• Басты
  • Жаңалықтар
  • ІІМ: Терроризм актілері туралы жалған хабарламаларды ашу және тергеу шаралары

ІІМ: Терроризм актілері туралы жалған хабарламаларды ашу және тергеу шаралары

20 Қыркүйек, 2021 12:08

Бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз алаңында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі криминогендік жағдайларға тоқталып өтті. Сондай-ақ, жиында ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Дархан Разуев терроризм актілері туралы көрінеу жалған хабарламаларды ашу және тергеу, олардың алдын алу шаралары туралы баян етті.Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

Терроризм актілері туралы жалған хабарламаларды ашу және тергеу

Жиында ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Дархан Разуев терроризм актілері туралы көрінеу жалған хабарламаларды ашу және тергеу, сондай-ақ олардың алдын алу шаралары туралы айтып берді.

Ол бұл қылмыстың қоғамға қауіптілігі соншалық, мұндай хабарлама түскен жағдайда адамдардың арасында үрей мен қорқыныш пайда болатынын атап өтті.Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың, кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысына едәуір кедергі келтіретінін жеткізді.

«Осындай жағдайда құқық қорғау органдары ең алдымен шынайы қауіптің болу мүмкіндігін ескере отырып, тиісті әрекет жасайды, адамдарды қауіпті болуы мүмкін аймақтардан эвакуацилауға мәжбүр болады», - деді Дархан Разуев.

Сонымен бірге ол осыған дейін болған барлық жағдайда жарылғыш заттар туралы ақпарат расталғанын атап өтті. Бұл өз кезегінде полиция, ұлттық қауіпсіздік органдарының, өртке қарсы қызмет және медициналық жедел жәрдем қызметінің күш-құралдарын босқа жұмсауға әкеп соғады.

«Біздің есептеуіміз бойынша осындай жалған шақырту бойынша бір рет шыққанның өзінде 200 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін қаражат жұмсалады. Ірі кәсіпорындардың жұмысы тоқтап қалғанда әрбір сағат сайын миллиондаған теңге зиян келеді», - деді ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, жүргізілген талдау нәтижесінде мұндай қоңырауларды адамдар еріккеннен, әзіл ретінде немесе мас күйде жасайтыны анықталған. Оның дерегінше, жалған хабарламалар бергені үшін сотталғандардың 48%- 55%-ға дейіні қылмыс жасаған сәтте қатты мас болғаны белгілі болған.

Сондай-ақ, ол жалған террористтердің әлеуметтік портретіне тоқталып өтті. Оның мәліметінше, барлық қылмыстың 88 %-ын жұмыссыздар жасаған.

«10 жылда– 450 адам немесе ұсталғандардың 592-сі яғни 76%-ы жұмыссыздар, тек 9 %-ын жұмыс істейтін азаматтар жасаған. Ал 3 %-ы мектеп оқушылары екені анықталды», - деді Дархан Разуев.

Сондай ақ, ол «әзілқойлардың» орташа жасы – 30 бен 49 жас арасындағы ересек адамдар екенін атап өтті. Олар жыл сайын осы санаттағы қылмыстың 55 %-ын жасағаны анықталған.

«Бірақ қаскөйлердің арасында 18 бен 29 жас аралығында жастар да кездеседі, олар 27 %-ды құрайды», - деді ол.

Жалған хабарлама беру тәсілдері

Дархан Разуев жалған хабарлама беру тәсілдері санаулы екенін атап өтті. Оның мәліметінше, 85 %-ға жуығы мобильді телефон арқылы хабарланғаны анықталған. Сондай-ақ, ол ақпараттық технологияның дамуына байланысты ғаламтор желісі арқылы да келіп түскен хабарламалар бар екенін атап өтті.

«Ондай фактілер 8% шамасында. Оларды ашу көбірек уақыт қажет етеді, алайда мұндай қылмыстар да жазасыз қалмайды. Мысалы, осы жылы Алматы қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері қалалық 34 мектепке электрондық поштамен жалған хабарлама таратқан жасөспірімді ұстады. Қазіргі уақытта тергеу жүргіліпі жатыр», - деді Дархан Разуев.

