған болатын. Осыған байланысты бүгін Үкімет отырысында Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары таныстырылды.
Нұр-Сұлтан09 Шілде , 14:25

Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары экс-президент Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 29 қыркүйектегі Шымкент қаласын әлеуметтік, экономикалық дамытуға қатысты кеңесте жүктеген тапсырмаларға сәйкес әзірленгенін еске салған Шымкент қаласының әкімі жоспарды үкімет талқысына салып, министрлер алдында ол туралы бүге-шігесіне дейін айтып берді.

Шымкентті дамытуға 1 триллион 284 миллиард теңге жұмсалады, оның 65%-ы инвесторлар есебінен өтелмек

«Кешенді жоспар 2019 жылғы сәуірдегі бюджеттік комиссия отырысында қолдау тапты. Жоспар 10 бағыттан 89 жобадан тұрады. Бюджетке жүктеме түсірмеу үшін жеке инвестицияларға және мемлекеттік-жекеменшік  жобаларға басымдық берілді. Кешенді жоспарды жүзеге асыруға 1 триллион 284 миллиард теңге қажет болса, оның 836 миллиард теңгесі немесе 65 пайызы жеке инвесторлар есебінен жүзеге асырылатын болады. Республикалық бюджет есебінен 299 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 81 млрд теңге және 68 млрд теңге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жүзеге асырылады», - дейді қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

Шымкент әкімі қаланы 2023 жылға дейін кешенді дамыту жоспарына сәйкес 10 бағытты қолға алатынын жаздық. Соның негізінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бойынша 30 жоба, көлік инфрақұрлымын дамыту бағытында 11 жоба, тұрғын үй құрлысын дамыту бағыты бойынша 7 жобаны, білім беру жүйесін дамыту бойынша 15 жоба, спорт саласын дамыту бойынша 3 жоба, мәдениет саласын дамыту бағыты бойынша 2 жоба, денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында 14 жоба, қаланы аббатандыру – 4 жоба, қоғамдағы құқықтық тәртіп пен азаматтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде 1 жоба, индстриалды аймақты дамыту бойынша 2 жоба жүзеге асырылады.

Қаланы кешенді дамыту бойынша 10 бағыттың алғашқысы – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту. Бұл бағыт бойынша 30 жоба қолға алынған. Оның ішінде: қала тұрғындарын жылу, су газбен қамтамасыз ету үшін Грэс-3-тің және 6 электр станциясының құрлысы қолға алынады, сонымен қатар қолданыстағы тазарту қондырғысының қуаттылығының аздығына байланысты екі жаңа тазарту қондырғысы салынатын болады. RG компаниясы бу-газ құрылғысын орнату бойынша құны 190 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жобаны жүзеге асыратын болады. Нәтижесінде 2023 жылы қаланы ауыз-сумен қамтамасыз ету 93 пайыздан 98 пайызға дейін, кәріз жүйелері 49 пайыздан 75 пайзыға, сапалы электрмен қамтылу 91 пайыздан 96 пайызға, газбен қамту 92 пайыздан 98 пайызға артады.

А2 айналма автожолы мен Ташкент бағытындағы даңғыл жаңғыртылады

«Екінші бағыт – көлік инфрақұрлымын дамыту. Ол үшін 11 жобаны іске асыратын боламыз. Оның ішінде ұзындығы 31 шақырымды құрайтын А2 айналма автожолын қайта құру. Ұзындығы 21 шақырымды құрайтын Ташкент бағытындағы даңғылдың жалғастыру, төрт негізгі көше қиылыстарына жолайырық құрылыстары, үзындығы 24 шақырымды құрайтын оңтүстік және оңтүстік шығыс айналма жодары  салынады. Сонымен бірге теміржол вокзалын қайта құру, әуежайға жаңа терминал салу көзделген. Нәтижесінде жолдардың автокөлікті қабылдау қабілеті 35 мың автокөліктен 75 мың автокөлікке дейін өседі. Қаладағы сапалы жолдардың үлесі 53 пайыздан 60 пайызға дейін артады», - деді кешенді жоспардың екінші бағыты бойынша түсінік берген Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

Алдағы үш жылда Шымкентте 20 000-нан астам пәтер салынады

Шымкент әкімдігі тұрғын үй құрлысын дамыту бағыты бойынша 7 жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Бұл жоба бойынша 2023 жылға дейін қаланың бірқатар аудандарындағы инфрақұрлымды дамыту қолға алынады. Көзделген уақытқа дейін қалада 20 000-нан астам көппәтерлі 319 көпқабатты тұғын үй салынатын болады.

