• Басты
  • ІІМ: Жамбыл облысындағы жарылыс және балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері

ІІМ: Жамбыл облысындағы жарылыс және балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері

31 Тамыз, 2021 11:53

ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз алаңында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі криминогендік жағдайларға және Жамбыл облысында болған жарылысқа тоқталып өтті. Сондай-ақ, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев жаңа оқу жылының басталуымен еліміздің жолдарында балалар саны артатынын атап өтті. Осы орайда, балалардың жолдағы қауіпсіздігі мәселесін баяндады, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Бір аптада елімізде 3393 қылмыс жасалды

Брифинг барысында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз бір аптаның ішінде орын алған криминогендік жағдай туралы айтты. Оның мәліметінше, бір апта ішінде Қазақстанда 3393 қылмыс жасалды,оның 2331-і тәулік ішінде ашылған.

«Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 6 кісі өлтіруді, 3 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді,5 қарақшылық, 37 тонау және 517 бөтен мүлікті ұрлау қылмысын ашты», - деді ол.

Ішкі істер министрлігі Жамбыл облысындағы жарылысқа пікір білдірді

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Жамбыл облысында болған жарылыс фактісінің толық және объективті тексеру мақсатында ІІМ орталық аппаратының тәжірибелі қызметкерлері қатарынан жедел-тергеу тобы құрылғанын айтып өтті.Оның мәлідеуінше, тергеу Қылмыстық Кодексінің 462-бабының 3-бөлігі (екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан оқ-дәрілермен және жарылғыш заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша жүргізіледі.

Сондай-ақ, шұғыл тергеу іс-шаралары, оның ішінде жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алу, сондай-ақ залалды анықтау үшін бүлінген объектілерді тексеру жүргізілетінін атап өттті. Тиісті сот сараптамалары тағайындалған.

«Оқиға орнында саперлер бригадасы, қызметтік-іздестіру иттері бар кинологтарды тарта отырып, іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 15 әскери қызметші мен құтқарушының денесі табылды», - деді Нұрділдә Ораз.

Оның дерегінше, қоғамдық тәртіпті сақтау және оқиғаның салдарын жою үшін 800-ден астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұлан сарбаздары, 113 арнайы техника, оның ішінде 54-і полиция департаментінен және 59-ы басқа мемлекеттік органдардан жұмылдырылған. Сонымен қатар, полиция төтенше жағдай орнына кіру жолдарын, соның ішінде теміржол жолдарын уақытша жауып, оқиға орнына медициналық жедел-жәрдем бригадаларын алып жүру ұйымдастырылған.

Ресми өкілдің мәлімдеуінше, төтенше жағдай ауданына жақын орналасқан Қайнар, Жібек жолы, Үшбұлақ елді мекендерінен 700-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілген. Сондай-ақ, пойыздың 2 350 жолаушысын автобустармен алып жүру ұйымдастырылды, халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, Байзақ ауылындағы №4 лицей мектебінде жергілікті атқарушы, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың қатысуымен жедел Штаб құрылғанын айтып өтті.

«Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен полиция қызметкерлері тәулік бойы патрульдеу жүргізеді. ТЖ орнындағы жедел жағдай тұрақты және құқық қорғау органдарының бақылауында», - деді», - дейді ресми өкіл.

Қарағанды ​​академиясында ҚР Конституциясы күніне орай халықаралық конференция өтті

Нұрділдә Ораз брифингте Қазақстан Республикасы ІІМ Б. Бейсеноватындағы Қарағанды ​​академиясында “Қазақстан Республикасының Конституциясы заңдылықтың кепілі ретінде: жүріп өткен жолын талдау мен қалыптастыру” атты халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция өткенін атап өтті. Аталған іс-шара Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай ұйымдастырылған. Жиынға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов, Конституциялық Кеңестің мүшесі Үнзила Шапақ, мемлекеттік органдардың, ведомстволық оқу орындарының өкілдері, жақын шетелдерден белгілі заңгер ғалымдар, Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы саласындағы мамандар қатысқан.

Оның атап өтуінше, елімізде тәуелсіздік жылдарында азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық қол сұғушылықтан қорғаудың жеткілікті тиімді жүйесі қалыптасқан. Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов жиында Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіруі үшін “2050-Стратегиясының” тарихи мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруда Конституцияның маңызды рөліне тоқталып өткенін атап өтті.

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі айуынша, Сәкен Сәрсенов негізгі заңның ережелерін басшылыққа ала отырып, біз қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштықты нығайтуға, жеке тұлғаның шығармашылық, интеллектуалдық және кәсіби әлеуетін жүзеге асыру үшін қажетті жағдайлар жасауға, әр адамның әл-ауқатын қамтамасыз ету екенін жеткізген. Сондай-ақ, азаматтардың қылмыстық және басқа да заңсыз қол сұғушылықтардан қауіпсіздігі үшін қажетті жағдай жасаудағы құқық қорғау органының рөліне тоқталып өткен.

