• Басты
  • ІІМ: Жалған вакцина паспорт иелерін анықтау мақсатында қандай жұмыс жүргізілуде

ІІМ: Жалған вакцина паспорт иелерін анықтау мақсатында қандай жұмыс жүргізілуде

19 Шілде, 2021 11:37

ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз алаңында Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбек елімізде бір аптада 3237 қылмыс жасалғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ковид-алаяқтардан сақтану, жалған вакцина паспорты мен ПТР-тесттер және пәтер ұрылары туралы айтып өтті. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

Бір аптада Қазақстанда 3237 қылмыс жасалды

Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбектің мәлімдеуінше, бір апта ішінде елімізде 3237 қылмыс жасалып, оның 2212 тәулік ішінде ашылған. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері ізін суытпай 8 кісі өлтіруді, 5 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 1 қарақшылық, 41 тонау және 505 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашқан.

ІІМ ковид-алаяқтардан сақтануға шақырады

Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбектің айтуынша, ІІМ интернет желісінде және әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде орналастырылатын жалған құжаттарды сату жөніндегі хабарландыруларды анықтайтын және пысықтайтын арнайы мониторингтік топтар құрған.

Аталған мониторинг нәтижелері бойынша полиция осындай 46 жарнаманы анықтаған. Онда белгілі бір сомаға жалған вакцина паспорттары немесе оң немесе теріс тест нәтижелері бар талдау нысандары ұсынылатынын мәлімдеді.

Оның сөзінше, осы ресурстарда Ресей Федерациясында, Украинада, Үндістанда және АҚШ аумағында сатылатын медициналық анықтамалар мен вакцинация сертификаттары туралы хабарландырулар таратылған.

«Ресей Федерациясында жалған сертификаттар 7-20 мың рубльге, ПТР-тесттен өткені немесе антиденелердің болуы туралы анықтама 550-ден 4,5 мың рубльге дейін бағаланады. Үндістан бойынша вакцинация туралы сертификаттар бес мың рупийден (шамамен 30 мың теңге) ұсынылады», - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Сонымен қатар, анықталған хабарландырулардан мамандар негізінен алдын ала төлем алуға бағытталған алаяқтық схемаларды жіті қадағалаған. Оның айтуынша, вакциналаудың 1-ші кезеңінен өткендігі туралы растау туралы хабарламаны алаяқтар мемлекеттік органдардың ресми ресурстарына жатпайтын бөгде пошта жәшіктерінен жібереді екен.

«Содан кейін, олар 2-кезең үшін алдын-ала төлемді талап етеді, содан соң жоғалып кетеді. Бірқатар жарияланымдарды тексеру барысында алаяқтардың шетелдік банктердің карталарын қолданғанын анықталды», - деді ол.

Сатушылар үнемі өзгеріп тұратын виртуалды телефон нөмірлерін жиі қолданатыны белгілі болған.

«Алданған адамдар құқық қорғау органдарына жүгінбейді, өйткені олар жалған құжаттарды сатып алу арқылы заңды бұзуға тырысады. Анықталған шетелдік ресурстар қазақстандық пайдаланушылардың қолжетімділігін бұғаттау үшін уәкілетті органға жібереді», - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбек осыған байланысты ІІМ азаматтарға қылмыстық процеске қатысушы болуға жол бермеуге және туыстары мен жақындарын осындай әрекеттерден қорғауға шақыратынын жеткізді.

Вакцина паспорттары мен ПТР-тесттерді қолдан жасау бойынша 65 қылмыстық іс қозғалған

Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбектің дерегінше, бір тәулік ішінде Қазақстанда коронавирустық инфекцияға оң ПТР-талдауы бар 5 648 науқас анықталған.

Сондай-ақ, барлық қабылданған шектеу шараларына қарамастан, бұл сан күн сайын артуда. Оның айтуынша, ІІМ-нің аса алаңдатарлық эпидемиологиялық жағдайын ескере отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы аурумен байланысты барлық қылмыстық көріністерге ерекше көңіл бөлінеді.

Соның ішінде, жалған ПТР тестілері мен вакцина паспорттарын қолдан жасау және пайдаланушыларды анықтау бағытындағы жұмыстар белсенді жүргізіліп жатырғанын айтып өтті.

