• Басты
  • ІІМ-нің Жоғары оқу орнына түсу талаптары қандай

ІІМ-нің Жоғары оқу орнына түсу талаптары қандай

11 Мамыр, 2021 13:18

Бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз алаңында ҚР ІІМ Кадр саясаты департаментінің Ведомстволық білім беруді ұйымдастыру басқармасының бастығы Нұрышев Ақан Жақыпбекұлы Ішкі істер министрлігінің ЖОО-на оқуға түсу ережелері туралы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.



Брифинг барысында ведомствоның ресми өкілі Нұрділдә Ораз бір аптаның ішінде орын алған криминогендік жағдай туралы айтты. Оның мәлімдеуінше, бір апта ішінде Қазақстанда 2959 қылмыс жасалды, оның 1930-і тәулік ішінде ашылды.

«Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 9 кісі өлтіруді, 2 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 39 тонау және 503 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты», - деді ол.    

Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс Күнін мерекелеу қарсаңында ІІМ орталық аппаратының жеке құрамы үшін көрме, бірқатар әскери-патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылған.

Осы шарада сөз алған ҚР Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбеков Ұлы Отан соғысындағы солдаттар мен офицерлердің ерлігін еске алып, Құрметті ардагерлерге, бейбіт күнде құқық тәртібін сақтау жолында қызмет етіп жүргендерге алғысын білдірді. Ұлы Жеңісті ұлықтау арқылы қазіргі жастар мен одан кейінгі жас буынның бойындағы патриоттық сезімді шыңдау - киелі парызымыз. Жас ұрпақ соғыс көрмесін! - деп атап өтті ол.

Мұражай меңгерушісі Алмагүл Сатмағанбетова Кеңес Одағының Батыры жоғары атағына ие болған ардагер милиционерлердің ерліктері туралы айтып берді.

Отты жылдарда от кешкен батыр жауынгерлердің көпшілігі ішкі органдарында қызмет атқарғаны белгілі.

Мұражай қызметкерлері келушілердің назарына Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев сияқты батырлардың соғыс кезінде тұтынған заттары мен күнделіктерін, фотосуреттерін, жерлестеріміздің батылдығы мен ерлігін куәландыратын, архивте жатып әбден сарғайған құжаттарды ұсынды.

Сондай-ақ, көрмеге экспонаттық мұралар: атап айтқанда жауынгерлік тулар, ордендер мен медальдар, қару-жарақ коллекциялары мен әскери қызметшілердің заманауи формаларының үлгілері қойылды.

Нұрділдә Ораз айтқандай, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының аумағында бекіре тұқымдас балықтар мен олардың өнімдерін заңсыз өндіруге қарсы іс-қимыл аясында «Бекіре» жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілуде.

«Батыс өңірінің полиция департаменттері браконьерлік және балық пен балық өнімдерінің заңсыз айналымы фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша жедел-іздестіру және басқа да алдын алу іс-шараларын қолға алды. Аталған іс-шара 1 сәуірден бастап ҰҚК Шекара қызметімен, табиғатты қорғау прокуратурасымен, Кедендік бақылау және балық қорғау органдарымен бірлесіп өткізіле бастады», - деді Н.Ораз.

Операция басталған уақыттан 269 құқық бұзушылық анықталды. Соның ішінде заңсыз аулау, сатып алу және өткізу, 24 балық және балық өнімдерін тасымалдау фактісі тіркелді. Шара барысында 241 құқық бұзушы ұсталды. Олардан 18 тонна балық, соның ішінде 4 тоннадан астам бекіре тұқымдас балықтар, 200 балық аулау, оннан аса жүзу құралдары тәркіленді.

22 іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 225 адам әкімшілік жазаға тартылды. 10 миллионға жуық айыппұл салынды.

«Мысалы, Атырау облысының су полициясы қызметкерлері облыс орталығы тұрғынынан 247 дана немесе заңсыз ауланған бекіре тұқымдас балықтан бір тоннаға жуық балық тәркіледі. Қазіргі уақытта өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерін заңсыз пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп баянлдады ресми өкіл.

Брифингтің спикері Ақан Нұрышев болашақта Ішкі істер министрлігінде қызмет еткісі келетін талапкерлер үшін маңызды ақпараттармен бөлісті. Спикердің мәліметінше, ІІМ арнаулы оқу орындарына оқуға қабылдау қағидалары Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 26 қаңтардағы №77 бұйрығымен реттеледі.

