• Басты
  • Іле Алатауы ұлттық паркіндегі экотуризмді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес құрылды
16 Маусым, 2020 10:10

Іле Алатауы ұлттық паркіндегі экотуризмді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес құрылды

Алматыда Іле Алатауы ұлттық паркіндегі экотуризмді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы өткізілді. Қоғамдық кеңес құрамына туристік ұйым, бизнес өкілдері, ғалымдар, спортшылар, экобелсенділер, қоғам қайраткерлері енгізілді, деп хабарлады Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

Іле Алатауы ұлттық паркіндегі экотуризмді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес құрылды

Отырысты Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев ашты.

"Екі апта ішінде экобелсенділермен, қоғамдық бірлестік өкілдерімен кездестім. Мен бәрін осы кеңес құрамына кіруге шақырған едім. Бүгінде 30 үміткердің ішінен түрлі саладан 19 адам іріктелді. Мемлекеттік орган өкілдері алынған жоқ, тек Алматы қаласы Экология департаменті директоры және мен ғана бармын", - деді Ерлан Нысанбаев.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінде ұлттық парктерде экотуризмді дамыту үрдіске енген. Іле Алатауы ұлттық паркіне де бұл жат емес. Сондықтан оны дамытуда америкалық даму моделі таңдалды. Бұл дегеніміз туристік аяқжолдар мен маршруттар салу.

"Біз бас жоспар әзірледік. Негізінен сапарлау орталықтарын құру көзделуде. 7 глэмпинг, кемпинг, этноауыл, автокеруен орны жоспарланып отыр. Біз негізінен күрделі іргетас салынбайтын нысандарға басымдық бермекпіз. Жұртшылық ұлттық парк экотуризмін дамытуға қатысуға құқылы. Біз бүгін осы жерде бас қосып, ұлттық паркте экотуризмді дамыту мәселесін талқыламақпыз. Мұндай кеңестер басқа да парктердің жанынан құрылады. Бірақ экотуризмді дамыту жөніндегі қоғамдық кеңес бөлек болуы керек", - деді Нысанбаев.

Қатысушылар типтік ереже жобасы мен қатысушылар тізімін талқылады. Конференцияға қатысушылар кеңес құрамынан мемлекеттік орган өкілдерін алып тастауды ұсынды. Ұсыныстардың барлығы қабылданды.

Барлық жаңалықтар