Жалған жарылғыш зат қойылатын объектілер

Сонымен қатар, ол жалған жарылғыш зат қойылатын объектілерге тоқталалып өтті. Оның сөзінше, олар көбінесе адамдар көп жиналатын орындар сауда үйлері, базар, дүкен, мемлекеттік органдар мен білім беру мекемелері, көлік инфрақұрылымының объектілері вокзал, әуежайға қойылатынын жеткізді.

Оның айтуынша, құқық қорғау органдарында мұндай қылмыстармен күресуге барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Сондай-ақ, заманауи техникалық құралдармен жабдықталған.

«Қоңырау шалған адам дауысын өзгертсе де, сим-картасы мен телефонын ауыстырса да, ол бәрібір табылады. Қылмыстардың 90 %-дан астамы ізі суымай кезекші тәулікте ашылды», - деді ол.

Оның дерегінше, соңғы он жылда осы санаттағы қылмыстар саны азайған. 2011 жылы 123 факті тіркелген болса, былтыр 50 факті тіркелген. Биыл 8 ай ішінде 52 қылмыстық іс тіркелген. Оның 28-і сотқа жолданған. Қазіргі уақытта 16 адамға қатысты үкім шығарылған.

«Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеу (бұл 14,5 млн. теңге) немесе осы көлемде түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қолданылады», - деді Дархан Разуев.

Сонымен қатар, ол осы қылмысты жасағаны үшін 14 жасқа толған жасөспірімдер де қылмыстық жауапқа тартылатынын атап өтті. Оның сөзінше, осындай хабарламаның кесірінен келтірілген барлық шығындар өтелуі тиіс.

«Мұндай әрекетті кәмелетке толмаған бала жасаған болса, шығынды ата-анасы өтейді.Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама – ол әзіл де, ермек теемес, бұл қылмыстық жазаланатын әрекет екенін тағы да естеріңізге салғым келеді», - деп түйіндеді Дархан Разуев.

Бір аптада елімізде 3190 қылмыс жасалды

Брифинг барысында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз бір аптаның ішінде орын алған криминогендік жағдай туралы айтты. Оның мәліметінше, бір апта ішінде Қазақстанда 3190 қылмыс жасалды,оның 2166 тәулік ішінде ашылған.             

«Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 7 кісі өлтіруді, 7 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 34 тонау және 457 бөтен мүлікті ұрлау қылмысын ашты», - деді ол.

Ішкі істер министрі азаматтарды қабылдаған

Нұрділдә Ораздың айтуынша, тікелей эфирде ведомство басшысына өңірлердегі тұрғындардан бейнебайланыс арқылы көптеген өтініштер түскен. Олар қылмыстық істерді тергеудің сапасы мен мерзімдерін сақтауға, жоғалғандарды іздеуге, көші-қон заңнамасы мен жұмысқа қабылдау мәселелеріне қатысты болған.Қабылдауға 2019 жылдың қазан айында Теміртау – Нұр-Сұлтан тас жолында жол апатынан қаза болған адамның анасы жазылған.

«Әйелдің айтуынша, тергеу мерзімі кешіктіріліп, іс бірнеше рет тоқтатылған екен. Зардап шеккен тарап тікелей Министрге жүгінуінен кейін министрліктің тергеушілері жүргізген қосымша тергеу ісі нәтижесінде сотқа жолдауға мүмкіндік туған. Қорытындысында жүргізушіні бас бостандығынан айыруға үкім шығарылған», - деді Нұрділдә Ораз.