Оның айтуынша, вакцинацияланбаған азаматтар коронавирустың таралуына жағдай жасап, басқаларға жұқтыру қаупін жоғарлайды. Тергеу бөлімшелерінің өндірісінде ПТР-тестілерді қолдан жасау, дайындау немесе өткізу бойынша Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша 42 қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде 39-ы ағымдағы жылы тіркелген.

«Вакцинация паспорттарын қолдан жасау фактілері бойынша ағымдағы жылы 23 қылмыстық іс тіркелді, тергеу жалғасуда. Қолдан жасалған құжаттардың саны және әрбір іс бойынша заңға қайшы әрекеттерге қатысушылардың саны да әр түрлі. Бұлар тергеу нәтижелері бойынша нақтыланады», - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Сонымен қатар, Ішкі істер органдары жалған ПТР-анықтамалар мен вакцина паспорттарын сату фактілерін анықтау бойынша түрлі жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр.

Жалған құжат жасағаны үшін төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылады

Соның ішінде, полиция қызметкерлері медициналық орталықтарды, емханаларды, вакцина алу пункттерін тексеруді жалғастыруда. ІІМ жалған құжат жасағаны үшін төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу көзделгенін еске салды.

Көші-қон заңнамасына қатысты 43 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген

Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбектің сөзінше, заңсыз көші-қон арналарын және заңсыз көші қонды ұйымтастырушылардың қызметін анықтау және жолын кесу бойынша жедел алдын-алу кезеңінің бірінші кезеңі өткізілген. Оны өткізуге көші-қон қызметі, криминалдық және әкімшілік полиция бөлімшелерінің 6 мыңға жуық қызметтері жұмылдырылған.

Оның дерегінше, соттардың шешімі бойынша елден 741 шетелдік шығарылып, 1730 адам қабылдау-тарату орындарына орналастырылған.

«Шетелдік жұмыс күшін тарту және пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 572 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көші-қон заңнамасына қатысты 43 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді», - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Оның мәліметінше, іздеуде жүрген 64 қылмыскер, оның ішінде 9 ТМД азаматы ұсталған. Сонымен қатар, еліміз бойынша 2,5 мың шетелдіктің көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін уақытша болу мерзімдері қысқартыл,ан.

Наркологиялық есепте 100 мыңға жуық азамат тұр

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюктің мәлімдеуінше, учаскелік полиция инспекторлары ішкі істер органдары жүйесіндегі көпфункционалды қызмет иелері болып табылады. Себебі олар халықтың көші-қоны саласындағы құқықтық тәртібін, жол қауіпсіздігін бақылауды, аумақтарды абаттандыруды, қоршаған ортаны қорғауды және басқа да көптеген мәселені қамтамасыз ететінін жеткізді.

Оның айтуынша, учаскелік инспекторлар қылмыстық іс жүргізуді жүзеге асыруға, әкімшілік құқық бұзушылықтардың 50-ден астам құрамы бойынша өз бетінше жаза қолдануға құқылы. Олар сотталған адамдардың, отбасылық тирандардың және басқа да маргиналды элементтердің қауіпті санаттарының мінез-құлқы мен өмір салтын бақылайды.

«Денсаулық сақтау органдарының алдында алкогольге тәуелді адамдарды мәжбүрлеп емдеу мәселелеріне бастамашылық етеді. Бүгінде наркологиялық есепте осындай 100 мыңға жуық азамат тұр. Өзінің функционалдық міндеттеріне байланысты ол халықпен міндетті және жеке байланыста болады», - деді Алексей Милюк.

Алексей Милюктің айтуынша, полиция қадамдық қолжетімділік қағидатының мақсатын іске асыруда маңызды рөл атқарады. Себебі, ауылдағы учаскелік полиция қызметкері полицияның, кейде мемлекеттік биліктің жалғыз өкілі болып есептеледі.

Учаскелік қызметкерлердің мәртебесі мен жалақысының өсуі

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк учаскелік полиция инспекторларының мәртебесі мен жалақысының артуы туралы айтты.

Ол өз сөзінде мемлекет басшысының учаскелік полиция инспекторларының мәртебесі мен танымалдығын арттыру жөніндегі тапсырмасын еске салып, учаскелік инспектордың мәртебесін көтеруді, оған тиімді жұмыс істеу үшін

Сонымен қатар, Алексей Милюк ағымдағы жылдың шілде айынан бастап учаскелік полиция қызметкеріне полиция атынан жеке және заңды тұлғаларға құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныстар енгізу және олардың орындалуын талап ету құқығы берілгенін хабарлады.

