• Басты
  • Илья Ильин: Кабинетте отыратын шенеунік емеспін

Илья Ильин: Кабинетте отыратын шенеунік емеспін

8 Ақпан, 2021 17:37

Бүгін ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «AntikorLive» жобасында Қызылорда облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Мұз айдыны» спорт кешенінің директоры, ауыр атлетикадан спорт шебері, әлем чемпионы Илья Ильин спорттағы сыбайлас жемқорлық туралы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Илья Ильин 24 жыл өмірін арнаған ауыр атлетика спортымен қоштасқанын айтты. Ол қазір – мемлекеттік қызметкер. Оның айтуынша, өткен жылы оның өмірінде жаңа өмір басталған.

«Өткен жылдың мамыр айында өзімнің туған қаламдағы «Мұз айдыны» спорт кешенінің директоры лауазымына орналастым. Мен тағайындалған уақыт пандемиямен тұспа-тұс келді. Қашықтан жұмыс істедік. Тек қыркүйек айында жұмысқа кірістік», - деді ол.

Ол спорттан кету себебін түсіндірді.

«Мен ауыр атлетикаға 24 жыл өмірімді арнадым. Кез келген спортшы белгілі уақытқа жеткенде спорттан кетеді. Бұл – заңдылық. Мен менеджментпен айналысу туралы бұрыннан бері ойлап жүргенмін. Қазір сол мақсатыма жеттім. Бірақ бұл іс менікі ме, жоқ әлде басқа іске кетуім керек пе, әлі толық түсінген жоқпын. Мемлекеттік қызметтің қызығын енді ғана түсініп жатырмын. Жаттықтырушылықпен айналысып жүрген жоқпын. Осы сәтті пайдаланып, мені қолдаған халыққа, сенім артқан басшыларыма алғыс айтамын», - деді ол.

Ол спортшы балаларға жаттықтырушы болмаудың себебін сұрағанда, үздіксіз спорттың денсаулыққа зиян тигізетінін айтты.

«24 жыл спорт залында ауыр темір көтеру оңай емес. Әрине, балаларға ұстаз болу – кез келген спортшының арманы. Менің жағдайымда үзіліс қажет болды. Мен әлі жаспын. Қырық жасқа келгенде көре жатармын. 50 баланы алып, олардан чемпион жасау – өте ауыр жұмыс. Ол менің көз алдымнан өтті. Бұл – мемлекеттік қызметкер болудан да жауапты іс», - деді ол.

Ильиннің айтуынша, қазіргі қызметінде оған балалар да, ата-аналар да, жаттықтырушылар да келеді. Олар әр түрлі жағдай айтып келеді.

«Көп жағдайда маған келушілер спортқа қолдау көрсету туралы жағдай айтты. Олар маған «Мұз айдыны» сарайының директоры деп емес, «чемпион Илья Ильин» деп келіп, түрлі сұрақтарын айтады. Қолымнан келгенше шешіп беруге тырысып жүрмін», - деді чемпион.

Илья Ильин басқарып отырған спорт сарайы бюджеттік мекемеге жатпайды. Директордың айтуынша, оқушылар сарайы олардан ғимаратты жалға алып отыр. Спорт кешені өз шығындарын өздері тапқан қаражаттан өтейді.

«Өз қаражатыңды басқару оңай екенін ұқтым. Егер біз толық мемлекеттік бюджет есебінен жұмыс істеген болсақ, бұл жұмыстың жүгі ауыр болар ма еді. Енді мемлекеттік қызметке келген маған қиын болатын еді. Мен әлі басқару саласында жас маманмын. Менің қазіргі әріптестерім – менің ұстаздарым. Қаржы саясатын мен емес, бұл салада 40 жылдық тәжірибесі бар әріптесім әрі ұстазым басқарады. Қаржы сұрақтарына келгенде сол кісімен ақылдасамын. Құжаттармен толық таныспай, қол қоймаймын», - деді директор.

Илья Ильин Қызылорда облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментімен тығыз байланыста екенін айтты. Олар «ашық бюджет» жобасы аясында бірлескен шаралар ұйымдастырады.

«Мен осы тақырыптағы семинарларға қатысып жүрмін. Мемлекеттің бюджеттің қайда жұмсалып жатқаны туралы арнайы сайт бар. Мен спортшы бола жүріп, жақсы табыс таптым. Шенеунік бола жүріп, табысты емес, нәтижені көбірек ойлаймын. Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы аз. Егер олардың еңбекақысын көбейтсе, меніңше, сыбайлас жемқорлық саны азаятын еді», - деді спортшы.

Қазір сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шаралары аясында «халық үніне құлақ асатын мемлекет» принципімен әкімдер немесе мемлекеттік қызметкерлер өзі мекемелеріндегі бірінші қабаттағы кабинетке түсіп, тіпті әйнектелген бөлмеге көшті. Бұл басшының халық алдында ашық жұмыс істеуін көрсетеді. Бұл ретте жас директор жоғары қабаттағы кабинетте отырса да, халық үшін «ашық басшы» екенін айтты.

«Менде әзірге әйнектелген бөлме жасайтын мүмкіндік жоқ. Бұл туралы ойламаппын. Жалпы, мен кабинетте отыратын басшы емеспін. Ғимарат ішінде жүремін. Кез келген кісіні қабылдаймын. Ашық сөйлесемін. Тығылмаймын. Қашпаймын. Қабылдауды ертеңге қалдыра бермеймін. Өзімді «халық үніне құлақ асып жүрген» шенеунік деп білемін», - деді ол.

Спорттағы жемқорлық туралы айта келе спортшы өз пікірімен бөлісті.

«Спортта жемқорлық бар. Кәсіби спортқа мемлекет қазынасынан қаражат бөлінеді. Бірақ мен сыбайлас жемқорлықпен бетпе бет кездескен жоқпын. Бірақ, жиі естимін. Тек спортта емес, қазір әлеуметтік желіде қазір жемқорлық фактілері туралы жаңалық тым көп. Әсіресе пандемия кезінде біз сыбайлас жемқорлықты көрдік. Сол жемқорлықтың салдарымен әлі күрес жүріп жатыр», - деді ол.

Спикер спорттағы жемқорлықтың түбі құлдырауға әкелетінін айтты.

«Спорт - қоғамның маңызды әлеуметтік салаларының бірі. Егер мұнда жемқорлық болса, жақсылыққа жеткізбейді. Сондықтан жемқорлықпен күрес шараларын қолдаймын. Және бұл іске тікелей араласамын», - деді Ильин.

Барлық жаңалықтар