Сондай-ақ, елорда тұрғыны АҚШ-та тұратын келінін құжаттау мәселесі бойынша өтініш білдірген. Ол Америка Құрама Штатындағы 27 жастағы келіні отбасы мүшесі ретінде уақытша тұратынын және жүктіліктің 9-шы айында екенін жеткізген. Олар Қазақстанның Нью-Йорк қаласындағы Бас консулдығына жүгінген кезде оған жаңа төлқұжат рәсімдеуден бас тартылған. Өйткені бойжеткен ҚР-ның шет елдердегі мекемелері арқылы жеке басын куәландыратын құжаттар рәсімдейтін санатқа кірмейді. Осы тұста, әлемдегі эпидемиологиялық жағдайды, Қазақстан азаматшасының жағдайын назарға ала отырып, ІІМ Қазақстанның АҚШ-тағы консулымен Нью-Йорк қаласындағы Бас консулдықта Өтінім рәсімдеу туралы уағдаластыққа қол жеткізген.

«Қабылдау соңында министр өтініш білдірушілерді әрбір айтылған іс мұқият зерделенетініне сендірді. Министрдің тапсырмасы бойынша қалалық және аудандық полиция бөлімдерінде азаматтар үшін 250-ден астам қабылдау бөлмесі ашылды, онда адамдар өз мәселелерін полиция ғимаратына бармай-ақ шешуге мүмкіндік алды », - деді Нұрділдә Ораз.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында ІІМ-де халықпен жұмыс істеудің және қоғаммен ашық диалогтың жаңа форматтары енгізілген. Осы тұста, полиция жұмысының «сервистік» форматы және тұрғындар үшін құқық қорғау органдарының «қолжетімділік» қағидаты енгізілуде.

Нұрділдә Ораз тұрғындардың мәселелерін шешудің маңызды тетіктерінің бірі – азаматтарды қабылдау екенін атап өтті. Сондықтан ІІМ мен өңірлердегі Полиция департаменттерінде апта сайын азаматтарды қабылдау өткізіледі. Оның дерегінше, жыл басынан бері министрлік басшылығы 300-ге жуық адамды қабылдаған.

«Министр азаматтардың өтініштерін қарау және мәселелерін шешу бойынша жұмыстар жалпы ішкі істер министрлігінің қызметін бағалау кезінде басты көрсеткіш болып табылады деп есептейді», - деді Нұрділдә Ораз.

«Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы

Нұрділдә Ораз әкімшілік полиция «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ тұрғындардың қауіпсіздігі мәселелерін зерделеуге және одан әрі шешуге бағытталғанын жеткізді. Оның айтуынша, учаскелік полиция инспекторлары операция кезінде бекітілген әкімшілік учаскелерде халықпен танысу, қару иелерін, ішкі істер органдарында есепте тұрған шетелдіктер мен азаматтарды тексеру үшін аулаларды және пәтерлерді аралап шығады. Сонымен қатар, проблемалық мәселелерді зерттеу және шешу үшін халықпен кездесулер өткізеді.

Оның дерегінше, іс-шараға 13 мыңнан астам қызметкер мен 1 мыңнан астам волонтер, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар мен мекемелердің өкілдері қатысқан. Алдын алу іс-шарасының 20 күнінде полиция қызметкерлері 900 мыңға жуық пәтер мен жеке үйлерді аралап, 55 мыңнан астам саяжай үйлері мен 14 мыңға жуық шаруа қожалықтарын, қыстақтарды аралаған.

«Жалға берілетін 13 мыңға жуық пәтер тексерілді. Мемлекеттік кірістер органдарында тіркеусіз тұрғын үйді жалға берудің 3 мыңға жуық фактісі анықталды», - деді Нұрділдә Ораз.

Сондай-ақ, тұрғылықты жері бойынша 33 мыңнан астам азаматтық қару иелері тексерілген. Нәтижесінде, атыс қаруын сақтау және алып жүру ережелерін бұзудың 500-ге жуық фактісі тіркелген. Операция басталғаннан бері полиция қызметкерлері 87 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың, оның ішінде 2 мыңға жуық ұсақ бұзақылықтың, тұрмыста 2 мыңнан астам құқық бұзушылықтың, 15 мыңнан астам көші-қон заңнамасын бұзудың жолын кескен.

Барлық жаңалықтар