Оның айтуынша, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде жүруі, темекі өнімдерін пайдалануға тыйым салуы, әкімшілік қадағалауды бұзу және көлік құралдарының қозғалысына кедергі келтіру бойынша әкімшілік жазалар қолдану жөніндегі өкілеттіктері кеңейтілген.

«Бұл учаскелік инспекторға өз учаскесінде көбірек болуға, қандай да метериалға қол қою үшін басшылыққа баруға алаңдамауға мүмкіндік береді», - деді Алексей Милюк.

Сондай-ақ, ішкі резервтер есебінен ағымдағы жылдың шілде айынан бастап ауылдық учаскелік полиция инспекторлары үшін лауазымдарды кезең-кезеңімен енгізу басталған.

«Учаскелік инспекторлардың еңбекақысына ерекше көңіл бөлінеді. 2019 жылы учаскелік инспекторлардың жалақысы 20% - ға өсті, келесі жылдан бастап тағы да үштен бірге арттыру жоспарлануда», – деді А.Милюк.

Сонымен қатар ол 2019 жылдың шілдесінен бастап учаскелік инспекторларға тұрғын үйді жалға алу үшін өтемақы төленіп, ал 1 қаңтардан бастап бұл құқық олардың көмекшілеріне де берілетінін жеткізді.

Оның сөзінше, кадрларды іріктеу және орналастыру бойынша талаптар күшейтілген. Соның ішінде, учаскелік инспекторлар қызметін материалдық-техникалық жарақтандыру мәселелері шешілуде. Алдағы жылдары халық үшін ең қолайлы жерлерде жыл сайын 70-80 учаскелік полиция пункттерін салу жоспарланған.

«Ауылдық учаскелік жұмыс орындарының 30% - ға жуығы қызмет көрсетілетін учаскелерден шалғай орналасқанын ескере отырып, оларды оңтайлы көшіру туралы мәселе пысықталуда. Сонымен қатар, қолданыстағы стационарлық полиция бекеттерінің желісі кеңеюде», - деді Алексей Милюк.

Ол сөз соңында "102" арнайы мобильді қосымшасы пайдалануға берілгенін, оның көмегімен полицияға аудио және бейне қоңырау шалуға, сондай - ақ бұзушылықтар бойынша фото және бейне материалдарды жіберуге болатынын атап өтті.

Герман тарапымен Орталық Азиядағы зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу мәселелері талқыланды

Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбектің айтуынша, ІІМ-інде герман тарапымен Орталық Азиядағы зорлық зомбылық экстримизмімен алдын-алу мәселелері талқыланған.

Қазақстан Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров Қазақстандағы Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамы өкілдігінің басшысы Йорг Пуделькамен кездескен.

Оның айтуынша, кездесу барысында ІІМ-нің негізгі серіктесі болып табылатын “Орталық Азиядағы зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу” халықаралық жобасын іске асыру мәселелері талқыланған.

Сондай-ақ, тараптар осы жоба шеңберіндегі қазақстан-герман ынтымақтастығының перспективалары туралы пікір алмасып, қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша одан әрі өзара іс-қимылды нығайтуға дайын екендіктерін білдіргенін жеткізді.

Жыл басынан бері пәтер ұрлағаны үшін 2186 адам ұсталған

ҚР ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбектің жарты жылдық деректерді мәлімдеуінше, ұрлық 22,6% - ға нақтырақ 36842-ден 28534-ке дейін оның ішінде пәтер ұрлығының 25,7% - ға 8293-тен 6160-қа дейін төмендегенін жеткізді

«Жыл басынан бері пәтер ұрлағаны үшін 2186 адам, оның ішінде 110 қылмыстық топ ұсталды. Мысалы, 13 шілде күні Солтүстік Қазақстан облысында 8 пәтер ұрлығын жасаған өңірдің екі тұрғыны ұсталды», - деді ол.

Сонымен қатар, ол мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қылмыстық кодекске үй-жайға, қоймаға немесе көлік құралына заңсыз кіргені үшін жазалау бөлігінде өзгерістер енгізілгенін еске салды. Ұрлық жасағаны үшін қылмыскердің барлық мүлкі тәркіленіп, екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін күшейтілген.

Барлық жаңалықтар