«2020 жылы Кадр саясаты департаментімен аталған Қағидаларға профильдік пәнді таңдау және дене шынықтыру дайындығын бағалау бойынша өзгерістер енгізілді», - деді Ақан Нұрышев.

Оқу орындарына орта білімі бар, он алты жасқа толған, денсаулығы мен дене шынықтыру, білім деңгейі бойынша оларға жүктелген лауазымдық міндеттерді орындауға қабілетті Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.

Бакалавриат бағдарламасы бойынша, мемлекеттік білім беру тапсырысы Қарағанды академиясына – 250 адам.

Оқуға түсуге ниет білдірген азаматтар Қарағанды академиясына не болмаса тұрғылықты жері бойынша аумақтық ІІО кадр қызметтеріне өтініш береді.

Қарағанды академиясының ресми сайты арқылы электронды форматта өтініш беруге жол беріледі.

Өтінішке қоса:

1) жеке куәлігінің көшірмесі;

2) фотосуреттер;

3) өмірбаяны;

4) білімі туралы құжаттың көшірмесі ұсынылады.

Аумақтық ІІО және оқу орындарының кадр қызметтері оқуға кандидаттарды зерделеп, медициналық куәландыруға жолдама береді, арнайы тексеруден өткізіп, жеке істерін 1 шілдеге дейін ІІМ тиісті ЖОО-на жібереді.

Оқуға кандидаттар бастапқы медициналық куәландырудан 1 шілдеге дейін өтеді.

Оқуға кандидаттар ҰБТ-ні 5 шілдеге дейін тапсырады.

«ҰБТ келесі пәндер бойынша өтеді: Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және екі профильдік пән. Қарағанды академиясына оқуға түсетін абитуриент шығармашылық емтиханнан басқа кез келген екі профильдік пәнді таңдай алады.ҰБТ қорытындысы 50 баллдан кем болмауы тиіс, оның ішінде әр пәннен кем дегенде 5 балл болу қажет», - деп түсіндірді ол.

ҰБТ тапсырғаннан кейін абитуриенттер белгіленген мерзімдерде оқу орындарына келеді.

Оқуға қабылдауды комиссия үш кезеңмен жүзеге асырады:

1)        бірінші кезең – түпкілікті медициналық куәландыру;

2)        екінші кезең – абитуриенттердің дене шынықтыру даярлығын тексеру;

Бұл ұлдар және қыздар үшін,

100     метрге және 1000 (кросс) метрге жүгіру;

ұлдар үшін - биік белтемірге тартылу;

қыздар үшін - 1 минут ішінде арқаға жатып денені көтеру.

3)        үшінші кезең – абитуриенттер ҰБТ балдары, медициналық көрсеткіштері және дене шынықтыру даярлығының нәтижелері бойынша конкурсқа қатысып, оқуға қабылданады.

Оқуға іріктеу оқу-жаттығу лагерьлерінің базасында өткізіледі.

Барлық сұрақтарыңыз бойынша Нұр-Сұлтан қаласы, Тәуелсіздік көшесі, 1-үй ІІМ КСД-ның келесі телефондары бойынша хабарласуға болады:

72-26-01, 71-43-05.

ІІМ арнаулы оқу орындарына хош келдіңіздер!

«Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері», «Қазақстан Республикасының спорт шебері» спорттық біліктілігі бар және ІІМ арнаулы оқу орнының қабылдау комиссиясына оны растайтын құжаттар ұсынған кандидаттар дене шынықтыру бойынша іріктеуден босатылады.

Ал дене шынықтыру бойынша нормативтер тапсыру кезінде ешкімге жеңілдік берілмейді.

ІІМ арнаулы оқу орындарының курсанттары қатарына қабылдау конкурсын өткізу кезінде:

1) "Алтын белгі" белгісімен марапатталған адамдардың;

2) жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша

- халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдарымен марапатталған);

- халықаралық және республикалық конкурстардың және спорттық жарыстардың (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдарымен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңiмпаздарының;

- сондай-ақ өздерi таңдаған мамандықтар бойынша олимпиаданың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәнiне сәйкес келген жағдайда, жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша ағымдағы оқу жылында президенттік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстары (бiрiншi, екiншi және үшiншi дәрежелi дипломдарымен марапатталған) жеңiмпаздарының басым құқығы бар.

Барлық жаңалықтар