Шымкент сити ауданы аумағына қызығушылық танытқан отандық және шетелдік компаниялар жұмыстарын бастап кеткен екен. Олардың қатарында «Хайвил», «Базис А», «BI group» компаниялары бар.

Шымкент әкімі Ғ.Әбдірахымов ҚР Премьер-министрі Асқар Ұзақбайұлына аталмыш компаниялардың өтініші бойынша, Шымкент сити ауданы аумағында арнайы экономикалық аймақ құруды қалайтындықтарын жеткізді.

Шымкентте 3 ауысыммен оқыту мәселесі болмайды

Әкімнің айтуынша білім беру жүйесін дамыту бойынша 15 жоба қолға алынған.

«Қазір Шымкент қаласында 194 мыңнан астам оқушы білім алатын 130 мектеп жұмыс істейді. Қаладағы демографиялық өсіме баланысты жыл сайын оқушылар саны 10 мыңға артады. Бүгінгі күні 19 мектепке 3 ауысыммен оқыту қауіпі төніп тұр. Осыған орай 23 500 орындық 14 мектеп соғылатын болады және жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша жеке меншік мектептер саны артатын болады. Осыныңң арқасында 2023 жылға қарай 3 ауысыммен оқытуға мәжбүр болған мектептер саны толығымен жойылады», - деп сендірді Шымкент әкімі.

Шымкент әкімінің айтуынша, спорт саласын дамыту бағытында жүзеге асырылатын 3 жобаның арқасында спортпен айналысатын шымкенттіктердің қатарын 30 пайызға өсіру күтілуде. Сонымен қатар Шымкент әкімдігі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы Қажымұқан атындағы орталық стадион қайта жөндеуден өткізуді қалап отыр. Нәтижесінде стадион  төртінші категориялы УЕФА стандарттарына сәйкес болып, көппрофильді стадионға айналады. Онда түрлі мерекелік, спорттық, халықаралық іс-шаралар өткізу мүмкіндігі туады. Соның арқасында қала әкімі қысқа мерзімде стадионға жұмсалған қаражатты қайтарамыз деп отыр.

«Мәдениет саласын дамыту бағыты бойынша 2 жобамыз бар. 2100 орындық конгресс орталығын салу және ескі қалашықты қалпына кеелтіру жобалары жүзеге асырылады. Бұның арқасында 2020 жылы Шымкент қаласында өтетін мерекелік ТМД елдерінің мәдени астанасы іс-шарасын жоғары деңгейде өткізу жоспарда бар», - дед Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

Шымкенттіктердің өмір сүру жасын 75 жасқа дейін арттыру

Денсаулық сақтау саласын дамыту бағытындағы 14 жобаның бірі – жеке инвестор есебінен 1000 орындық көпсалалы заманауи аурухана салынатын болады. Ал, жергілікті бюджет есебінен 13 алғашқы медициналық көмек көрсету орталығы салынады. Осының арқасында Шымкент әкімі шымкенттіктердің өмір сүру жасын 75 жасқа дейін арттыруды көздеп отыр.  

2023 жылға дейін қаланы аббатандыру бойынша 4 жобаны жүзеге асыру мақсаты бар. Оның қатарына Қошқар ата өзен жағалауын аббатандыру кіреді.

«Ал, қоғамдағы құқықтық тәртіп пен азаматтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету полицияның бірыңғай басқару орталығы салынады. Осының салдарынан қылмыстың алдын алу мүмкіндігі туады, - деді Шымкент әкімі.

Жұлдыз және Шымкент агро индустриалды аймақтары ашылады

Шымкент әкімі Ғ.Әбдірахымовтың сөзінше индстриалды аймақты дамыту бағыты бойынша жаңадан Жұлдыз және Шымкент агро индустриалды аймақтары ашылатын болады. Оларға 24 миллиард теңге жеке инвестиция тартылып үш жарым мыңнан астам жұмыс орны ашылатын болады.

Сондай-ақ, әкім кешенді жоспрады жүзеге асыру негізінде қандай көрсеткіштерге қол жеткізетіндерін атап берді.

«Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде келесі көрсеткіштерге қол жеткіземіз. Жалпы өңірлік өнім 3,5 триллион теңгеге жетіп, 175 пайызға өседі. Өнеркәсіп өнім көлемі екі есеге өсетін болады. 60 мыңнан астам жұмыс орындары ашылады. Бір тұрғынға шаққанда тұрғын үймен қамтамасыз ету 24 шаршы метрден 27 щаршы метрге дейін жетеді. Бл жоспар қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, халықтың табысын арттыруға ықпал етеді», - деп баяндамасын аяқтаған әкім үкімет мүшелерінен ҚР Премьер министрі Асқар Маминнен кешенді жоспарды бекітуді сұрады.

Одан кейін сөз алған ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Шымкенттің Қазақстандағы үшінші қала екенін айтып өтіп, экономикалық құрылымына тоқталды.

«2018 жылдың қорытындысы бойынша, қаланың жалпы өңірлік ішкі өнімінің көлемі 2 триллион теңген құрады. Жалпы ішкі өнімнің республика көлемі бойынша үлес салмағы 3,4 пайыз. Жан басына шаққандағы ішкі өңірлік өнім 2,1 миллион теңгені құрады. Еңбек өнімділігі 4 миллион теңгеден астам. Инвестиция көлемі мұнай өнімдерін жаңғырту мен қайта жаңартуға салынған инвестицияларды есккере отырып 588 миллиард теңгеге жетті. Жергілікті экономикалық құрылымында 25 пайызды өнеркәсіп алады, 54 пайызы қызмет көрсету саласына тиесілі болса, оның ішінде 15,4 пайызы сауда», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Министр қалаға жаңа даму импульсін беру мақсатында Шымкент қаласын дамыту және құрлысын салудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарына жалпы сома 1 триллион 284 миллиард теңге қарастырылған болса, оның ішінде бюджеттен 299 миллиард теңге жұмсалатынын айтып өтті.

«Орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізуі 93 пайыздан 98 пайызға дейін өседі. Халықтың газбен қамтылуы газбен қамту 92 пайыздан 98 пайызға жоғарылайды. Қанағаттанарлық жолдардың үлесі 59,4 пайызға дейін ұлғаяды, жүмыссыздық деңгейі 5,1 пайыздан 4,9 пайызға дейін төмендейді», - деді Руслан Дәленов.

Ұлттық экономика министрінің жоспары бойынша қала экономикасы 3,5 триллион теңгеге дейін артуы тиіс. Бұл нақты мәнде жылына орташа 5,5 пайызға дейін өсуді білдіреді. Сонымен қатар жұмыс орындары 60 мыңға көбейеді. Экономикалық қрлыс, сауда секторларының үлесінің өсімі де күтілуде. 2023 жылға дейін инвестиция көлемі жылына 1 триллион теңгеге дейін артады. Шымкенттің экономикасына, туризміне және тағы басқа салаларына үлкен инвестиция құйылатын болады.

Содан соң ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Шымкент қаласының Өнеркәсіптік, сауда, мәдени орталықтарының бірі болып табылатынын айтып,  инвестициялық және экспорттық әлеуетті арттыру қажеттігін, қала инвесторлары үшін магнит ретінде болып өңірлік хабқа айналуы тиіс, ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу және қарапайым заттардың экономикалық жобаларын дамыту мақсатында қалада тиімді жұмыс істеп тұрғған үш индустриалды аймаққа қосымша Жұлдыз және Шымкент агро индустриалды аймақтарын дамытуды бастау керектігін айтты.

«Жеңіл өнеркәсіпке жаңа инвестицияларды тарта отырып, оңтүстік арнайы экономикалық аймақтың территроиясын ұлғайтуды қамтамасыз ету қажет, жалпы инвестициялық жобаларды белсенді іске асыру нәтижесінде инвестиция 5 жыл ішінде 1 триллионға дейін жеткізуге мүмкіндік жасалынады. Бұл жалпы өңірлік өнімнің 30 пайызын құрайтын болады. Осы ретте жаңа 60 мың жұмыс орындары ашылады деп жсопаралануда. Келесі жылы көлік инфрақұрлымы бойынша жобалар аяқталуы тиіс», - деген ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин осы кекшенді жоспар бойынша ескерілуі тиіс шараларды атап өтті.

Осы мәселе бойынша отырыс соңында Премьер-министр үкімет мүшелерінің дауысына салды. Үкіметтің барлық 15 мүшесі Шымкент қаласын 2023 жылға дейін кешенді дамыту бойынша жасалған жсопарды бірауыздан жақтап дауыс берді. Қалыс қалғандар мен қарсылық білдіргендер болған жоқ.

Айдана Абдрахманова

Барлық материалдарды t.me/strategykz telegram аккаунтынан оқи аласыздар.




Яндекс.Метрика