«Ішкі істер министрлігі жаңа модельді полиция қызметкерін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде, ол үшін адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары оның барлық әрекеттері мен істерінде басымдыққа ие», – деген Сәкен Сәрсенов.

Сондай-ақ, ол ғылыми шара аясында құқық қорғау органдарының, конституциялық негіздердің және Қазақстандағы және әлемдегі жүйенің қазіргі жағдайы, сондай-ақ өзекті мәселелер бойынша азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету тұрғысынан сындарлы пікір алмасу болғанын жеткізген. Сонымен қатар, жиында конституционализм теориясы мен практикасының мәселелері талқыланған.

Нұрділдә Ораз жиында Қазақстан Республикасында полиция қызметіне парламенттік бақылау институтын дамыту мәселесі, билікті асыра пайдалану тәуекелінің жоғары болуына байланысты және осы салаға қатысатын азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуы мен қорғалуына кепілдік беру қажеттілігіне байланысты мәселелер үлкен қызығушылық тудырғанын атап өтті.Соның ішінде ғаламтордың қазіргі өмірде алатын орнын ескере отырып, цифрлық адам құқықтарын құқықтың жеке тобы ретінде бөліп шығару туралы бастама ұсынылған екен.Ғалымдардың сөзінше, бұл желідегі адам құқықтарын қорғаудың қажеттіліктерін жақсырақ жүйелендіруге және зерттеуге көмектеседі.

Сондай-ақ, конференция қорытындысы бойынша халықаралық қатынастар мен Қазақстан Республикасының салалық заңнамасы, сонымен қатар практикалық қызмет саласындағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсынымдар әзірленген.

«Абайла, балалар!» атты жедел алдын алу іс-шарасы

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең маңызды мәселе екенін атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, алдыңғы аптада «Абайла, балалар!» атты жедел алдын алу іс-шарасының басталғаны туралы айтылған болатын. Бүгінгі күні аталған іс-шараның 1-кезеңі бойынша атқарылған жұмысының қорытындысымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында қандай жұмыстар атқарылғанын ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиев баяндап берді.

Оның дерегінше, балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қашанда өзекті болып қала береді. Өкінішке орай, республика жолдарында болатын әрбір төртінші жол-көлік оқиғасы кәмелетке толмағандардың қатысуымен болып отырғанын атап өтті.

«Жыл басынан бері осындай жол-көлік оқиғаларында 90 бала қаза тауып, 1 860-сы жарақат алды», - Жандос Мұратәлиев.

Сондай-ақ, ол пандемия мен халықтың әлеуметтік оқшаулануында және мектеп оқушыларының көпшілігі қашықтан оқуға көшірілгенде жасөспірімдер арасындағы түсіндіру жұмыстары да төмендегенін атап өтті. Осыған орай, Ішкі істер министрлігі оқу жылы қарсаңында 23 тамыздан бастап балалардың жол-көлік жарақаттарының алдын алу мақсатында «Абайлаңыз – балалар!» республикалық жедел-профилактикалық шарасын өткізуде.

Жол жүрісін ұйымдастыру шаралары

Жандос Мұратәлиевтің айтуынша, аталған шара аясында білім беру мекемелері аумағындағы көше-жол тораптарының жұмыс күйін және жол жүрісін ұйымдастырудың техникалық құралдары зерттелуде. Соның ішінде, жол және коммуналдық қызмет өкілдерімен бірге жолға жақын орналасқан білім беру мекемелерінің аумағына 4 мыңнан астам тексеру жұмыстары жүргізілген.

«Тексеру нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерді жою үшін уәкілетті мекемелерге 2 мыңға жуық нұсқама берілді», - деді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасы.

Сонымен қатар, ол білім беру мекемелері жанында 2 мыңға жуық жол белгілері ауыстырылып, қайта орнатылғанын атап өтті.

«Мыңға жуық жаяу жүргіншілер өткелдері жабдықталды. Жыл басынан бастап 20 мың метр жаяу жүргіншілер жолдары салынды, 26 мың метр жолдар жасанды жарықтандырумен жабдықталды», - деді ол.

Оның мәліметінше, іс-шара басталғалы кәмелеттік жасқа толмағандардың қатысуымен болатын жол көлік оқиғаның себептері болып табылатын 18 мыңнан астам жол жүріс қағидасын бұзудың жолы кесілген. Сондай-ақ, ол жаңа оқу жылынан яғни 1 қыркүйектен бастап, білім беру мекемелерінің жанында полиция жасақтарының тығыздығы артатынын мәлімдеді.

«Жаңа оқу жылының басталуымен еліміздің жолдарында балалар саны артады.Осы орайда жол жүрісіне қатысушыларды барлық қағидаларды қатаң сақтауға және жолда қырағылықты жоғалтпауға шақырамыз», - деді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасы.
Барлық жаңалықтар