• Басты
  • ІІМ: Автокөлік ұрлаған 8 қылмыстық топ ұсталды

ІІМ: Автокөлік ұрлаған 8 қылмыстық топ ұсталды

23 Тамыз, 2021 11:42

ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз алаңында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі криминогендік жағдайларға тоқталып өтті. Сондай-ақ, криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов «Автомобиль» іс-шарасының аясында, 4 мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылып, аталған кезең ішінде 95 көлік ұрлығы ашылғанын мәлімдеді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Бір аптада елімізде 3311 қылмыс жасалды

Брифинг барысында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз бір аптаның ішінде орын алған криминогендік жағдай туралы айтты. Оның мәліметінше, бір апта ішінде Қазақстанда 3311 қылмыс жасалды,оның 2269-і тәулік ішінде ашылған.

«Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 5 кісі өлтіруді, 10 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 37 тонау және 528 бөтен мүлікті ұрлау қылмысын ашты», - деді ол.

Мемлекет басшысы «Қайсар-2021» оқу-жаттығуына барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Алматы облысындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланы бөлімшелерінің жауынгерлік және әдістемелік дайындық орталығында өткен «Қайсар-2021» жедел-тактикалық оқу-жаттығуына барды.

Нұрділдә Ораздың айтуынша, президентке ішкі істер министрі елдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауға әзірлігінің жәй-күйі туралы баяндап, қолданылатын әсери техникамен қару-жарақтың үлгілерін ұсынған.

Сондай-ақ, мемлекет басшысына арнайы бөлімше қызметкерлерінің көрсетілімдері көрсетілген. Жаттығу жүйелері скалодром, оқу орталығының мультимедиялық тирлері, сондай-ақ қызметкерлерді арнайы даярлау әлементтері мен көрнекі қойылымдар көрсетілген.

Мемлекет басшысы ішкі істер министрлігінің дағдарыстық жағдайларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша дайындығына оң баға берген. Ол полиция қызметкерлері мен әсерки қызметшілердің біліктілігін арттыру үшін озық халықаралық тәжірибені мұқият зерттеп қолдану қажеттігін атап өткен.

Балалардың жолдағы қауіпсіздігі

Нұрділдә Ораз балалардың жолдағы қауіпсіздігі маңызды әрі өзекті тақырып екенін тап өтті. Өкінішке қарай, еліміздегі әрбір төртінші жол-көлік оқиғасы кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалады екен.

Оның дерегінше, жыл басынан бері жол-көлік оқиғаларынан 90 бала қаза тауып, 1 860 бала жарақат алған. Пандемия және халықты әлеуметтік оқшаулау кезеңінде, оқушылардың көпшілігі қашықтан оқыту форматқа көшірілген кезде, жас ұрпақ арасында білім беру және құқықтық түсіндіру жұмысының көлемі де төмендеген.

«Осыған байланысты 23 тамыздан бастап оқу жылының басталуы қарсаңында Ішкі істер министрлігі «Назар аударыңыз - балалар!» іс-шарасын ұйымдастыруда», - деді Нұрділдә Ораз.

«Назар аударыңыз - балалар» іс-шарасы

Нұрділдә Ораз аталған іс-шара 2 кезеңнен яғни дайындық және негізгі кезеңнен тұратынын жеткізді. Дайындық кезеңі аясында білім беру мекемелерінің аумағына іргелес жерлерде көше-жол желісінің және жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарының жай-күйін зерттеу, ата-аналармен және мұғалімдермен жол қозғалысы қауіпсіздігі тақырыбында профилактикалық сабақ, дәріс өткізу жоспарланған.

Оның айтуынша, негізгі кезең балалармен тікелей жүргізіледі. Ол жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттауға және балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алуға бағытталған іс-шараларды қамтиды.

«Бұдан басқа, осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап оқу орындарына іргелес жерлерде полиция жасағы ұлғайтылады. Балалардың жолдардағы қауіпсіздігі көп жағдайда ата-аналарға байланысты екенін атап өткен жөн», - деді Нұрділдә Ораз.

Автокөлік ұрлаған 8 қылмыстық топ ұсталды

Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша министрлік 16-22 тамыз аралығында елде «Автокөлік» деген атаумен кең ауқымды жұмыс ұйымдастырған. Оған 5 мыңнан аса полиция қызметкері жұмылдырылған.Іс-шара аясында 110 автокөлік ұрланғаны анықталған. Оның ішінде, 25 ұрлық , 93 айдап кету ашылған.

Оның мәліметінше, 433 пост, оның ішінде көршілес елдермен шекаралас аудандарда 62 пост қойылды. 3 мыңнан астам көлік жөндеу орталығы, жекеменшік автошеберханалар, көлік тұрағы кооперативтері мен автотұрақтар тексерілген.

«Аталған жұмыстардың нәтижесінде ұрланған 5 көлік табылды. Автобөлшектер сататын орындарды тексеру барысында ұрланған көліктің бөлшектерін сатудың 16 дерегі тіркелді», - деді Қанат Нұрмағамбетов.

Оның мәлімдеуінше, ішкі сауда ережесін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК 204-1-бабымен 70 әкімшілік хаттама толтырылған. Іс-шара барысында 110 көлік ұрлаушы, оның ішінде 8 қылмыстық топ қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Көлік қауіпсіздігін сақтау үшін қарапайым қауіпсіздік ережелері:

- көліктің есігін ашық және оталдырулы күйде қалдырмау;

- көлікті түні бойы қоятын кезде гаражды немесе күзетілетін тұрақты пайдалану;

- көлікті ұрлыққа қарсы электрондық жүйелермен, соның ішінде ұрлыққа қарсы электрондық және механикалық құрылғылармен және GPS маяктарымен жабдықтау;

- автокөлік салонында құжаттар мен құнды заттарды қалдырмау;

- жеке тұлғалардан автокөлік сатып алғанда құқық белгілейтін құжаттарды беруді талап ету.

Қанат Нұрмағамбетов егер автокөлікті ұрлау немесе айдап әкету жасалғанын байқасаңыз, онда дереу жақын маңдағы полиция бөлімшесіне немесе «102» телефоны бойынша хабарлау керектігін ескертті.

 

 

Барлық жаңалықтар